Қажылық және қажылар туралы хикаялардың он алтыншы топтамасы келіп жетіп отыр. Мархаба!
Ойсылқара туралы
«Қазыналы оңтүстік» топтамасына қарағанда, араб елінің Иемен қаласының маңындағы Қаран деген жерде бір шаруаның үйінде Уайс есімді жас нәресте дүниеге келіпті. Дүниеге келмей, өмірдің дәмін татпай жатып алапес ауруына шалдыққан жас нәрестені әке-шешесі ары сүйреп, бері сүйреп қаратпаған жері қалмайды. Көрсеткен көріпкел бір тәуіп:
– Сендердің тілдерің Құдайға тиген. Алланың барлығына, оның құдіретіне шек келтіресіздер. Ол үшін жаратушы Жаппар Құдай сендердің күнәлеріңді мына балаға көрсетіп отыр. Алладан медет сұрап күнәларыңды кешіруін өтініңдер, – деп кеңес береді. Бірақ тәуіптің сөзін ділмәрлік деп ұққан олар айтқан кеңеске құлақ аспай баласын емдейтін емшіні іздеумен болды.
Арада бірнеше жылдар өтіп, Уайс ержетеді. Өз күнін көре алатын дәрежеге жеткенде, ауруы әке-шешесіне жұғып, науқастан қайтыс болады.
Әке-шешесін аққа орап, арулап қойған Уайс әке-шешесінің күнәсін кешіруі үшін, аурудың зардабынан құтқару үшін құлшылық жасап, Құдайдың адал ақ жолына түседі. Мұсылмандықтың шарттарын орындап, әр уақытта бойын тазалықта ұстайды. Алланың атын айтып: «Уа, мейірімі күшті жаратушым! Менің денеме жараны өзің салып едің, енді өзің құтқар. Мен сияқты құлыңа шапағат нұрын шаша гөр» деп күнде мінәжат етумен болды. Мейірімі түскен жоғары мәртебелі Жаратушы оның өтінішін орындап, тиын көлеміндей қара дақ қалдырып:
– О, менің құлым! Мен сенің өтінішіңді орындап, тілегіңді қабыл етіп отырмын. Өткен күннің әке-шешеңнің күнәкарлық тірлігінің бір белгісі ретінде денеңе анау дақты әдейі қалдырып отырмын. Сен менің елшім Мұхаммед саллаллаһу ғалейһи уәсаламның жолын қуып, соның ізібасары болуға ант етіп отырсың. Ниетіңді қабыл етіп «қажылық» жолына түсуге кеңес беремін, – дейді. Осы жағдайдан соң Уайс біржола Мұхаммед саллаллаһу ғалейһи уәсаламды пайғамбардың жолып қуып, жыл сайып Иеменнен Мәдинеге сапар шегеді екен. Жол бойындағы керуеншілерге жалданып, жөн сілтеп, Мәдинеге алып келеді. Сол үшін «түйе көсемі» аталып, оған үлкен сенім білдіреді. Осындай сапарының бірінде ол Мұхаммед саллаллаһу ғалейһи уәсаламды көру үшін, кеңесін алып, ақыл сұрау үшін Мәдинеге, Пайғамбар үйіне келеді. Есікті әйелі Айша ашып:
– Пайғамбарымыз үйде жоқ еді. Жол жүріп, сапарлап кеткен. Бұйымтайыңыз болса айтыңыз жеткізейін, – дейді.
– Жоғары мәртебелі пайғамбармен бетпе-бет жүздесіп, сұхбаттассам, ақылын тыңдасам деп едім, – деп өзі жайлы қысқаша мәлімет берген Уайс еліне қайтады. Әйелінен өзін іздеп келген адам туралы есіткен Мұхаммед саллаллаһу ғалейһи уәсалам онымен жолыға алмағанына көпке дейін өкінеді. Тек өлер алдында әл үстінде жатып:
– Мен өзімнің сәлдем мен шапанымды Қараннан келген бір сопыға өсиет етіп қалдырамын. Оны іздеп тауып, өсиетімді тапсырыңдар. Оның аты – Уайс, денесінде тиын көлеміндей қара дақ бар. Оған жоғары мәртебелі Жаратушымның мейірімі түсіп, ықыласына бөленген. Бұл өсиетті сол Жаратушымның әмірімен, соның аян беруімен тапсырып отырмын. Менің қайтпас сапар алдындағы аманатымды кім орындайды? – деп өзін қоршаған туыстарына қарайды.
