Ресми ұстанымға сәйкес, Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1871 жылы Ақмола аймағындағы Қараөткел ауылында туған. Кейбір зерттеулерде, оның сол Ақмоладағы Сарытерек деген жерде 1883 жылы, тағы бірінде 1886 жылы туғандығы айтылады. Жалпы, мұндай-мұндай өткен ғасырда жасаған барлық танымал азаматтардың басындағы кеп. Жазу-сызу, құжаттау кенже дамыған заманда сахара тұрғындары көшіп-қонып жүріп, төлқұжаттық мәліметтерге аса мән бермеген. Бірақ, жоғарыдағы фактілердің қай-қайсысын да талдап жату артық. Олардың әрқайсысының өз дәйектемелері бар және анық-қанығын анықтау болашақ зерттеушілердің үлесінде.
Әзіргі бір жаңалық – Отырар ауданының құрметті азаматы Нұрғали Сарыпбекұлының Қажымұқанның аталас туысы, арғы бабасы Сәдінің егізінің сыңары Шәдіден тарайтын Жолдасбек Тасжановқа (өз аузынан 1964 жылы жазып алған) сілтеме жасай отырып тарқатқан жаңа дерегі болып отыр. Ол кісінің «Қаратөбе» деген жерде Қажымұқан туылған» деген мақаласына («Отырар алқабы» аудандық қоғамдық-саяси газет, 4 қараша, 2011 жыл) қарағанда, балуан қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы аумағына қарасты Шілік өңірінің солтүстік-батыс беткейіндегі «Қаратөбе» деп аталатын елді мекенде дүниеге келген. Бұл күнде ол елдің орны ғана қалған. Заманында ол маңды (қазір де) Қыпшақтың «Ұзын» деп аталатын тармағынан тарайтын «Алтыбас» атасының ұрпақтары жайлапты. Міне, осындағы ескі қорымда Мұңайтпастың әкесі Ернақ (бұл кісінің шын аты «Ержан» деседі) атаның да мазары бар екен (Бұл кісі Кенесарыға айперен батырдың бірі ретінде еріп, қырғыз жақта қаза тапты деген де сөз барын айта кету керек).
«Бала кезімізде бұл қорымдар туралы «Ернақ» деген кісінің мазары, ол Қажымұқан атаның арғы аталары» деген сөзді қариялардың айтып қалатынын еститінбіз» дейді Н. Сарыпбекұлы. Сондай-ақ, осы ауылдың тумасы болып табылатын Нұрғали ауыл ақсақалдарынан оқулықтар мен кітаптарда жүрген «Қажымұқан терістік өңірде туылды» деген деректің мәнін сұрағанда, олардың: «Жаза берсін, ол далбаса, туыстары біз білеміз бе, сыртта жүргендер біле ме?» деп, Қажының қартайғанында оңтүстікті жағалауын «елім» деп келгенімен түсіндіргенін айтады.
Рас, Мұңайтпас та, Қажымұқанның да Ақмола өңірін жайлағаны шындық. Сол жақта өсіп-өнді, кәсіп қылып, өмір сүрді. «Ал бұл қалай болды?» дегенге келсек, олардың күнгейден солтүстікке қоныс аударуына ненің себеп болғаны турасында мынадай әңгіме бар екен:
Әлқисса, әлгінде айтып өткен Шілікті мекендеген «Алтыбас» руының Ахмет деген мықты бір биі болған көрінеді. Сол кездің билік иелерінде қазіргі тілмен айтқанда, оққағар ретінде жігіттер ұстайтын тәртіп болыпты. Кейде оларды барымтаға жұмсап, алыстан жылқы алдыртып та отырады екен. Өз кезегінде, оның сүйікті атын бағып, баптаушысы Мұңайтпас екен.
Сол шақта бұл маңнан онша қашық емес, Қаратаудың қойнауында, яғни, қазіргі Бәйдібек ауданы аумағында, Ысты руының «Тазша» аталарының биінің өте сұлу, керемет жүйрік, Қаракүрең айғыры болыпты. Бидің ол атын жақсы көретіні сондай, күндіз жылқышыларына бақтырып, түнде өзі күзеткен екен. Би қарулы, алып, балуан кісі болғандықтан, жүйрікке көңілі түскендердің ешқайсысы да оған батып бара алмайды. Ал, Ахмет би болса, «әйгілі Қаракүреңді қалай да алуым керек» деп, «Тазшаның» биіне шамасы келетін жігіт іздеп, ақырында қайраты зор Мұңайтпасты жұмсапты. Онда да жортуылға шығарып салып тұрып: «Тауға қарай жүре бер, жақындаған соң аттың басын қоя бер. Ат өзі бір жерге келгенде сәл аялдап пысқырынады. Сол кезде сен де тақымыңды қысып ұстап, шоқпарыңды дайындап отырсаң болды. Арғы жағын жағдайға қарап әрекет етерсің» деп тапсырыпты. Сондай-ақ, «Егер Қаракүреңді әкелсең, оған еріп келген үйірдің бәрі де сенікі де, Қаракүрең менікі болады» деп серттеседі.
