Қажылық және қажылар туралы хикаялардың алтыншы топтамасы келіп жетіп отыр. Мархаба!
Отыз жеті рет жаяу қажылыққа барған
Әзіреті Қожа Ахмет Ясауи ұстаздары есімдерінің барлығы дерлік ел есінде. Олардың ішінде ең танымалы Арыстанбаб шайқы екені де мәлім. Бірақ оның алғашқы ұстазы ол емес. Бұл құрметті атақ иесі әйгілі ғұлама Ақ ата – Шахабиддин Испиджаби еді дейді бір деректер. Бүгінгі Сайрамның Ханкөпіріндегі кішкене кесене осы жауһар-асылдыкі екен.
Ясауидің онан кейінгі өмір жолында кезіктірген және бүкіл руханиятына бетбұрыс жасаған рухани ұстазы Арыстанбаб болса, ол дүниеден қайтқасын, жас әулиенің пір іздеп Бұқара барғаны жасырын емес.
Міне, сонда ол мұсылман әлеміне аты жайылған Жүсіп Хамаданиден ілім алып, шәкірттерінің бірі атанады. «Қожа Хамадани «Силсилаи Шарифте» тоғызыншы ұрпақтың пірі саналады» деп куәлік береді әулиелік кітаптар. Осы кісі туралы ел-жұрт «Отыз жеті рет жаяу қажылыққа барып, Құран Кәрімді мың рет қайталаған ишан болған» деп тағы айтады.
Кесененің ұстасы
Жаһангер Әмір Темірдің әу бастағы жоспары бойынша бүгінгі түркі-мұсылман әлемі құндылығының бірегейі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жер жүзінде теңдесіз болуға тиіс еді. Мұнаралы мешіт, күмбезді құрылысты көргендер «Құдай құдіретімен», «Әмір Темір әмірімен пайда болған» деп таң қалуы керек-тін.
Бірақ Әмір Темір ол мұратына жетпей, ертерек дүниеден қайтып, мешіт толық бітпей қалады.
Енді мына қызықты қара: Мешіт салушы шебер Қажы Құсайын Ширази деген мүслім көрінеді. Қазір де ғимараттың жоғарғы кенересін айналдыра құранның бесінші сүресінен алынған аят соңына «Шираздық ұста қажы Хусейн» деп жазылған.
Кейіннен Ғабдолла хан да құрылысты аяқтатпақ болып, ол да әлденеше әйгілі шеберлерді жұмылдырып он бес жылдай әрекеттенсе де, нәтиже шықпайды. Ол бастапқы сызбадан төрт есе кішірейтіп, биіктігін де жеткізе алмаған, күмбездерін де бүрістіріп жіберген. Әттегенайы сол, Әмір Темірдің өз көңіліндегі ғимарат іске асқанда, мешіт бұл күйінен сәулеттірек те дәулеттірек, кемінде екі есе зор болмақ екен.
Сапардағы қаза
Малахан ата Түркістанда бір аптаға созылатын қылует күндері мерекесіне белсене қатысып, түрлі дұғалар қасиетінің сырын білгендігімен танылған екен. Әкесі Құббы қожа үш рет қажылыққа сапар шексе, үшінші қажылықта ұлы Малахан мен үйінде қызмет еткен Анармет деген жігітті өзімен бірге алып кетеді. Үшеуі қажылық парыздарын орындап болғаннан соң, Құббы қожа бір қабірстанға келіп, екеуіне көр қаздырады. Көр дайын болған соң: «Ұлдарым, мұның іші өте салқын екен, мен осы жерде біраз демалып, екеуің ертең хабар алыңдар» – дейді. Екі ұл ертеңіне қабірде жансыз жатқан Құббы қожаны көріпті.
Меккедегі әңгіме
Бірде қарымен Бұхарада бірге оқыған бір кісі қажылық сапары кезінде Меккеде түркістандық азаматқа жолығып қалады. «Ниетің қабыл болсын! Сен Әбубәкір қарыны білемісің?» – дейді ол. «Білемін, аман-есен», – дейді түркістандық. «Ол мүмкін емес, Әбубәкір қарының алған білімі жер басып жүргізбесе керек, ол әлдеқашан «періште» болып ғарышқа ұшып кеткен шығар деуші едім. Әлде арақ ішіп кетті ме, әлде зинақорлық жолға түсті ме?» – дейді таңданып. «Жоқ, ондай жаман жолдан аман, бірақ келін-кепшік демей, көп көзінше ұятты сөзді айта беретіні бар», – депті түркістандық. «Е, онда түсіндім», – дейді әлгі кісі (Б.Нұржанов).
Ысқақ қажының көмегі
Ысқақ қажы діндар білімділігімен, көріпкел әулиелігімен ағайын арасында ғана емес, іргелес елдер мен алыс аймақтағы елдерге даңқы жайылған аса шарапатты адам болған.
Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға шақырылған ауыл азаматтары қажыға сәлем беріп, ол кісіден бата алып аттанады екен. Барған балаларына ақ батасын бере отырып: «Жаман шіркін уайымды қой, тарта бер, аман-есен елге ораласың» – дейді екен де, кейбіреулеріне: «Елін жаудан қорғау азаматқа Алланың ақ бұйрығы, ол жолда мерт болған азамат Алланың сүйген құлы, шаһит болады» – дейді екен. Осындай бір ауылдан аттанған азаматтардың «Елге қайтасың» дегендері қайтыпты да, «Бақилық боласың» дегендері шаһиттік сапарға кеткен екен.
Сол ауылдың Шубаев Күлеймен деген азаматы әскерге алынып, майданға аттанады. Бір күні әскер құрамына Дон өзенінің арғы бетіне түнде өтуге жарлық беріледі. Әскерлер киімшең, қолдарындағы қаруларымен суға түсіп малтиды. Сол құрамдағы Күлеймен суда әрі малтып, бері малтып, әбден шаршайды. Бір батып, бір шығып, суға кетуге айналады. Осы кезде астына ақ боз ат мінген, ақ сәлделі қажы бейнелі ақсақал көзіне елес беріп: «Балам шаршадың ғой, қолыңды оңға қарай тағы сермеші! Тағы, тағы бір сермеші!» – деген дауыс құлағына анық естіліп, қолын сермегенде, жағадағы ағаштың бұтағына қолы ілігіп, сол арқылы сүйретіліп жағаға шығады. Біраз жатып, жұтқан суын құсып, есін жинап, аман шыққан жолдастарына қосылған екен.
Сол ұрыста жаралы болып елге оралған Күлеймен үйіне келіп, амандығын білген соң, кідірмей қажыға барады. Сәлем-саулықтан соң: «Мен әскерден жаралы болып қайтқан Күлеймен деген балаңызбын ғой» – дегенде, қажы: «Сен жаман неме суға кетіп қала жаздап, атаңды қатты састырдың ғой» – депті. Күлеймен басқа сөзге бармай, қажыны құшақтап жылай беріпті.
Ел аузынан, шежірелерден жиған
Абылайхан Қалназаров