Қажылық және қажылар туралы хикаялардың он үшінші топтамасы келіп жетіп отыр. Мархаба!
Көкілташ медресесінің тарихы
(Сырлық Жұманазар Ұрымқұл баяндауы бойынша)
Бұқарада Шәмсі Мұхамбет деген ниеті теріс молда болыпты. Ол бір күні Ғабдолла ханға:
– Сахарада көшіп-қонып жүрген қазақ жұрты Мұхамбет пайғамбардың дінін шала біледі. Шариғатты оңымен орындамайды. Діннің тәртібін білмейді. Сол үшін оларды дінсіз деп танып, шетінен ұстап, базарға құл қылып сатуға жарлық беріңіз, – деді. Хан:
– Сыртынан дінсіз деп айыптау жөн болмас. Өкілін шақырып, шариғаттан тергейік. Сынақта сүрінсе құлдыққа жегейік,– деді.
Бұл сөз қазақтардың құлағына жетті. Сынаққа кімді жібереміз деп қожа, биі, төресі Сарыарқада түгел жиылып, кеңес құрды. Көге есімді жігіт суырылып шығып «Рұқсат етсеңдер мен барайын, бір амалын табайын» деді. Қожалар ақ батасын беріп, ел-жұрты сапарға шығарып салды. Көге Бұқараға келді. Намаз кезі екен, жұрт мешітке жиналып жатады. Шәмсі Мұхамбет сол осы мешітте имам еді. Көге мешітке кіріп, бірден сапқа қосылды. Намаз аяқталып, имам дұға қылғанда, Көге қолын жеңінен шығармастан бата жасап, бетін сипады. Имам:
– Мына қыр қазағы шариғатты бұзды, жазалаңдар! – деп айқай салды. Көге саспастан:
– Молдеке, сабыр етіңіз. Тәңірім Құранда киім киіп құлшылық еткен құлымның тілегіне құлақ асам деген. Қолым да денемнің бір бөлшегі ғой деп, жеңіммен жасырып едім. Қате десеңіз, ханға барып, төрелік сұрайық,– деді. Молда тосылып қалды. Екеуі ханға келіп, мән-жәйді түсіндірді. Ғабдолла хан оның жауабына риза болып, сарайына барлық ғұламаны жинады. Көгеге шариғаттан сұрақ қойып сынады. Көге сүрінбей өтті. Ханға ұнады. Шәмсі Мұхамбеттің жақсылап тұрып сазайын берді. Көгеге:
– Сыннан өттің. Не бұйымтайың бар? – деді.
– Бұқарада тұрсам, адал кәсіп қылсам, – деді. Хан келісті. Ертесіне Көге аттарын, киім-кешегін, азық-түлігін сатып, ақшасына тауық алды. Тауық жұмыртқалап, балапан басып, тез көбейді. Ол кезде Бұқара базарында адал сауда қылатын пенде қалмаған еді. Саудагерлер таразыдан ұялмай жей беретін. Жуандар кедейлерді аяусыз қанайтын. Көге әділ сауда қылды. Тәңірсі ісіне берекетін дарытты. Жұрт та оның адал кәсібін сүйіп, жұмыртқаны тек содан алды. Көге тез байып, шаһарға даңқы білініп, ханға хабары жетті. Ғабдолла хан өзіне алдырып:
– Сен адал кәсіп ететін мұсылман екенсің. Халқым адал сауда, кіршіксіз ар-иман дегенді ұмытып бара жатқан сияқты. Оларға таза жүріп, адал еңбек етуді үйрет, – деді. Көге келісті:
– Бір шартым бар. Медересе салам. Ел содан ілім оқып үйренсін, – деді. Хан қазынаның кілтін ұстатып:
– Қалаған ақшаңды ал да, медресе соқ, елдің көзі тезірек ашылсын, – деді. Көге:
– Хан қазынасы еңбекпен жиған дүние емес. Онда байдың қиянаты, кедейдің нақақ көз жасы бар. Медресенің іргетасы күнәкар кірпіштен қаланса, ықыласты шәкіртті қайдан табамыз? Маған жер беріңіз. Медресе соғар ақшаны өзім табамын, – деді. Хан қаланың қақ ортасынан жер берді. Көге лайдан кірпіш құйып, адалдан жиған малына медресе соға бастады. Шәмсі Мұхамбет оны күндеп, барлық молда-қазыны жанына жинап, ханға шағым айтты:
– Медресені имамдық дәрежесі ұлық ғұлама салу керек. Қазақта ондай атақ жоқ. Оның медресе салғаны шариғатқа қайшы. Ақшасын бізге берсін. Өзіміз салайық, – десті. Көге мұны естіп, хан сарайына келді де:
– Уа, шайқы-қазылар, медресені сендер соғыңдар. Тізгінді бердім, – деді. Шәмсі қуанып қалды.