Мұңайтпас бидің айтқандарын бұлжытпай орындап, көп ұзамай, түн ауанында тауға жақындап келе береді. Тұтқиылдан алып біреу мұның үстіне секіріп мініп алып, алыса кетеді және алқымынан алып, қылқындыра бастайды. Содан не керек, Мұңайтпас әбден күресіп, үстем түсіп, беймәлім қарсыласының қол-аяғын шырмап байлап, Қаракүрең бастаған үйірлі жылқыны Ахмет биге айдап әкеліп тастайды.
Артынан «Тазшаның» биі қуғындап келіп: «Із сенің ауылыңа алып келді. Сенен басқа ешкім алған жоқ. Үйірін алып қалсаң ризамын. Қаракүреңімді қайтар, болмаса екі елдің арасы бүлінеді» деп қасарысып тұрып алады. Ал, қыпшақ биі бет бақтырмай: «Мен ешкімді жібергенім жоқ, мен он сегіз жігіт ұстаймын. Ішінен танысаң қолынан ұста!» деп жігіттерін шақырады. Бірақ, қуғыншылар олардың ішінен ешкімді тани алмайды. «Басқаларын да көрсет» дейді. Сонда би: «Барлық жігіттерім осылар, мүмкін менің ат бағушы момақанымды танырсың» деп Мұңайтпасты шақырады. Би Мұңайтпасты бірден таниды.
Әшкере болған Ахмет би тағы да бұлтарып: «Мен ешкімді жіберген емеспін, бұл бұзақы өзі барған екен ғой. Екі елдің арасын бұзғысы келген сияқты. Бұған қырық дүре соғыңдар, елден аластап, қуыңдар» деп жігіттеріне бұйрық береді. Сол кезде «Тазшаның» биі орнынан тұрып, мойынына оралған орамалын шешіп: «Ахмет би, мынаны көрдің бе, қанталаған мойынымды. Бұл жігіт мені аяп, қол-аяғымды байлап тастап кетпей, өлтіріп кетуге де шамасы жетіп еді, нағыз жігіт екен. Күші менен де басым болды. Қаракүреңді үйірімен бір құдай алдында ризашылығыммен осы жігітке қалдырдым. Алла риза болсын» деп, Мұңайтпасқа алақанын жайып, батасын береді. Ел байқап қараса, «Тазша» балуанның мойны еті тілім-тілім болып, жарылып кеткен екен.
Ашуға мінген Мұңайтпас: «Кет дегенде ит те кетеді, қазақтың кең даласынан өзіме лайықты ел табылып қалар» деп, Қаракүреңнің алдына Мұқанын, артына әйелін мінгестіріп Арқадағы қыпшақтарды бетке алып, түнделетіп жүріп кетеді. Ертеңіне Ахмет би шарқ ұрып іздестірсе, Мұңайтпас ұшты-күйлі жоқ болып шығады. Оның Қараөткелге бет алғанын есітіп, «өлі-тірі болсын алып келіңдер» деп, артынан сайлаулы он қуғыншы жігітін жібереді. Олар оны Қаратаудан өтіп, Бетпаққа кіре-берісте қуып жетіп, аяқ-қолын байлап алып қайтпақ болады. Сол кезде қаһарына қатты мінген Мұңайтпас: «Сендердің қаруларың шоқпар болса, менің қаруым, міне, осы баланы сендер үшін тіктім» деп, Мұқанның сирағынан ұстап, атын тебіне, оларға қарсы шығады. Сол кезде жігіттер аяқтарын тартып, бата алмай, елге құр қол қайтқан екен. Ал бала Мұқан ол кезде екі жаста болыпты.
