Қажылық және қажылар туралы хикаялардың жаңа топтамасы келіп жетіп отыр. Мархаба!
Қажылықтағы қайырымды іс
Ертеректе қажылыққа барған түркістандық қазақтардың еліне ораларында бір қайырымды іс жасауы керек болады. Сол елдегі үлкен халифпен ақылдасқанда:
– Менің есігімде жүрген құлым бар. Өте білгір сынықшы, сатып алып, басына бостандық беріңдер. Сол үлкен жақсылық емес пе? – депті.
Қажылар оның басына бостандық әперіп, өздерімен бірге Түркістанға ала келіп, баспана беріп, қамқорлық жасаған.
Міне, сол сынықшы кейін елдің көп қажетіне жарайды. Тіптен, қазақ ішінде шәкірт тәрбиелеп, осы өнердің саһарада кеңінен тарауына мұрындық болады. Бірде ол аяқтан қалып, жүре алмаған жүкті ананы да амалдап аман алып қалып, бұл әйел есен-сау ұл босанады. Ол ұл ержеткесін қалмаққа да, қызылбасқа да қырғидай тиіп жеңген, Алты Алаштың әскерін бастаған түркі тарихындағы алапат баһадүр – қоңырат Алатау батыр еді.
Ескендір Мұңшының сопыны жұбатуы
Тәуекел хан заманында ел данасы Ескендір Мұңшыны іздеп келген сопы амандықтан соң, келген шаруасын айтады.
– Мынау қанды қырғын тоқтаса екен. Меккеге қажылыққа баруға ниеттенсем де, бара алмай жүрмін.
– Ұрысқа тоқтау бола ма?
Мұңшы қатуланып:
– Тәйт, налыма! Сабыр түбі – сары алтын. Қан да тоқтайды, су таусылса, су да ақпайды. Мұңайған мұңлы халыққа қуануды да бұйыртады. Асықпа, ниеттенсең жетесің, талаптансаң тойтарыс болар тосқауылдан да өтесің. Ел есін жинайтын күн алыс емес, – деп сөзінің соңын жібітіп, жұбатып шығарып салады.
Айтқандай, көп ұзамай бітім жасалып, жол ашылады.
Абайдың болашағын болжап, бата берген қажы
Жанқұтты Ботантайұлы яки Жақсы Жанқұтты Сарыарқаның оңтүстігінде жасап, әділдігімен аты шыққан би, асқан шешен. Оны ел-жұрт сол атыраптың бедел иесі – Шабанбай бидің тәрбиесін алып, батасын алған деседі.
Жанқұтты дәуренінде өз уақытының алыптары – Кұнанбай, Алшынбай, Құсбек төре сияқты айперендермен тығыз қарым-қатынаста болып, ел ісіне көп араласқан. Би туралы «бала Абайдың ұлы болашағын болжап, бата берген» деп те айтылады.
Ауыл молдасынан мұсылманша сауат ашып, Қарқаралы қаласындағы медресені бітіргені анық. Қолда бар деректерге қарағанда, ол шамамен 1850 және 1873 жылдары қажылыққа барып, соңғы сапарында Меккеде сүйегі қалады.
Отарбайдың ұялуы
Жағалбайлы Отарбай қажы бидай саудасының қызығына түсіп, келген қонақпен ісі болмайды екен. Қонақ мейманханада отыра береді де, байдың өзі далада біреуден бидай алып, біреуге бидай сатып, сапырылысып жататын әдет шығарыпты. Бұл әдет елге ерсі көріне бастапты.
Бір күні Есмағамбет келіп қонса, Отарбай өзінің ескі әдетін істеп, далада сабылып жүреді.
– Маған сарайдан таңдап, үш бидай әкеп бер, бірінен бірі үлкен болсын, – дейді байдың інісі Сейітжанға Есмағамбет.
Сейітжан айтқанындай үш бидай әкеп береді. Тамақ піскен кезде Отарбай үйге келеді. Сол кезде Есмағамбет:
– Атаңа рақмет, ақ бидай, Адам атаны бейіштен шығардың, – деп, төс қалтасына салады.
– Қасиетіңді… қызыл бидай, Отарбайды әлі күнге үйінде отырғызып қойдың, – деп, бидайды сөгіп, лақтырып жібереді.
Осыдан кейін Отарбай ұялып, өз әдетін түзепті.
Маңқыстау
Қазақта «Қажы әл-Хурмин» деген құрметті атаққа ие Маңқыстау шайыр өткен. Шамамен, ХІХ ғасырдың екінші жартысында дүниеге келген деген дерек бар. Туған, қайтыс болған жылдары белгісіз. Оның діни білім иесі болып медреселерде сабақ бергені айтылады. Елге де қадірлі, аса тақуа адам болса керек.
Шайырдың басқа ақындардан ерекше қасиеті діни дастандарды көп жырлауы екен. Зерттеушілер арасында «Ғазауат Сұлтан» дастанын шәкірттеріне жаттатып, сол арқылы оны өзге аймақтарға таратқан» деген де пікір басым. Тіптен, оның бұл жырды 1908 жылы Қазанда бастырғаны туралы да мәліметтер баршылық.
Артындағы ағайын ел «Бірнеше рет хажылық сапарға шығып, қасиетті Қағбаға тәуаб еткен» деп куәлік береді. Кітаптарға да солай басылған. Бірақ оның да нақты жыл-айы беймәлім. Кімдермен барғаны да айтылмайды. Бірақ әлденеше барып мұсылмандық парызын өтеп қайтқаны анық жайт.
Ел аузынан, шежірелерден жиған
Абылайхан Қалназаров