Қажылық және қажылар туралы хикаялардың он бесінші топтамасы келіп жетіп отыр. Мархаба!
Анасын ренжіткен шайқы
(Ел аузынан)
Бір шайқы өзі өте жас болуына қарамастан ғибадатқа беріліп, Алланың сөзі – Құран Кәрімді жаттап, білімі өте жетік болған екен. Осы білімімен қырық жасында «шайқы» деген атаққа ие болыпты. Оның бір көзі көрмейтін анасы бар екен. Ана баласына күндіз-түні дұға қылады екен. Шайқы сауап істерге берілген бір ұлық адам еді. Күндердің бірінде бір ой келіпті. Еш тыныштық бермепті. Алла бұйырған парыздың бесіншісі қажылыққа бармаған екен. «Енді мен де Мекке-Мәдинеге барып тәуеп қылып, Пайғамбарымызды зиярат қылып қайтайын» деген ойға келіпті. Ниетін анасына білдіріп:
– Анажан, маған рұқсат берсеңіз, қажылыққа барып қайтсам, – депті. Анасы жалынып:
– Балам, мен қарт, көзім көрмейтін адам болсам, сенсіз мен еш нәрсе істей алмаймын. Мені тастап кетпе, қапа боламын тастап кетсең, – депті.
Жігіт:
– Жоқ, анам, мен барамын, сізді Аллаға тапсырдым, Алланың өзі асырайды, – деп анасының тілін алмастан қажылыққа кетеді. Ана: «Мені тастап кетпе» деген күйінде қапаланып қала береді.
Шайқы жолда жүріп, құптан уақытында бір қалаға жетеді. Жігіт «Қараңғы түсіп қалды. Бұл қалада бір мешіт бар шығар, намаздарымды сол мешітте оқып, сосын түнеп, таңертең таң намазынан соң және жолға шықсам» деген оймен қаланың ішіне кіреді. Қаланың шетінен бір мешітті тапты. Мешіттің есігі ашық. Кіріп дәрет алып, сосын намазға кірісіпті. Тура сол кезде осы қаладағы бір үйге ұры түсіпті. Ұры үй иесін өлтіріп, дүние-мүлкін алып кетіп бара жатқанда адамдар байқап қалыпты. «Ұста, ұрыны ұста!» деп адамдар қолдарына таяқ алып, ұрыны қуалапты. Ұры қашып әлгі мешіттің алдына келіп қалыпты. Қараса мешіттің есігі ашық тұр екен, дереу ішіне кіреді. Кірсе өзіне ұқсаған біреу намаз оқып жатыр. Ұры ұрлаған нәрсесін осы кісінің жанына қойып, өзі дуалдан асып түсіп, қашып кетеді.
Адамдар мешітке кірсе, ұры намаз оқып жатыр, жанында нәрселері тұр. Оны ұстап алып ұрып, қазының алдына алып келеді.
Қазы адамдардан:
– Куәлеріңіз бар ма? – десе, адамдар:
– Ұры осы! – деп куәлік беріпті.
Қазы:
– Біреудің үйіне баса-көктеп кіргені үшін шариғат бойынша көздері ойылсын. Ұрлық істегені үшін қолдары кесілсін. Адам өлтіргені үшін екі аяғы да кесілсін! – деп үкім шығарыпты.
Оның көзі ойылып, екі қолы мен аяқтары да кесіліпті. Оны алаңға шығарыпты. Сол кезде айқайшы алаңға шығып, жиналғандарға:
– Ей, халайық! Біреудің үйіне басып кіріп, ұрлық істеген имансыздың халін көріп қойыңдар. Адам өлтіріп, біреудің қанын төккен қанішер адамды көріңдер, – деп жар салыпты.
Құры дене, тірі өлік болып қалған шайқы:
– Мен ұры емеспін, мен қанішер де емеспін. Әй, мұсылмандар, мен бақытсыз анасын ренжітіп қажылыққа аттанған, ананың қарғысын алған шайқымын! – деп бақырады.
Осы сөздерді халыққа айтыпты да: «Лә иләһа илла-Алла Мухаммадур расулуллаһ» деп дүниеден өтіпті.
«Қазыналы оңтүстік» топтамасына қарағанда, «Ананы ренжітіп қажылыққа баруға болмайды» деген асылы сөз осыдан қалған екен.
Сапақ бидің жауабы
Қалдарбектің екінші ұлы, ел бірлігін сақтаған көсем, Қоңырат руының Жандар тармағынан тарайтын Сапақ бидің атақ-даңқы дүркіреп тұрған кезі екен.
Бірде атақты Құнанбай қажы Сапақ бимен бірге намаз оқып болып, үйге келіп жайғасқан соң, оны сынамақ болып: «Қоңыраттан шыққан әйгілі бисің, намазды шариғат жолына теріс, қолыңды жаныңа салып оқығаныңыз қалай?» – деп қағытыпты.
Сапақ би бұған іле-шала: «Құнан шырақ, менің көңілім, пейілім, жан дүнием бір Аллаға берілген. Сенің көңілің менің қолыма түскен екен ғой!» – деп жауап беріпті.
Құнанбай қажы Сапақ бидің тапқыр да дәл жауабына риза болып, ат мінгізіп, шапан жауыпты.
Разбек қажының батасы
Дүниеде кем болмайды баталы құл,
Шашайын батаменен жемісті гүл.
Қосылған теңін тауып балалардың
Әуелі жасын ұзақ бақытты қыл.
Қаптаған қары ормандай шоғырлы қыл,
Әр іске асықпайтын сабырлы қыл.
Алдында ақсақалдың абыройлы,
Өзінен кейінгіге қадірлі қыл.
Сөйлесе, айтар сөзін жүйелі қыл,
Қалдырмай қатарынан киелі қыл.
Тілегін екі жастың қабыл етіп,
Ат мініп, жүгін артар түйелі қыл.
Әумин!
Ел аузынан, шежірелерден жиған
Абылайхан Қалназаров