Тағы бір БАҚ бетінде «Жер жүзіне палуандықпен атын жайған… қазақтың Қажымұқаннан басқа кімі бар?» атауымен жарық көрген мақала дерегі былай дейді:
«Ресми деректерге жүгінсек, Қажымұқан 1871 жылы 12 тамызда Ақмоладағы Қараөткел дуанына қарасты Қоспа деген жерде дүниеге келген. Алайда палуанды «Оңтүстік Қазақстан топырағының тумасы» ретінде танитындар да бар. Бұған негіз болатын жайт – палуанның атасы Ернақ зиратының Отырар ауданы Шілік ауылындағы ескі қорымда жатқандығы және сол маңайда Ернақтың жайлауы деген жайлаудың болғандығы. Көнекөз қариялар Ернақтың баласы Мұңайтпастың Ақмола маңына қоныс аударуы ағайын арасындағы араздықтың салдары екендігін айтады. Бұл жөнінде палуанның ұлы Жанәбіл кезінде: «Шіліктегі Ақтөбе дейтін жерде Қызылшекпен деген қыпшақтар ауылы бар, түбіміз сол жақтан шықса керек. Әкеміз бір жасқа толар-толмаста ағайын арасында келіспеушілік туыпты. Мұңайтпас атамыз айтқанынан қайтпайтын бірбеткей адам екен. Ауылдағы ағайынға ренжіп қалған соң, «қыпшақтар тұратын Ақмолаға кетемін» деп жолға шығыпты. Соңынан қырық жігіт қуып барып, басу айтып: «Өкпеңді қой, елге қайт. Көшті кейін қайтар» десе: «Жарайды. Бірақ мына Қажымұқанымды жерге бір-ақ ұрып қарбызша жарамын. Сосын қайтамын» депті. Барған қырық жігіт: «Онда жолың болсын!» деп бата беріп, кері қайтыпты. Онда барған соң өкімет құжат берген, сөйтіп, сонда туылды деп жазылып кеткен» деген түсінік беріпті».
Енді өзі де Шіліктің тумасы, балуанның руласы, арқалы ақын Мұхтар Шахановтың «Құз басындағы аңшының зары» кітабындағы бұл туралы жазушы Шыңғыс Айтматовқа баяндауына қарайық: «Қажекеңнің төлқұжатында туған жері Ақмола облысы деп көрсетілгені болмаса, негізгі кіндік қаны тамған топырақ – Отырар ауданының Ақтөбе ауылы. Бұған қатысты деректі ауыл ақсақалдарынан жазып алған, оңтүстік өлкесіне белгілі тарихшы, сазгер Мұхамеджан Рүстемов былайша әңгімелеп отырар еді» деп Мұхтар ақын, жерлес тарихшыға сілтей отырып бүй деген:
«Қажымұқан дүниеге келгеннен кейін әкесі ағайындарымен араздасып қалып, суыт ірге көтеріп, ауылдан көшеді. Мұңайтпастың қайтпайтын қайсар мінезін білетін қариялар атқан қонып, соңынан қуса, көш Созаққа барып қалған екен. Бұлар айғай салып:
– Кері қайт, жарқыным, бөлініп-жарылмайық. Бір өкпеңді бізге қи, – дескен екен. Сонда ашынған Мұңайтпас кішкене Қажымұқанды борбайынан ұстап, көтеріп тұрып:
– Қалыңдар! Енді жақындасаңдар, осы баланы сендерге шоқпар етіп жұмсаймын, – депті.
Мұңайтпастың бет алған жағынан қайтпасын сезген ағайындары:
– Жарайды, қайда жүрсең де аман болғайсың, – деп шарасыздан ат басын кері бұрыпты. Мұңайтпас көшін алысқа тартып, сонау Ақмола жеріне тоқтап, түбегейлі қоныстанып қалған. Негізгі құжаттарда Қажекеңді Ақмола жерінде туды дейтіні сондықтан».
Жазушы Бексұлтан Нұржекұлы да «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік». (Құраст. М. Қайырғали. – Алматы: «АСА» баспа үйі ЖШС, 2012. – 464 б.) жинағында: «Өмірде шындықтан гөрі өтіріктің өтімді келетіні белгілі. Қазір қашан екені дәл есімде жоқ, Сәукең – Сәуірбек Бақбергенов ағамыз – Қажымұқанның ата-бабасының да, өзінің де оңтүстікте туғанын айтып беріп еді. Арқаға кейін барған деп еді. Және дәлелмен айтып еді» деп естелік таратқанын қайда қоямыз? Мұндай-мұндайды көптеп санамалап келтіруге болады.
Аталмыш версияларда қаншалықты шындықтың үлесі бар? Аңызы қайсы, ақиқаты қайсы, айыру қиын. Астана маңындағы қыпшақтардың да палуанның өмір тарихын өздеріне жақын етіп дәлелдер келтіруі орынды-ақ. Қартайғанында түстікке тартып кеткен балуанның бұл қылығын: «Қараспан тауын жайлаған, қалың қыпшақ ел едік» деген жыр жолдарын тілге тиек ете, «Арыс бойы – қыпшақтардың ежелгі мекені. Бабалар жұртына келді» деп түсіндіреді.
