Қажылық және қажылар туралы хикаялардың жетінші топтамасы келіп жетіп отыр. Мархаба!
Қажы Бекташ әулие
«Перенделік кәсібі – тарихатқа кіруді Қожа Ахмет Ясауиден, басқа бір аңыз бойынша, Мұхаммед-Ханафиядан алды» делінетін атақты шайқы Лұқпан Перенде бірде шәкірті Бекташтың бөлмесі нұрға бөленіп тұрғанын көреді. Бақса, екі жағында екі адам оған Құран түсіртіп, бұл кіріп барғанда, ғайып болады. Лұқпан баладан: «Бұлар кімдер?» – деп сұраса, ол бірінің Әзіреті Пайғамбар, ал екіншісінің Әзіреті Әлі екендігін айтады.
Енді киелі кітаптар тағы бірде бала Бекташтың Лұқпаннаң сабақ алып отырғандағы кезекті кереметін былайша баяндайды:
Намаз уақыты келеді. Лұқпан шәкіртінен дәрет алу үшін су сұрайды. Бекташ ұстазына: «Бір сәт назар аударыныз, су ағар, сөйтіп тысқары шығуға қажеті де қалмас», – дейді. Ұстазы бұған құдіреті жетпейтіндігін айтқанда, Бекташ дереу Аллаға дұға қылады. Ұстаз Перенде «Әумин!» – дейді. Сол-ақ екен мектептің ортасынан сылдырлап су шығып, есікке қарай аға жөнеледі. Су ағып жатқан бұлақ басына жетеді, ол жерден әдемі сусам гүлдеп қоя береді.
Осы оқиғадан біршама уақыт өткен соң, Лұқпан қажылыққа барады. Арафатқа шығып, Құбылаға қараған сәтте Лұқпан шәкірттеріне: «Жарандар! Бұл күн – арафа күні. Қазір біздің елде тағамдар пісіріліп жатыр», – дейді. Бұл сөз Алланың құдіретімен Бекташқа мәлім болады. Дәл осы кезде шайқының үйінде де тамақ пісіріліп жатады. Бекташ бір табақ тағамды алып көзді ашып-жұмғанша Лұқпанға ұсынады. Лұқпан қажылықтан оралған соң, баланың кереметтерін жұртқа айтып, оған қажы атағын береді. Осы кезде Хорасан әулиелері Лұқпанды қажы болуымен құттықтауға келген болатын. Мектепте ағып жатқан суды көрген олар таң қалысып, мән-жайын сұрайды. Сонда Лұқпан: «Бұл керемет қажы Бекташтікі», – дейді де, оның бірнеше кереметін хорасандықтарға айтып береді.
Әжі Сапа әулие
Басына қойған белгісі мен қабірі Созақ ауылының орталығындағы қорымда. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда ескі Созақ қаласының бірнеше қақпасы болған, мәселен Құтырған қақпа, Мал қора қақпа. Әжі Сапа ата әулие ескі қаланың «Мал қора қақпасы» жағына жерленген.
Әулиенің азан шақырып қойған аты – Сапа. Қажылыққа барып келген соң Әжі Сапа аталып кетеді.
Ілгеріректе моласынан от шығып тұрады екен. Жаяудың жүйрігі көрінеді. Тіпті, қажылыққа жаяу барған деген сөз қалған. Жолаушыға ақ сапар беруші, түрлі сырқаттардың да шипагері.
Қасиет
Ақпатша заманында Торғай жерінен Дүйсен Тамшыұлы есімді белгілі адам бір топ кісімен қажылыққа барады. Ол жақта қажылық парыз салтын өтеу барысында руы Құттық Қыпшақ Шәкет деген кісі қайтыс болады. Марқұмды жолдастары сонда жерлейді.
Қажылар елге келген соң, мұның бәрін дүниенің бір қиырында, елде жатып көріп отырған Сатыбалды ишан Дүйсеннен жорта «Шәкет ағамызды қалай жерледіңіздер?» – деп сұрайды. Сонда Дүйсен: «Жерлеу кезінде өзіңіз де болған едіңіз ғой, жаназа кезінде алдыңғы сапта тұрдыңыз. Мұны неге сұрап отырсыз?» – дейді.
Әңгімені естіген жұрт қайран қалып, көпке дейін айтып жүріпті.
Дүйсен қажы да «әруағы асқан, қасиеті күшті діндар болған екен». Сатыбалды ишан екеуі өте сыйлас жандар болған деседі.
Батаның салмағы
Топыр қалпе Меккеге үш рет барып қайтқан қажы. Замандастары және Меккедегі қажылық кітабына жазатын орынның адамдары қажыны: «Топар қажы емес, ол Тұлпар қажы» депті деген сөз бар.
Топар қажыны үшінші рет жолға шығарып, ел адамдары қоштасатын болады. Ұзақ жол болғандықтан, бірін-бірі қия алмай тұрғанда, Топар қалпе: «Ал, ағайын, біреуің батаңды бер» депті. Қылжақбастың үлкен-кішісі болмайды ғой, өзінен үлкен кісі: «Қолыңды жай, осы барғаныңнан келме» депті де: «Ал, батаны біз бердік, енді мына қалған елге батаны өзің бер» деп қолдарын жаяды. Үлкеннің сөзін кеуіліне ауыр алып қалған ол былай депті:
– Не айтам, халқым, қалған ел аман болсын, бұрын туған бұрын өлсін, – депті де жолға шығыпты. Қажылықтан қайтып келгенде, әлгі қылжақбас үлкен кісінің жаназасының үстінен түскен екен. Содан Топардың кетерде айтқан әлгі батасы ел ішіне мәтел болып кетіпті.
Арыстанбаб ғимаратын жөндеген Ескендір қажы
Арыстанбабтың бұрынғы сағанасы өткен ғасырдың басында күтімнің жоқтығынан құлап бітуге айналады. Ол кезде оны тек Байшекей, Шешекей деген осы төңірекке аты әйгілі баукеспе екі ұры мекендепті. Сондықтан ол құжыраны «ұрылардың ұясы» деп, маңына ешкім жуымаған. «Егер оған білмей барып қалғандар болса, тоналып қайтатын я өздері де жоқ болатын» деп ақсақалдар естелік айтқан.
Түркістандағы Әзіреті Сұлтанның шырақшысы болып жүрген бір қасиетті қожаны бұл жағдай қатты ойландырды. Ақыры Ташкенттегі үкіметтен көмек әкеліп, ұрыларды қуып шығады. Халықтан қаражат та жинап, 1909 жылы Ташкенттен келген Ескендір қажы деген ұстаға ғимаратты қайта жөндеттіреді. Сөйтіп, ел білетін бүгінгі Арыстанбаб кесенесінің қалпы соның қолынан шығыпты дейді.
Ал әлгі қожа өзі өле-өлгенше осында бас шырақшы болып, денесі әулие қасына қойылады. Бүгінде Отырарда ол қожаның ұрпақтары – Нарымбет әулеті есен-сау жасап жатыр.
Ел аузынан, шежірелерден жиған
Абылайхан Қалназаров