– Өсиетіңіз бен аманатыңызды мен орындаймын, – дейді екінші көмекшісі Әзірет Омар.
Мұхаммед саллаллаһу ғалейһи уәсаламның өсиетін орындауды мойынына алған екінші көмекшісі Омар Ибн-әл Хаттаб Уайсты іздеп, «Уайс-иль Қарани» деп жар салдырып, жан-жаққа адам шаптырады. «Уайс-иль-Қарани» араб сөзі, «Қараннан келген Уайс» деген ұғымды береді. Жан-жаққа шаптырған адамдардың бірі Уайсты Мәдинеге ертіп келгенде, Әзірет Омар Мұхаммед саллаллаһу ғалейһи уәсаламның өсиетін табыс етеді.
Содан бастап Уайс ел арасында «Уайсь-иль-Қарани» деген атпен мәлім бола бастайды. Кейіннен оның есімі қазақ арасына «Ойсыл қара» деген атқа ауысып, түйе көсемі, пірі ретінде танылады.
Ойсылқараның денесі Қытай қаласы Құлжадан 90-95 шақырымдай шығыстағы төбеге жерленген делінеді. Ол жер қазір «Уайс-иль-Қарани» деп аталады.
Төле бидің жауабы
Төле би өткір тілді шешен ғана емес, әзілге де жақын болған. Оған мына әңгіме дәлел:
Ауыл адамдарының бірі қартайған шағында артынып-тартынып Меккеге барып қайтыпты. Ауылға оралғанда ел-жұрт оны ортаға алып, барған жерінің қандай екенін тәптіштеп сұрайды. «Ол жақтың біздің жақтан айырмашылығы жоқ екен» дей келіп Төлеге:
– Сен Меккеге неге бармай жүрсің? – деген сауалын қояды.
– Екі жақ бірдей болған соң бармай жүрмін ғой, қажыеке, – деп күле жауап беріпті сол сәтте Төле.
Сәдібек қажының шайханасы
Қазақстанның оңтүстігінде «Шайхана» деген жер бар. Ол Жылға елдімекенінің жанында. Ілгерідегі осы арадан темір жол салынып пайдалануға берілер кезінде осындағы халықтан «Мына жердің станциясының атын не деп қоямыз? Бұған дейін бұл жердің аты не еді?» деп сұрағанда, жергіліктілер бұл жерді «Жылғаның өзені» деп атайды» деген екен. Сонан станцияның атын «Жылға» деп қойыпты.
Ертеректе су ағар сайлардың арасының кеңдігі, тереңдігі сонша түйелі адам көрінбепті. Ол осы Жылғадан Шайхана, Қарақалпақ елдімекендерін аралап, қазіргі Абайдың Қоңыртөбесінен бір-ақ шығып, Құркелес суына қосылып отырған дейді. Жол-жөнекей малшы ауылдар қысқа дейін ағын суды пайдаланып, түрлі той-тамашалар да осы Жылға өзенінің бойында өткізілгеніне қатысты дерек бар. Бұл он алты мен он сегізінші ғасырлар аралығында деп меңзейді көнеқұлақ қарттар.
Бір қызығы, «Шайхана» шайхана аталмай тұрғанда осы маңнан Тәттіқұдық шығып (оның тереңдігі 30-35 құлаш) ел бір жырғиды. Содан мұнда Сәдібек қажы шайхана ашып, көшпенді ел, түйе тартқан керуендердің тынығып қонып, демалып кететін аялдамасын жасайды. Кейіннен бұл аял жер «Шайхана» атанып кетеді.
Ел аузынан, шежірелерден жиған
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