Қажылық және қажылар туралы хикаялардың тоғызыншы топтамасы келіп жетіп отыр. Мархаба!
Сүзік ата
Сүзік ата кесенесі Сайрам ауылының оңтүстігіндегі Сүздік ата төбесінде орналасқан. Толық аты – Әзіреті Әлі Қожаұлы Әзіреті Мұстафақұл қожа. Бір жазбаларда Мұстафақұл Хани (Ғани) деп те жазылады. ХІІ ғасырда өмір сүрген. Ахмет Ясауидің қыздан туған жиен-немересі. Сайрамдағы шайық Мұсаның баласы. Ел арасына Қарашаш атанған, шын аты Айшаның ағасы. Сайрам қаласында өмір сүріп, осы жерде қайтыс болған. Мұстафақұл қожаның Сүзік ата деген лақап аты да ел арасында сақталған. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, бала кезінде үлкен бабасының қасында маужырап, момын болып, ұялыңқырап тұрады екен. Сонда Ахмет Ясауи немере-жиеніне сүйсініп: «Кел, шырағым, менің сүзігім!» деп шақырса, кейде еркелетіп, «Менің сүзігім» деп атайды екен. Сол бойы ел «Сүзік ата» атаған. Яғни, «Сүзік» сөзі қасы-көзінің сүзіліп, ізеттілік, инабаттылық, әдептілік сақтауына орай айтылған.
Тарихи деректерде Сүзік ата діни ғұлама кісі, Алланың әмірін, пайғамбардың жолын берік ұстанған. Ислам дінінің қазақ даласына тарауына зор еңбек сіңіріп, насихатшы болған. «Әз Әулиелер» кітабында намаз оқу, зекет беру, ораза ұстап, қажыға бару сияқты парыздарды орындаған деп жазылады. Сондай-ақ Ташкент қаласында да Сүзік ата кесенесі және мешіті бар. Бір зәулім көше сол әулие атымен аталады.
Сатыбалды ишанның туған жеріне оралуы
ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдары қажылықа барып қайтқан Сатыбалды ишан Сайрам қаласындағы мешітте имам, медреседе ұстаз болып қызмет атқарады. Жергілікті өзбек халқы оның лауазымына құрмет көрсетіп «Қыпшақ имам» деп атап кетеді.
Сайрамда қырық жылға жуық өмірін өткізген Сатыбалды ишан алдымен ру-тегі айтылатын заман кезінде өзбектердің айтуымен «Қыпшақ ишан» атанып, атақ-даңқы Қазығұрт, Сайрамнан асып, атажұртына да жетеді. Қыпшақ деген сөзді естіген оның руластары «Бұл кім өзі?» – деп, оның тегін білгілері келеді. Жетім қалып, жоғалып кеткен Сатыбалдының жетіліп, Сыр, Сайрам елінде осыншалық атаққа ие болғанына біреуі сенсе, бірі сенбейді. Дүрліккен ел не болса да оны тауып, ата-тегін сұрастырып, «шынымен елден кеткен бала болса, үйірге қосу әрекетін істейік» деп, іздеу салады. Сұрау салғанда Қыпшақ ишан бірде Ташкентте болса, бірде Шыршықта болып, оны іздеген адамдардың жолығу мүмкіндігі көпке дейін болмайды.
Сырттағы әйгілі Қыпшақты іздеу ісіне сол кездегі Торғай елінің төре басқармасы Сүлейменнің арнайы жасақталған адамдары мен тілмаш Сүйін Орысұлы деген азамат құлшына кіріседі. Оқыған, көзі ашық Сүйін сол кездің заңына сәйкес алдымен хат жібереді. Хат Ташкент өңірінде жүрген Сатыбалды қолына тиеді. Ол хатқа «Мен әкемнің қазасына бара жатырмын. Келген жерлеріңде ешқайда кетпей күтіңдер. Екі-үш күнде қайта ораламын», – деп, жауап жазады. Содан Сүйін мен Сатыбалды сол кездегі Түркістан өлкесінің орталығы Ташкент қаласында кездеседі. Сөйтіп, Сайрамдағы түбі торғайлық қазақты, ишан-діндарды Сүйін тілмаш ХІХ ғасырдың 70-80 жылдары Арғын-Қыпшақ елінің игі жақсыларының арнайы жұмсауымен «Елге дін, ислам ғылымын үйрететін адам керек», – деп, туған жеріне шақыртады: бір қызға үйлендіреді. Сөйтіп, ишан үш әйелінен (Өзбек қызы Ханиссадан соң, әйгілі Нұрақ қалпенің қызын алған екен) алты ұл, үш қыз көрген екен. Олардың бәрі оқымысты болыпты. Ал Файзолла есімді баласы атақты ақын болған деседі.
Ысқақ қажы
Ысқақ қажы Бәйбекұлы 1856 жылы туылып, 92 жасында 1948 жылы дүние салады. Оның қасиеті қажылық сапардан оралған соң көбірек білінген тәрізді.
Парызын өтеп елге қайтқасын ол туған-туысқандарының күнкөрерлік ауқаты болғандықтан, дүние ісіне, күнделікті күйбең тірлікке араласпай, біржола діни жолға ден қойған, діни білімін жетілдірудің амалын ойлаған. Ұзақ жылғы өмірі ел арасында өтіп, халыққа тигізген шарапаты арқасында ауыл ішінде ғана емес, аймаққа белгілі, қасиеті мол әулие адам ретінде танылады.
Қажының ел ішіндегі абыройының артуы Қазан төңкерісіне дейінгі елдің көшпелі өмір кешкен кезінде, ел арасында дәрігерлік көмектің атымен жоқ кезіне сәйкес келеді. Сол кездегі ел ішінде жиі кездесетін түрлі ауруларға, қарақұрт, шаян, жылан щаққан адамдарды дұға оқу арқылы тез сауықтырып жіберіп отырған. Ел ішінен тысқары жерлерден даңқын есітіп, айлап, апталап жүретін алыс жерлерден зарығып іздеп келген ауруларды да емдеп, дертіне шипа беріп, жазып қайтару арқылы әулиелігі аты алыс жерлерге тарап кеткен. Бұған қоса қажының көріпкел әулиелігі, өмірді алдын ала болжап отыруы сияқты қасиеті де болған. Қажы атын естіп, арнайы келе жатқан адамдардың қашан және қанша адам келетінін алдын ала біліп отыратын болған. Ондайда: «Ертең немесе арғы күні үш мүсәпір мейман келе жатыр. Үйлеріңді, дәмдеріңді даярлап отырыңдар» – деп келіндеріне ескертіп отырады екен.
Ел аузынан, шежірелерден жиған
Абылайхан Қалназаров