Әр мұсылманға өмірінде бір рет қажылыққа бару парыз. Ал Ұлы дала жұрты Исламның бес шартының біріне жататын мұның да орнын келтіріп отырғанын білеміз. Бұған аты тарихта қалған Құнанбай секілді қаншама қажылардың тізбегін мысал ретінде келтіруге болады. Әрине, қазіргі замандағыдай бірер сағатта ұшақпен ұшып жету емес, ерте кездері оның да жолы оңай болмағаны мәлім. Жер шалғай, жол бойы да шырғалаңды түрлі қауіп-қатерге толы. Ондай-ондайда қалтасы көтерген кісілер, әсіресе, жасы келген қариялар жанына жас та қайратты, жарамды жігіттерді ертуге тырысқан. Бұл ретте батыр-балуандарға тіптен жоғары сұраныс болғаны айтпаса да түсінікті.
Арафа тауында ақсақалды арқалаған
Арқа жерінде туған халқының құрметіне бөленген, ауыз толтырып айтар ардақты қажылар аз болмаған. Солардың бірі – руы Қылды Тарағай тармағынан шыққан Тіржан қажы Байғожаұлының «қажы» атануына қатысты қызық әңгіме бар. Ол кісі туралы жарық көрген мәліметтерге қарағанда, Тіржан мыңнан аса жылқы бітіп, қара мал, қой-ешкісі тұрған кезінде өз заманының айтулы тұлғалары Тынымбек, Шәкей билермен, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Науан Хазірет, Азнабай, Нығметжан, Тәшен байлармен, басқа да игі жақсылармен дәм-тұзы араласып, пікірлес болған адам көрінеді. Ел ардақтысы Ақан сері өте сыйлас болғандықтан, Тіржан қажы ауылында кейде апталап жатады екен.
Міне, осы Тіржанның діндарлығы хақында жерлесі Айдос Әбутәліпұлының хабарлауынша, өз өмірінде екі рет Меккеге қажылыққа барған кісі екен. Бірінші рет Жыланды болыстығына болыс сайланбай тұрып, жастау кезінде барса, екінші рет жасы ұлғайған шағында барған. Соңғы жолында өзімен көп жылдар жолдас болған, сөзге де, іске де шебер, әрі балуан Мәкібай деген кісіні бірге ала барып, ол да қажы атанып келеді («Арқа ажары»).
Сапарлары сәтті аяқталып, елге аман-сау оралғаннан кейін Тіржан қажы: «Мәкібайдың балуандығының да пайдасы тиді, Арафа тауында тас лақтырып, шаршап жүре алмай қалғанымда арқасына мінгізіп, жанымды сақтады ғой» деп ағынан жарыла әңгіме айтқан екен.
Қазақтың алашасы…
Алтай аймағында 1900-жылдары жасы жетпістен асқан Шәукебай қажылыққа бармақшы болады.
«Ағайын-жұрт Шәукеге «жасыңыз болса келіп қалды, сонау Меккеге қалай жетесіз?» десе, бұл «жанымда Қазақбай жүрсе, еш қауіп-қатер жоқ» деп жауап беріпті» деп сыр қылады алтайлықтар. Содан, бір қауым талапты момындар қажылыққа аттанады. «Қазақбай балуанның ол кезде он алтыға жасы толып, ел арасында «ер» деген атағы шыққан кезі» дейді: «Көшке ілесе алмай қалған түйені мойнына салып көтеріп, жылқының кісендерін бытырлатып үзгені, тағаларды алақанға салып, бір қысқанда сындырғаны дүйім елге тарап үлгерген болатын».
Қажылыққа баратындардың керуенге ілесіп сан алуан елдерді, сусыз шөлдерді басып, қиыншылықпен жететіні, тіптен ниеттілердің бұл сапарда өзара тіресетіні құпия емес. Жолшыбай бұларды бастап бара жатқан керуенбасы: «Жақын арада суық суы, саялы ағаштары бар бұлаққа жетеміз. Сол арадан тынығатын жер таңдаңдар» деп құлақтандырады.
