Бірде бір имам бауырымыз өзінің басынан өткен мына оқиғаны айтып берді:
«Бір жылы қажылық сапарына топ басшысы болып бардым. Сол сапарда мен басқарған топтың ішінде көптен бөлек іс жасап жүрген бір адам болды. Ол елден шыққаннан бері мазасыз, барлық нәрсеге риза емес: «Ұшақ та кешікті, кезек те көп, қонақ үй де дұрыс емес, тамақ та нашар», – деп наразы болып жүрді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Қажылық – ол Арафат» деген (Бухари, Муслим). Сол себепті Арафатқа шығардан бір күн бұрын ол кісіні шақырып алып:
– Аға, неге сабырлы болмайсыз? – дедім. Ол маған: «Бауырым, мен көп ақша төлеп келдім. Ел төрт мың доллар төлесе, мен алты мың доллар төлеп келдім. Ал сол қаражатқа лайық жағдай қайда? Қалай тынышталайын?!» – деді.
Мен: «Аға, Сіз сол алты мыңның есесіне қажылығыңызды дұрыс өтесеңіз, жәннат аласыз. Одан артық сыйлық бар ма? Ал адам Алланы еске алғанда ғана тыныштық табады», – дедім.
Содан кейін ол кісінің бұрынғыдай мазасызданып жүргенін байқамадым. Минадан келген соң үш күндей Меккеге тағы тоқтадық. Әлгі адам көрінбеген соң телефон соқсам: «Мен Қағбаның жанындамын, алаңдамандар», – деп жауап берді. Бәріміз аң-таңбыз.
Енді Мәдинаға жүреміз дегенде, әлгі кісі келіп, автобусқа мініп, менің жаныма жайғасты. Маған: «Бауырым, анау жолы айтқан сөзің маған қатты әсер етті. Негізінде, мен өте бай адаммын. Дүниенің төрт бұрышын араладым. Тыныштық тапқым келді, бірақ таба алмадым. Достарым қымбат итальяндық төсек ал, тыныштық табасың деген соң, оны да алдым, тыныштық таппадым… Мен тыныштықты тек Қағбаның жанынан таптым. Енді Алла нәсіп етсе, жыл сайын қажылыққа келіп тұрамын», – деді.
Әр жыл сайын қажылыққа бара жатып маған телефон соғады: «Бауырым, биыл қажылыққа бармайсың ба?» – деп сұрайды», – деп сөзін аяқтады.
Расында, Алла Тағала: «Біліңдер, жүректер тек қана Алланы еске алу арқылы жай табады» (Рағыд: 28), – деп бұйырғандай Жаратқан Иеміз баршамызға тыныштықты нәсіп етсін!
Қуат ҚАБДОЛДА