Оңтүстіктің шежіре жазушысы Әдһам Шілтерхановтың деректеріне қарағанда, Қажымұқан атамыздың он бес жылдан астам өмірі Отырарда өткен. Оның өзі «Қажымұқанның тойы» естелігінде, «Шәуілдірдің Шымкентке қарай шыққан асфальт жолдың оң жағындағы Бұзықтөбе мен Ақтөбенің арасы қалың тал. Сары далада жасыл нуға бөленген бұл ерекше жер – «Темір» совхозының «Ақтөбе» бөлімшесі. Тұсынан өткенде ойыңа Қажымұқан түседі» деп толғайды. Мұндағысы ұлы тұлғаның осы маңды «Ернақтай ата-бабамның қонысы» деп тапжылмай мекендеп отырғаны болса керек. Темірланға қойылғаны – дүниеден қайтар алдында сол жаққа бір себептермен көшіп барған. Ал оған дейін оның айбарлы дидарына тағдырдың жазуымен, бала, жас та болса отырарлық қос бірдей біртуар да талантты азаматқа жұғысу бұйырған екен.
Бұл палуанның өз атынан ұшақ жасату үшін ауыл-ауылды аралап, өнер көрсетіп, ақша жинап жүрген жылдар болса керек. Бірде ол қазіргі Төле би ауданының Қасқасуындағы колхозға келіп, ел жиып, ойын көрсетіпті. Ертеңді-кеш жұмыстан бел жазбай жүрген еңбеккерлер адам сенбес, саналуан өнерін тамашалап, бір жасап қалады. Сол ауылға әлдеқандай жұмыс бабымен орныққан бір шіліктік (Отырар ауданындағы елді мекен) руласы бар екен. Ойыны біткесін сол шаңыраққа түсіп, ол үйге жан-жақтан адам толып, азан да қазан болады. Шақырып келтіре алмайтын қадірлі мейманға арнап отағасы сүтін шай қатық етіп отырған жалғыз ешкісін сойып, шағын той етіп жібереді.
Төрді түгел толтыра, жамбастай жатып, балуан шайды ұзақ сораптапты. Екі самайдан тынымсыз құйылған терін дембіл-дембіл сүртіп отырған бет орамалының өзі дастархандай екен. Сонда шөккен нар құсап жатқан палуанның денесін қызық көріп, үстіне шығып алып, желкесінен қарнына, одан тізесіне секіріп, жартасқа ойнаған лақ секілді бір төрт-бес жасар бала тыным таппай қойыпты. Онысын жон арқасына шыбын жортқан ғұрлы көрмей, Қажекең кеңк-кеңк күліп қойып, шайды әрмен қарай сораптай беріпті. «Болатын бала екен» депті.
Сондағы қолды-аяққа тұрмаған асықтай бүлдіршін бала – «Мен де Қажымұқандай балуан боламын, бірақ поэзия балуаны боламын» деп лепестеген, болашақта қазақ елі, тілі мен ділінің тағдыры үшін отқа да, суға түскен ақын, драматург, қазақ шайырларының алыбы, қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Шаханов екен. Бұл туралы кейіннен, егде тартқан шағында Мұхтар ақын «Құз басындағы аңшының зары (Ғасыр айрығындағы сырласу)» диалог кітабында қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовқа лирикалық шегіністерімен мақтана баяндаған.
Ал жазушы Оразбек Бодықовтың «Шәмші Қалдаяқов туралы жыр» өмірнамалық естелігінде Вальс королінің Күш атасымен кездесуі өте әсерлі бейнеленген. «Бұл жерде кеңінен тарқататын тұс көп» десек те, оның ұзын-ырғасы былай болып келеді:
Шәуілдірдің шетіне жиналып, ән салатын кештердің бірінде әндетіп, билеп жүрген жастардың қасына таудай үлкен біреу келеді. Фардың жарығымен билеп жүрген жастар қараңғыдан шыға келген оны алғашқыда ертегінің жалғыз көзді дәуі екен деп қалып, қашуға да мұршалары болмай қалшиып тұрып қалғанда, әлгі дәу:
– Кеш жарық! – деп гүр еткенде, үрейлері ұшқан жастар дүр етіп, тым-тырақай қаша жөнелгендей болады. Кенет іштеріндегі бірінің «Уа, тоқтаңдар! Қорықпаңдар! Бұл Қажымұқан әкеміз!» деген даусы оларды жеткен жерлерінде кілт тоқтатып, біреулері – ойқастап, тағы біреулері – тайқақтап, біртіндеп, қайта жиналыпты. Игісі сол, олардың бәрі де Қажымұқанның осы маңдағы «Ақтөбе» колхозында 1938 жылдан бері тұратынын білетін көрінеді. Палуан сол жылы Ташкентте циркте өнер көрсетіп жүргенде қасындағы бір балуан «түрік шпионы» деп ұсталады. Тықыр өзіне де таянғанын сезген ол да бір түнде «елім қайдасың» деп, Шәуілдір маңындағы өзінің туған жері «Шілікке» тартып кетеді. Оның жағдайы Шілікте де айтарлықтай болмай, «Ақтөбеге» көшіп келсе керек. «Жастар күнде кешке ән айтып, би билейді» дегенді естіп, сол ауылынан түнделетіп келіп тұрған беті екен бұл. Өмірінде майпаздап сөйлеуді білмей өткен алып мәселені қабырғадан қойып:
– Өлең айтыңдар! – дегенде, бұл тұрғандардың бәрінің де үні шықпақ түгілі дымдары өшіп қалады.