Біраздан соң сары кұмның арасынан жап-жасыл кілемдей ағаштың басы мұнартып көрінеді. Қазақбай жүгіріп барып, бұлаққа жақын шынар ағашының астына алашасын жаяды да, кері кетеді. Адамдарын ертіп келсе, жаңағы жерге отыз шақты адам үлкен қалы кілем төсеп отырып алыпты. «Бұл біздің орын еді, мен белгілеп, алашамды жайып кеткем» деген Қазақбайға әлгілер «Өй, Самарқанның сары кілемі тұрғанда, қазақтың алашасына не жоқ?!» деп орындарынан қозғалмайды. Ашуланған Қазақбай кілемнің шетінен қос қолдап ұстап сілкігенде, әлгі отыз шақты адам үйме-жүйме болып бірінің үстіне бірі құлап, ойран-топыры шығыпты. Кілемдерін алуға мұршалары да келмей қаша жөнеліпті («Сен білесің бе?»). Осылайша, жол бойында тағы қаншама бәсекелі оқиғаларды бастан кешіп, бұл топ та бірі қалмай, елге қажы болып оралған-ды.
Жол тосқан қарақшылармен шайқас
Шымкенттік Махамбетсал Мырзалыдан жеткен баянға қарағанда, Әліпбек – руы Қоңырат, байлар-жандар Садықбек байдың баласы. Мыңға жақын қой, түйе, жылқы біткен бес ағайынды болыпты. Ескіше оқыған, 1904 жылы қырық жасында қасына жиырма шақты қарияларды ертіп, Меккеге қажылыққа бірге барып келген.
Ал ол сапардың басы-аяғы былай болған («Өмірдің өзі – есеп» кітабының 46-47-б.): Бірге барған сапарластары жастары біразға барып қалған қариялар екен. Ол кезде Сырдария губерниясы Қоқан хандығына қараған, солардан рұқсат-қағаз алып, пойызбен Украинаның Одесса қаласына барады-дүр. Сол жерде жылына екі-ақ рет жүретін үлкен кемеге билет алып, енді оның жолға шығуын бірнеше ай күтіп жатады. Ақыры күткен күн де жетіп, мінейін десе, «кеменің жүгі ауыр» деп, адамдардың көбін мінгізбей қояды. Кеме «Ал кеттік!» деп гудок шалып трап баспалдақтарын көтере бастағанда Әліпбек шалдарды қоржын-қосқалақтарымен бір-бірлеп кемедегі адамдардың үстіне лақтырып, соңында өзі де секіріп мініп кеткен екен.
Содан кеме ай жүзіп Жерорта теңізіне, одан Қызыл теңізге жетіп, Араб елдері жағалауына кідіреді. Аялдайтын жаға – айлақ жоқ болғандықтан, кеме жағаға 30-40 метр жетпей зәкір тастап тоқтайды. Әрі қарай адамдар жүктерін арқалап, суды кешіп өтуге мәжбүр болады.
Қажылыққа бара жатқандардың ең жасы да, қарулысы да болғандықтан, Әліпбек тағы да шалдарды қоржын-қосқалақтарымен бірге бір-бірлеп жағаға дейін алып өтіпті. Қып-қызыл құмды жағалауда араб кірекештері желмая мен түйеге мінгізіп ойлы-қырлы жерлермен алып жүреді.
Елден аттанарда: «Жол өте қауіпті: ұры-қары мен қанішер қарақшылар жолаушылардың ақшалары мен киімдерін тартып алып тонап, өздерін өлтіріп немесе айдалаға ас-сусыз, жалаңаш-жаяу тастап кетеді екен. Күннің ыстығында 45-50 градусқа дейін көтерілген аптап далада қалған адам шөлден бір күнге де жетпей өліп қалады» дегенді естіген, «әлдеқандай күн туар?» деп қоржынына шоқпарын, найза-қылышын салып ала кеткен. Өзі – өте қарулы, палуан, бойы екі метрге жақын кісі. Құлазыған құмда жол тосқан қарақшылардың шабуылына кездесіп, соғысып, қорғана жүріп аман-есен Меккеге де жетеді.
Сөйтіп, қажылықтың барлық зиярат-шарттарын атқарып, келген жолдарымен кері қайтып, жеті-сегіз ай дегенде аман-есен елге оралыпты.
Құрастырып, жинаған
мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