Қажылық және қажылар туралы келесі хикаялар легіне дайынсыз ба? Онда назар салыңыз…
Көз қажы
Баяғыда Әлтөбет руының бір кісісінің баласы болмапты. Бір күні бата алуға Шекшек Боқайды үйіне шақырады. Әйелі күйеуіне: «Қой сояйық» десе, күйеуі қойды қимай ешкі әкеп, Боқайдан бата сұрайды.
– Тақсыр, келініңіз ешкіні қомсынды, қой неге соймадық деп күйеуімен ұрсысып жатыр, – дейді.
Боқай:
– Бәлі, бұларға Өз, Көз деген екі ұл аз ба екен, – депті.
Кейін сол Көз – «Көз қажы» деген атқа ие болып, халқына қадірлі болған деседі. Қазір Жамбыл ауылының аумағында содан қалған «Көз» деген қыстақ бар.
Төле бидің бір қажыны даудан аман алып қалғаны туралы жыр
Бір адам құбыла жаққа бет алады,
Мал-мүлік тастап кетті жас баланы.
Қайтар деп айқай салып келе жатыр,
Тосыннан түйе қуған кез болады.
Қызғындап екпінімен келген түйе,
Қайтару беріп ешбір тоқтамады.
Бір көзі жазым болып, аса тиіп,
Осыған теңеймін деп қуалады.
Жөнелді бірі қуып, бірі қашып,
Бұлдырап неше түрлі белден асып.
Жүрейін деп тұрғанда қайықшыға,
Кез болды, өткізгін деп асып-сасып.
– Ширек ет қоң етіңнен кесіп берсең,
Мен сені өткізейін жолыңды ашып,
Сасқаннан беремін деп уәде қылды,
Өткізіп болғаннан соң жан ұшырды.
Амалдап түйе иесі ол да өтіп,
Екеуі қосылып ап ол да қуды.
Зар еңіреп, құстай ұшып келе жатыр,
Кез болып бәлелерге осы түрлі.
Бір биік ұзап қашып шықты тамға,
Артынан шықты қуып екі адам да.
Әкесін көлеңкеде бағып жатқан,
Бір жігіт отыр еді саябанда.
Сасқаннан тамнан ұшып құлап еді,
Ол да өлді, өзі нашар кәрі адам да.
Үшеулеп қуып жүріп ұстап алды,
Кез болды тосын бейнет, амал бар ма?
Біреуі көзіңді ойып аламын деп,
Біреуі қоңнан пышақ саламын деп.
Біреуі: – Кәрі атамды неге өлтірдің?
Сондай қып соямын, – деп, – әдемілеп.
Тұрғанда осы күйде мынау жағдай
Ойы жоқ аман-сау боп қаламын деп.
Қажы айтты: – Амалым жоқ көресіге,
Ерлерім, бір ауыз сөз бересің бе?
Үшеуің ынтымақпен ойласпасаң,
Үлессең, денем жетпес берешіге.
Армансыз не де болса боп өлейін,
Бір әділ барып өлтір төрешіге.
Ойланып үшеуі де қабыл алды,
Сойдалап Төле биге алып барды.
Қалдырмай жөн-жобасын, түрін айтып,
Бәрі де жай-жайына отырады.
Қалайық тамашалап бәрі барды,
Көрсек деп тамашасын жас пен кәрі.
Ойланып ары-бері көп толғанып,
Төле би мынандай деп сөз шығарды.
– Сөз тыңдағын, түйелі ер,
Қайтарам деп түйеңді,
Асамен ұрған қанша жер?
Оң көзі мен сол көзі,
Қай көзі, сірә, болды көр.
Сол асасы осы ма,
Қолыңа алып түрегел.
Басқа көзге тимесін,
Сол жағына дәл жібер.
Шыққанына бұл риза,
Шығарғанға сен риза.
Беріп-алыс ақың сол.
Майып болса басқа жақ,
Беремін жаза айыптап.
Орнына тұрған түйенің
Сен бейшара қабыл ап.
Түйеші тұрып ойланды,
Тисе, дұрыс, тимесе,
Жазым болса сау жағы…
Егер қадап ұрғанмен,
Шықпай қалса бұл тағы.
Кештім дейді түйеші,
Мақұл көріп қойған-ды.
Төле би айтты: – Қайықшы,
Сенікі кезек, құлақ сал.
Өткір қайрап пышақ ал,
Артық-кемі болмасын,
Ширек ет тура кесіп ал.
Таразыға тартамын,
Шығарасың дәлме-дәл.
Ауыр-жеңіл боп шықса,
Боласың тағы айыптар.
Өлсе құнсыз бұл адам,
Не қылсаң ол қыл, алып бар.
Қайықшы ойлап, бұл енді.
Тура шығу қиын-ды.
Онда да жаза береді,
Иә артық, иә кем келеді.
Сауап шығар, қайтейін,
Бір жалдаған кемені.
Менде кештім дейді енді.
Әкесі өлген жігіт бар,
Соған кезек келеді.
«Екеуі қуып өлген соң,
Өлтіруге төнген соң,
Тамына шыққан әуелі.
Қастық еткен жоқ шығар,
Сасқалақтап секіріп,
Әкеңе ажал келгені.
Тура жатқан жеріне,
Дәл жатқызып берейін.
Төбесінен қарғып түс,
Ұзын да болып сен енді.
Бұл өлсе, сірә, сұрау жоқ,
Өлсең өзің майып боп,
Пешенеңнен көр енді.
Ойланды толғап бұл да көп,
Қорққанда жан керек.
Шарам бар ма, қайтейін,
Әкем өлді жазым боп.
Шыға келді қойдым деп.
Құтқарған соң бәледен,
Қорқып қалған қажекең,
Қол қусырып Төлеге,
Жіберді жылап былай деп:
– Тап болған соң сорлы азапқа,
Сауап іздеп шығам деп.
Кезіктім әділетті төрешіге,
Болмаса көзім жеткен өлесіме.
Пидая малым түгіл бас садаға,
Бірақ еткен осы әділ төрешіге.
Құбылаға мұнан бұрын алты бардым,
Осымен жетінші боп келесіге.
Сауабына айырбастап жетеуінің,
Бір мәрте қайырына бересің бе?
Сонда Төле би былай деді:
– Қажеке-ау, мынау айтқан қате сөзің,
Таймадым әділеттен жастан өзім.
Пара деп, дуние деп істемедім,
Зорларды жонушы едім, бір мінезім.
Қалмаңыз жолыңыздан, енді рұқсат,
Бір ауыз Аллаһу Әкпар керек сөзің.
Ел аузынан, шежірелерден жиған
Абылайхан Қалназаров