Қажылық және қажылар туралы хикаялардың бесінші топтамасы келіп жетіп отыр. Мархаба!
Түрік даласының ең алғашқы қажысы
Әйгілі Сыпыра жырау Тоқтамыс ханға Ер Едігені таныстырғанда:
«Оның арғы бабасын мен айтсам,
Шашты Әзіз деген нәрт еді.
Қағбада кырық жыл патшалық құрған мәрт еді», – деп жырлайды. Мұның мәні неде?
Ал «Әз әулиелер» жазбаларына қарағанда, оның жауабы былай:
Сыр, Қаратау бойына келген Ысқақ баб жергілікті халыққа мұсылман дінін ендіруде күш-зорлыққа бармай, оның орнына діни уағызды күшейтіп, насихат, иландыру арқылы елді өзіне қаратуға тырысады. Ислам дінін мойындағысы келмей, «бұл діннің қандай кереметі бар?» деп кері тартқандарға, Алланың құдіретін таныту үшін жергілікті тайпа басшысы Құмар бабаның ұлы Баба Түкті Шашты Әзізді тұтады. Баба Түкті Шашты Әзіз кейін Ысқақ бабтың бастауымен қажылыққа да барып, сол жақта көп жыл шайқылық еткен делінеді.
Тағы бір кітаптарда бұған қатысты бүй дейді:
Баба Түкті Шашты Әзіз Ысқақ бабтың замандасы, жасы кіші болса да ақыреттік жолдасы болған адам. Ислам дінін дала түріктеріне ендіруде сол елдің басшысы ретінде, көсемі ретінде Шашты Әзіз әулие үлкен еңбек сіңірген. Ол бұған дейін қылыштың жүзімен дүниені жаулап келе жатқан араб әскерлерін мәмілегерлік жолмен тосып, бейбітшілік арқылы жаңа дінді өз халқына ендіруші болып саналады. «Ысқақ бабтың алғашқы шәкірті, бүкіл түрік даласының ең алғашқы қажысы» деп те аталатыны содан.
«Қажы қари Мұхаммед Файзолла» деп ат қою
Сайрамдықтар арасында «Меккедегі құлшылықты көріп, рухы арқылы ондағы нәрселердің бәрін көріп отыратын әулиелердің бірі – Сатыбалды ишан» деген әңгімелер бар. Қасиетті Қағба тұрған Меккедегі киелі күштермен алыста жатып байланысатын ишанның көріпкелдік-сәуегейлік қасиеттері көзінің тірісінде-ақ аңызға айналып кетеді.
Ишан ата екінші рет қажылыққа барғанда Меккеде түс көреді. Түсінде әйелі босанып, ұл туған екен. Түсінің өңінде де келетінін білетін ишан елде қалған досы Дүйсен қажыға түсін баяндап, хат жазады. Хатында қажыда жүрген кезінде болған Алла Тағаланың сыйы, жақсылығы деп, ұлының атын «Қажы қари Мұхаммед Файзолла» деп қоюды өтінеді. Екінші перзенті Файзолла кейіннен еліне танымал ақын болыпты.
Шайқы Ахмет
«Ноғай ишан» деген атағы бар созақтық үлкен әулие Шайқы Ахмет Жамаладдинұлы екінші рет қажылыққа барар алдында әйелдерінің бірі Бибіғайша қолында қайтыс болыпты.
Оның сол қайтары алдында өз қойылуын болжауы турасында ел мынадай әңгімені айтады:
Шайқы қажылыққа кезекті аттанары алдында Ташкенге барып, сонда қатты науқастанып қалады. Мұны естіген туған-туыстары, мүридтері сонда жиналады. Алайда ол көптің күткеніндей емес, өзінің дүниеден өткелі жатқанын айтып ырзаласады. Онысымен қоймай, «Менің денем үш рет орын ауыстыратын шығар, әзірге «Аманат» деп денемді Ташкенге жерлеңіздер, негізгі жайым Созақта болар» депті. Айтқанындай, шайқы 1878 жылы 15 мамырда тас қалада қайтыс болып, сонда «Аманат» деп уақытша жерленеді. Кейіннен күзге қарай ағайындары, қалпелері сүйегін Созақтағы арнайы салынған мешіт-кесенеге әкеліп қояды.
Үшінші қойылуы 1930 жылы Кеңес өкіметінің мешітті клубқа айналдыруымен расқа шығады. Шолақ белсенділер шайқы ұрпақтарына «Мешіт енді клуб болады, аталарыңның қабірін не істесеңдер де өздерің біліңдер» дегесін, әзіретінің сүйегін Қаратаудың Қарақуыс деген жеріне жерлейді.
Аманат
Түркістаннан бір кісі Меккеге қажыға барыпты. Ол жақта қарымен Бұхара қаласында бірге оқыған адам кездесіп:
– Әбубәкір қарыны білесің бе? – деп сұрапты.
– Иә.
– Ол әлі тірі ме?
– Тірі.
– Онда мынау тәспіні менен сәлемдеме етіп апарып бер, – депті. Меккеге зиярат етуге барған кісі: «Не де болса бұл тәспі тегін болмады ғой», – дейді де, базарға барып, соған ұқсас тәспі сатып алады. Әлгі Меккеде берген тәспіні керемет көріп, оның бір тасын алып, жан қалтасының біріне, тәспінің өзін екінші қалтасына жасырып, елге оралып келіпті. Оның Меккеге кеткенінен қары хабардар екен. Әбубәкір оған жолығып:
– Маған Меккеде біреу сәлемдеме беріп жіберуі керек еді. Алып келдің бе? – деп сұрапты. Ол кісі:
– Міне, – деп базардан сатып алған тәспіні беріпті. Қары әрі-бері аударып қарапты да:
– Аманатқа неге қиянат жасайсың? Берген тәспісін әкел, – деп оны алдына лақтырып тастапты. Әлгі кісі отырған жерінде қозғалуға шамасы келмей, беті ұяттан қып-қызыл боп оттай жанып:
– Қареке, сізді сынайын деген едім, – деп күмілжіп қалтасынан тәспіні алып беріпті. Әбубәкір қары тәспіге қарап отырып:
– Бір тасы қайда кеткен? Орнына сал, – депті. Әлгі кісі екінші қалтасынан бір тасын алып, тәспіге салып, қарыға ұсыныпты.
– Жұрт енді сені қажы деп атайды. Қане сол қасиетің? Шопаққа ұқсайсың, – деп қарының өзі әлгі тасты алып, басқа жеріне келтіріп салыпты. Сөйтсе тәспінің әр тасына бір әріптен түсіріліп, Құранның қысқа аяты жазылыпты.
Ел аузынан, шежірелерден жиған
Абылайхан Қалназаров