Қажымұқан палуандықтан басқа тағы қандай өнерлер көрсеткен?
Қазақ балуандығының бірегей символына айналған Қажымұқанның баршаға мәлім – күрестен басқа да ғажап өнерлерімен де ел есінде қалғанын ұмытпау керек-ақ. Бұл жағынан ұлы балуанның жан-жақтылығы таң қалдырмай қоймайды.
Ел аузындағы сөздерге қарағанда, 1917 жылдан бастап, қаделі күреске түспегендіктен, Қажекең осындай ойындар көрсететін болған деседі:
1) Жалаңаш мойынға жуан темір орайды;
2) 15 пұттық рельске қырық кісіні мінгізіп жүгіріп кетеді;
3) Қырық пұт тасты жалаңаш кеудесіне қойып, екі балға мен кезек-кезек ұрғызып, бұздырады;
4) Шалқасынан жатып үстіне үлкен тақтай тастап, машина өткізеді, не жиырма-отыз атты кісіні шапқызып өткізеді;
5) Қырық кісіні арбаға салып сүйрейді;
6) 75 пұттық жүкті арқасынан салғызып, тік көтереді («Бабалар сөзі» жүзтомдығы).
«Ес білген кезімізден басымызға жастанып оқыған батырлар жырындағы Қобыланды, Алпамыс, Қамбар, Ер Тарғындар – қалың қолға қайыспай шабатын батыр әрі белдескеннің тізесін дірілдетіп, құтын қашыратын алып күш иелері. Сілекейіміз шұбырып, сан мәрте қайталап оқыған аңызға бергісіз жырлар тегіннен-тегін туған жоқ. Қарақыпшақ Қобыландының тікелей ұрпағы Қажымұқан атамыздың тау шайқаған құдіреті бұған айқын дәлел» деген-ді ұлтымыздың алыптық дәстүрі мен балуан бабалар өнегесі турасында қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров «Нар жолында жүк қалмас» атты шығармасында.
Марқұм айтпақшы, Мұқандай салмағы бел қайыстыратын, ұзындығы есік пен төрдей рельсті иығына салып, екі басына жиырма-жиырмадан қырық адамды мінгізіп көтеру – бүгінгі таңда өң түгілі түсімізге де кірмейтін керемет. Жуандығы таяқтай жұмыр темірді беліне белбеу қыла, арбадағы 25 адамды тісімен сүйрегенінен былай, ауырлығы – 2,5-3 центнер кесек тастарды кеудесіне қойғызып 20 келілік балғамен ұрғызып шағу деген голливудтың суперқаһармандық фильмдерінде ғана кездесетін фантастика.
Әсілінде, бұлар балуанның өле-өлгенше істеп кеткен жалпылама кереметшіліктері болса керек. Ал енді бұл тізімнен бөлек істерін ел естеліктеріне сүйеніп, өз оқиғасымен айтар болсақ, басқа өңірдегілерін айтпағанда, өмірінің соңғы 15 жылы өткен Отырардағы хикаяттардың өзі ол тақырыпты толық жабуға жеткілікті. Айталық, неміспен соғыс бітіп, жеңіс құрметіне үлкен той жасағанда, Түркістан, Шәуілдір – екі аудан халқының палуандарын құр күрестіре бермей, арқан тартыстырып, өзі де тартып жұртшылықты қызыққа батырғаны да айтылады (Баумыш Ерімбетұлының естелігі). Үстінен көлік өткізгені де қызық.
Тағы бірде күш атасының Шәуілдірде басқа емес, өзі ортаға тұрып, түйе тартыс жасағаны туралы да дерек бар. Сол оқиғаны көзбен көрген отырарлық Әшірбай Байғозыұлының естелігіне қарағанда, алаңға екі түйе әкелінеді. «Құйрығы үзіліп кетеді. Беліне арқан байлаңдар» депті Қажекең. Беліне жіп байланып, арқанның екі ұшы балуан қолына берілгесін, ол білегіне орап-орап алады. Екі жаққа қарап тұрған түйеге екі жігітті мінгізіпті де, «Ал, айда!» деп бұйырған-дүр. Жігіттер «Шүу-шүулеп» айдай жөнелді. Бишік сартылдап, түйе барқылдап әр бағытқа тарта бастайды. Жұрт балуан екіге жарылып кетердей үрейлена қарап қалады.