– Бірақ бір шартым бар. Медресені ғұмырында бес уақыт намазды қаза кетірмеген, дәретсіз жер баспаған, әділдіктен аспаған, зина жасамаған, арамды асамаған, ғаріп-міскінге қараған, жетімді бауырым деп санаған, Құдайдан өзгеге құлдық ұрмаған, туысына бұрмаған, қара қылды қар жарған, қонағын қабақ шытпай қарсы алған адам ғана салсын, – деді. Бәрі сілтідей тынды. Бірде бірі шартын орындап, ант-су іше алмады. Шәмсі Мұхамбет:
– Мықты болсаң, өзің көрсет, – деді. Көге өзінің шартына лайықпын деп ант-су ішті. Шәмсі жеңілді. Хан оларға ұрысып, сарайынан қуып жіберді.
Көге медресе соққанда тәкбір айтпай бірде-бір кірпіш қаламайтын. Қолы жұмыста, көңілі Аллада, тілі зікірде болды. Шаршаса Шілтен қолтығынан демеп, Қызыр қолынан сүйеп жүрді. Күндіз періште, түнде перілер келіп медерсені бірге салысыпты деседі. Ұзамай құрылыс аяқталды. Бұқараның қақ ортасында адам айтса нанғысыз ғажайып медресе бой түзеді. Оны көрген ел-жұрт аузын ашып, көзін жұмды. Ішіне кірген мұсылманның көңіл кірі өзінен өзі сылынып түсетін. Тасжүрек деген пенденің өзі мешітке кіргенде жүрегі жібіп, екі көзінен парлап жас ағатын. Жүрек көзін ашуды мұрат тұтқан ақжүрек момындар осылай қарай ағылды. Көгенің тұрғызған құлшылық үйі Бұқараның құты мен киесіне айналды. Бұқараның халқы мұндай тақуа, тауазы мұсылманды көрмегелі қай заман?! Ел-жұрт оның салған сарайын Көкілташ медресесі деп атады. Себебі Ғабдолла хан оған риза болып уәзірі етті. Арнайы «көкілташ» деген лауызым берді. Ол – тете іні, ханның бауыры дегенді білдіріпті. Хан өзінің бауырындай көріп, сондай атақ берген екен.
Бір күні Ғабдола хан оған:
– Көге, сендей тақуа мұсылманды көрмедім. Пайғамбар сипатты үмбет екенсің. Сөзіңде тұрдың. Медресе салып, халқымды ілімге үйреттің. Енді бір арманым бар. Әзірет Сұлтан кесенесін Әмір Темір салып, құрылысын аяқтай алмап еді. Ғұмыры жетпеді. Соны аяқтасам деп едім. Әмір Темір де кесене соққанда құрлысшыны зікір айтатын тақуа-тауазылардан жинапты. Қазір ондай адам қалмады. Сені көргенде сол арманым орындалардай күй кештім. Түркі пірінің кесенесін бірге аяқтайық, – деді. Көге келісті. Ертесіне екеуі Түркістанға аттанды. Әзірет Сұлтанның күмбезі көз ұшынан көрінгенде аттан түсіп, әдеппен жаяулатып жақындады. Жетім-жесірге, ғаріп-міскінге жүз жылқыны садақа қылып таратты. Әулиенің әруағына құран оқып, құрылысқа кірісті. Қам кесектен кесененің босағасы мен биік мұнараларын тұрғыза бастады.
Ажал айтып келген бе, Ғабдолла хан қайтыс болды. Елде таққа талас басталды. Хан өлген соң, көре алмас дұшпандар Көгенің де ізіне түсті. Ол Әзірет Сұлтан кесенесін аяқтай алмады. Дәруіштің киімін киіп Меккеге қажылыққа кетті. Сол сапардан қайта оралмапты. Біреулер Меккеге жетті дейді. Біреулер жолда қаза тапты деп айтады. Бірақ артына Көкілташ деген медресе қалдырып кетті. Ал Әзірет Сұлтан кесенесінің босағасында құрлысы аяқталмаған ағаштар әлі күнге дейін сақталып тұр.
Панаш батыр зираты бүккен сыр
Кенесары бастаған әскердің мыңбасыларының бірі Панаш батыр болыпты. Және Панаш ақылды, айлакерлігімен көзге түсіп, қарсылас жауына ойсырата соққы беру қабілетімен ерекшеленген деседі.
Міне, сол алып есіміне қатысты қазақ жерінде бір айтулы төбе бар. Халық оны «Панаш батырдың зираты» деп атайды.
Ұрпақтары да есен-сау өсіп өніп жатыр. Олар Панаштың ерлігін дәріптеп, «Бабамыз Панаш» деп мақтанышпен айтады. Алайда Панаш зиратында ол кісінің сүйегі жоқ екендігін көп ел біле бермейді. Көнекөздердің жеткізуінше, бір жыл аманат етіп осы жерге жерлеп, амалын тауып сақтап, Мекке-Мәдинеге апарып жерлеген деген сөз бар.
Тірісінде батыр қажылығын өтеуді мақсат тұтып, алайда оған замана ағымынан мұршасы болмай, ең болмағанда денесін сол жаққа жеткізуді өсиеттеген тәрізді.
Ел аузынан, шежірелерден жиған
Абылайхан Қалназаров