Соны байқаған Қажымұқан:
– Жақында Темірланға көшемін. Қоштасып жүрмін, – дейді.
Оның бұл сөзінің мәнісін басқалар сезбегенмен, жас Шәмші дереу түсіне қояды. Жас шағын Сарыарқада, самал жел, салқын ауада өткізген балуан соңғы жылдары Шәуілдірде суармалы егіс ұлғайып, шыбын-шіркей көбейіп кеткеніне шыдай алмай да жүрген кезі екен. Ақмолаға кетейін десе, ол жақта ет жақыны жоқ Қажымұқан «ой, дүние-ай, кәрілік кімді жеңбеген, көз жұма кетсем, мұндағы жақындарым бірдеңе етіп көмер» деп, осы жақты қия алмай жүрген шағы екен дейді. Сонда да болса, жамбас орын ауыстырып, Темірланға көшуге бел байлаған кезі-дүр. Өз кезегінде, Қажының бұл жағдайын Шәмші әкесінен естіп жүрген де.
– Балуан ата, рұқсат етсеңіз, мен бір ән салып берейін, – деді Шәмші қорқыныштан тізесі дірілдеп тұрса да, даусы түзу шығып.
– Айт! – деп гүр етеді Қажымұқан.
Оның бұл даусынан осы жиынға егелеріне еріп келген үш-төрт ит құйрықтарын жымитып, қаша жөнелді. Қыздар жігіттердің артына тығылып, жігіттер кімді тасалауды білмей, сасқалақтап қалады. Не керек, Шәмші жұртты әбігерге түсіре бермей, «Екі жиренді» бастай жөнеледі. Әйтеуір, әнді жасқана бастаған Шәмші, біртіндеп екпіні үдеп, ең соңында мүлдем қанаттанып кетіпті.
Қажымұқан қатты риза болады.
– Кімнің баласысың? – дейді ол.
– Қалдаяқтың.
– Әнәпия де. «Қалдаяқ» деп жеңгелері-ақ атай берсін.
– Әнәпияның баласымын.
– Бәрекелді, – деп гүж етті балуан. – Әнді тастама. Бір жерден шыққалы тұр екенсің.
Жастайынан ерке өскен бұл ол сөзге ешқашан істемеген ісін істеп, балуанға тағзым етіпті. Қажымұқанның мақтау сөзін де өзіне берген батасы деп қабылдайды.
Жалпы, Отырар алқабында «жасымда Қажыекеңді көрдім, қолын алдым, әңгімесін тыңдадым» деп, онысын мақтаныш ететін кісілер өте көп және олардың дүрмегі әлі де үзілмеген. Мысалы, осы жолдардың авторы – Абылайхан Қалназаровтың, яғни менің нағашы әжем – Тіней ұрқы Жұпар Көшербайқызының жас келіншек шағында, бала көтере алмай, осының алдын екі әлдиі толғақ үстінде шетінегенде осы балуан бабамыздың Арыс жағасындағы Шәуілдір базарындағы бір өнер көрсетуінде көпшілік көзінше өтініп, батасын алып, ырымдап отырған жеріне аунағаны туралы нағашылар елінде зор әңгіме бар. Күш иесінің қасиеттілігі де, кейіннен шынымен де Жұпар апамыз бірнеше жылдан соң ұлды болып, атын – «Кәрімжан» деп қойған дейді. Бүгінде отырарлықтар құрметіне бөленіп, әулет ағасы, зейнеткер болып отырған сол Кәрімжан менің марқұм анам Мейрамкүл Қаныбекқызының ең үлкен ағасы, яғни менің де ең ұлы нағашым. Солай-солай!
Ал енді Қажы балуанның Қыдыр назарына тікелей іліккен екі талапты жанның кейін қандай биіктерді бағындырғанына бүкіл қазақ халқы куә. «Жақсыдан шарапат» дегендей, бір жүздесудің өзінде оларға да бір кие дарыды ма екен, кім білсін! Халықтың көне нанымы бойынша тірідей тілдеспек түгілі түсінде балуан көрсе де кереметтің болғаны, «құдай иді» деген сөз. Ертеңіне «Күш-қуатың, әл-қайратың артады» деп жорылған. Сондықтан да бәрі де мүмкін! Бір жағынан бұл Алаш құтының жеңімпаз батыр-палуандарда да болғанына кезекті бір дәлел.
Мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