«Жігіттер түйені сабалады. Түйе байқұс барқылдап, шайқалақтап алға бірер аттады. Балуан білегі бұлтылдап қос түйені кейін қарай сүйрей шегіндіріп әкетті. Жайшылықта жайылып жатқан жуан қарын сыптай болып қарынға жабысып қалған. Балуан мен түйелер бірсыпыра тартысты. Ақыры алға адымдай түсіп қос түйені төрт-бес метр жерге сүйреп апарып тастады. «Уа, бәрекелде, балуан!» деп жұрт шулады» деп кейіннен еске алыпты осы сәтті куәгер ақсақал.
Өз кезегінде, бұл туралы кезінде «Қазақ үні» газетіне «Қажымұқанның хаты (Күш атасы туралы тың дерек, жаңа әңгімелер)» атауымен әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы Құлбек Ергөбектің де кеңінен толғағанын атап өту керек.
Келесі жолы палуанның Шәуілдірдің Арыс бойындағы базарда ауыр жүк көлігінің артынан көтеріп тұрып, доңғалағын шыр айналдырып жүргізбей қойғаны баяндалады. Мұны оңтүстік тарихының білгірі Әдхәм Шілтерханов өз еңбектерінің бірінде жергілікті прокурордың қысастығына ызамен жасағаны айтылады. Сол кезде шофер газды қанша аямай ышқынтқанымен, көлік сынық сүйем жылжи алмай, жұрт қыран-топан күлкіге қарық болып қалыпты.
Әрине, бұл жағынан өзіміз айта беретін Балуан Шолақтан Қажекеңнің бір айырмашылығы ат үсті ойындарға табын еместігі болса керек. Халық жадында да ондай естеліктер сақталмапты. Ал Шолақ болса, ол палуандығына қосымша, ат үстінде кәнігі цирк ойыншыларынша өнер көрсететін болыпты.
Мәселен, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаевқа сүйенсек, оның шауып бара жатқан атқа тұра ұмтылып, көз ілеспес жылдамдықпен мініп алып, ат үстінде түрегеліп, қаққан қазықтай қадалып тұра қалатыны бар көрінеді. Шапқан беті аттың бауырынан айналып, алқымын орап өтетіні де ертегіге бергісіз. Әңгімелердің бірінде Балуан Шолақтың қалың топ алдында атпен шауып келе жатқан бойы үстіндегі сырт киімін шешіп, жан-жағына лақтырып, сосын айылды ағытып, астындағы ер-тоқымды жерге тастайтыны баяндалады. Сөйтіп, жайдақ атпен шапқан бойда топ алдына келеді де, кері бұрылып, әлгінде әр жерге шашып кеткен әбзелдерді іліп алып, шауып келе жатқан беті атын ерттейді, киімдерін жинастырып, ат үстінде киінеді.
Жалпы, Ұлы Отан соғысы жылдарында балуанның майданға жіберген даңқты ұшағы – қазақ ұшқышы Қажытай Шалабаев жүз жиырма рет фашистердің үстінен шүйлігіп, бомбалаған ұшағының да күрес емес, жаңағы ат ойындарынан да басқаның бәрін қамтитын, сол заманның тілімен айтқанда, цирк ойындары арқылы жиналған қаржыға алынғанын атап өткен жөн. Бұл тізбекке көне балуандардың киелі жолымен бұрыннан келе жатқан дағдысына сәйкес күнгей елінің әр жерінде көтерген зіл батпан балуан тастарын қоса кетсек, картина тіптен, толымды бола түседі.
Міне, мұның бәрі Қажымұқанның күрескерліктен басқа атқарған күштік өнерлері! Біржағынан бұлар түсінікті де… осылай болмаса оның несі алып палуан дегендейін?!
Ал күш-қайратқа тән емес өнерлері, яки қасиеттері қандай болған?
Ескіден жеткен ескі сөз «палуанның сал-серілігі, әнші-ақындығы, сондай-ақ көріпкелдік қасиеті де болған» деп толғайды. Ол ол ма, Қажымұқанның қартайып бойынан күші кетіп, жасы жетпістен асқанда өз бойынан шығарып айтқан мынадай өлең жолдары бар:
Бір тас бар, Қояндыда балуан тас,
Жасымнан жыл он екі ай болдым мұңдас.
Сол тастай жұртта қалған мен жатырмын,
Қайран күш бір кеткен соң қайта қонбас.
Қайран күш бір кеткен соң қайта қонбас,
Қанша жыл болсаңдағы жақсы жолдас.
Туған жер, алтын бесік атамекен,
Сүймеген елін, жұртын жігіт оңбас.