Енді мұнда да логика баршылық. Бір зерттеуші айтқандай, Қажымұқанның нақты қайда туғаны жөнінде әлі түпкілікті байлам жасалған жоқ. Бірақ бір қисынға назар аудармасқа болмайды. Барлық деректерде дерлік ақ патша үкіметі құлағаннан кейін балуан әулетінің дағдарысқа тап болып, күйзелгені айтылады. Репрессия жылдары да коммунистердің оған ақ патшаның адамы, тақтан сый-сияпат алған адам ретінде сенімсіздікпен қарап, қудалауға ұшыратқаны белгілі. Сол себептен Қажымұқан үйреншікті мекенін тастап, елдің оңтүстігіне бас сауғалады. Балуан өмірінің соңғы кездерінің де қазіргі Түркістан атырабында, оның ішінде осы Отырарда өткені де бұлтартпас факт. Алайда жерленген жерінің Темірлан екендігі де айдан анық нәрсе.
Оңтүстіктің шежірешіл жазушысы Әдһам Шілтерхановтың «Қажымұқан тойы» еңбегінде «Шәуілдірдің Шымкентке қарай шыққан асфальт жолдың оң жағындағы Бұзықтөбе мен Ақтөбенің арасы қалың тал. Сары далада жасыл нуға бөленген бұл ерекше жер – «Темір» совхозының «Ақтөбе» бөлімшесі. Тұсынан өткенде ойыңа Қажымұқан түседі:
– Қажымұқан аталарың он бес жылдан астам өмірін осында өткізген» деймін қасымдағы балама.
– Онда неге Темірланға жерленген?
– Темірланға қойылғаны – дүниеден қайтар алдында сол жаққа көшіп барған» деп естелік айтуы көп ойға жетелемей қоймайды.
Не десе де, балуанның осы жақта қайтара үйленгені де, бірнеше ұлды болғаны да шындық. Бірақ бұл жақтан топырақ бұйырмапты. Кейбір дерекке қарағанда (ұзақ пысықтауды қажет етеді) Қажекең де қатты қаламаған тәрізді. Сондағы өзі «сөз балуаны» есептеген Нұралы ақынның қасында жатуды әу бастан қалағандайын. Шәуілдірде жүріп «…бұл ауылдың қарттарын мен білемін. Мынау ата-бабалар қойылған жер тұрғанда, қала берді Арыстанбаб әулие тұрғанда, мені Нұралының жанына еш уақытта апармайды. Әбден ойландым. Ағайын менің әзір Темірланға көшуіме де келіспейді. Жас баладай әлдилеген осы аяулы, аса қымбат ағайынның көңіліне дақ салғым жоқ. Сондықтан олардың бәрін шәйға шақырамын. Шәй бергенде – «той» деп беремін» деп осы алқаптағы соңғы ұлы тойын өткізді» деген де сөз бар. Не деп болмас! Тағдырдың жазуы, балуанның асыл сүйегі қазір Темірлан елді мекенінде, үлкен жол бойында жатыр. Басында «менмұндалаған» алып күмбез тұр.
Айтып-айтпай не керек, оның мазараты Шілік-Ақтөбеде қалғанда, бұл да Қажекеңнің Арқада тумағанына кезекті бір дәйек болар ма еді?! Әсілінде, атам қазақ танымына салсақ, «Әрбір дүниеге келген адам шыр етіп туғанда, жаралған жерінің топырағы бұрқ ете қалады» деген бар емес пе? Кейін бұйырған ғұмырын жасап, дәм-тұзы таусылып, дүние салғанда, қай жердің топырағынан жаралса, сол жерге көмілмекші-дүр. Қазақтың өлген адам туралы «топырақ тартты» дейтіні, сөйтіп мола үстіне бір шым-шым топырақ салатыны да осыдан қалған рәсім көрінеді. Олай болса, ұлы балуан әруағы жай тапқан жерде Қажымұқан ауылдық округі мен мұражайының, асқақ рух естелікнамасының болуы заңды. Ағайындары мен ұрпақтарының да дені осы Темірлан мен күнгей атырапта тіршілік етуде. Бұл да тегіннен тегін болмаса керек. Аталмыш мәселені әлі де тарихшы-этнографтар, зерттеушілердің күн тәртібіне көтеріп, бір жақты қылғанының ел идеологиясы үшін қажеттілік екендігін де айта кеткен жөн.
Мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан Қалназаров