Мұның мәнісі сол, Үш жүзге аты мәлім әнші Майра Уәлиқызы Қояндыда палуанды кездестіріп қалып, түйенің үлкендігіндей дәу қара тасты көрсетіп «Үйімнің маңын шаң басып кетті, мынау тастың орнына үй тіксем бе екен» депті. Сонда Қажымұқан Майраның күшін сынау үшін әдейі айтып тұрғанын түсініп: «Сынасаң сына Майра» деп жаңағы дәу қара тасты жұғын құрлы көрмей орнынан көтеріп, аударып тастайды (Қазақ даласының Батыры. Темірбек Қасымжанов). Мінекей, сол ақындығына бір азық болыпты.
Өлең дегеннен шығады, оңтүстік тарихының шежірешісі Әдхәм Шілтерхановтың шығармалары жинағының ІІІ томында оның суырып-салмалыққа да бейім болғанының дерегін табамыз. «Дариға қыз» сынды діни дастандардың біршоғырын жатқа білген деген де куәгерліктер бар.
Бірде сол Шәуілдірде отырып Қажымұқанның:
«Қазақта балуан бар ма менен асқан,
«Менмін» деген балуанның көңлін басқан.
Мұқанды қартайғанша топқа салып,
Әруағын көтере гөр, Қазақстан!» – деп өлеңдеткені де айтылады.
Сондай-ақ ол тағы да ескі дастаннан жылап отырып үзінді айтқан деседі: «Барт болып терледі, қызды. Көзінен әнтек жас ақты. Кәріліктің жеткені көрініп тұр. Балаша екі ернін ашып, ел алдында тағы да біраз өлең айтты. Соның бірі – Дариға қыздың Хәзірет Ғалымен күрескен жері» (Бабалар сөзі) деп куәлік беріпті бұл туралы замандастары.
Расында, Қажы балуанның басынан да Дариға қыздың оқиғасына ұқсас жағдай өткенін былайға жұрт біле бермейді. Сондықтан оның неге нақты қыз бен Әлінің күрескен жерін ерекшелеп айтты деуге болмайды.
Оның бүгінге жеткен ауызекі әңгімелерге қарағанда астары мынау екен:
Қажымұқанның алғашқы әйелі поляк қызы Надежда Николаевна Шаткова балуан әйел болған. Бұған Қажымұқан 1907 жылы Петерборда үйленген. Қажымұқанның өз сөзіне қарағанда, бұл кісімен балуан сол жылы жазда Петербордың бауында күресіп, жығып алған: «Оның қайраты Хәзіреті Ғали күресетін Дариғадан кем емес еді. Шартымыз – кім жықса, жығылған кісі соның дініне кірмек, оның үстіне бір-біріне тимек болады». Бұл күреске қыпшақтан Жаманшалов дейтін оқымысты, татардан: Яушиев, Опанаеев, Бақтеев, Жүнісов, Ғизатуллиндер барып қатысқан.
Бұл әйелмен Қажымұқан үш сағат күреседі. «Дін күресі болды», – деген Қажымұқан. Әйел жығылған кезде Жаманшалов қолынан ұстап, қазақша киім кигізеді, мұсылман қылады. Атын татардың әлгі миллионерлері «Фатима» деп қояды. Сол жерде үлкен той жасайды. Сол Фатимадан 1909 жылы Халиолла деген ұл туған-дүр.
Балуанның бір басына жетер тілі уытты әзілқойлығы да болған екен. Бұған Смайыл мен Жамал қайындарымен болған ел аузына іліккен күлкілі оқиғалары дәлел бола алады. Қауын-қарбыз еккен диқаншылығы, бала оқыған тәуіпшілігі өз алдына бөлек әңгіме. Мұның бәрін қасиеттілік демесек, қазіргі ғылым тілімен түсіндіру қиын.
Палуан өмірден озарын да 9 күн бұрын біліп, түсімде «табаным тоғыз жерінен тілініпті» деп айтқанындай, тамыздың 16-сы күні жан тапсырған. Ауыл-аймақ, жиылған жұрт палуанның өзі айтқан күні дүниеден озғанына қайран қалып, әулиелігіне куә болыпты.
Солай, біз «алып және күресші ғана» деп жүрген, белдескеннің белін сындырып, тірескеннің тізесін бүктірген белгілі Қажымұқанның беймәлім өнерлері мен қасиет-қырларының бір шоғыры осындай екен. Бұл әзірге біртіндеп санап шыққандағы азы ғана. Ел іші алтын кеніш, естелік пен мағлұмат қоймасы. Әлі де іздей түссек, жаңа деректердің табылары анық. Қанша дегенмен «Жігітке жеті өнер де аз» деген халықпыз ғой. Бұған таңдануға болмайды. Өйткені, бұл – дала тұлғаларына ғана тән заңдылық.
Отырарлық мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