Қажылық және қажылар туралы хикаялардың он бірінші топтамасы келіп жетіп отыр. Мархаба!
Көкіректегі қағба
Ясы шаһарының бір байы жарты малын шығындап, Меккеде қажылық парызын өтеп келген екен. Келесі жылы тағы да қажылыққа баруды ойға алады да Әзірет Сұлтанға келіп:
– Тақсыр, биыл қажылыққа тағы барсам деп едім. Батаңызды алайын. Қағбаны жеті айналып, Ібіліс малғұнға тас атайын, – деді. Қожа Ахмет Ясауи:
– Батамды бердім. Барсаң жолың болсын, Қызыр ата жолдасың болсын. Сөз жоқ, Қағбаға зиярат ету парыз. Қанша барсаң сонша сауап. Бірақ бір нәрсені қаперде ұста. Меккедегі қағбадан бөлек тағы бір қағба бар. Ол да назарыңнан тыс қалмасын, – деді.
– Ол не қағба? Бұрын неге естімедік? – деп бай таңғалды.
– Ол – жүрек. Меккедегі қағбаны Ыбырайым пайғамбар ағаш пен тастан тұрғызды. Көкіретегі қағбаны Алла құдірет қолымен өзі соқты. Мұсылмандар Меккені жылына бір рет зиярат етеді. Ал жүректегі қағбаға «Кім келер екен?» деп Ұлық Алла күніне үш жүз алпыс рет назар салады. Әзіреті пайғамбарымыз «Момынның жүрегі – Рахманның үйі» деген. Сондықтан көкіректегі қағбаны күн сайын зиярат етуге әдеттен. Ал Ібіліске тас атқың келсе ол Меккеде емес жүрегіңде отыр. Сахарда тұрып жүректегі малғұнның басына тас ат, – деді.
Жаркенттегі Әулие ағашы
Ертеректе Яссауидің жеті шәкірті Мекке-Мединаға қажылыққа бара жатты. Жаркенттің тұсына жеткенде аялдап, түнемекші болады. Жатар мезгілде Шахмашыраб деген шәкірті аса таяғын жерге шаншиды. Таңертең тұрса, асасы көктеп, бәйтерекке айналып кетіпті. Шахмашыраб Тәңірдің құдiретiне таңғалып, зікір айтты. Бір ыдыс суға дем салып, ағаштың түбіне құйды. Судың шарапатынан бәйтерек мың жыл өтсе де, қурамай өсіп келеді екен. Осы оқиғадан халық бәйтеректі «әулие ағаш» атап кетіпті. Бұл ағаш әлі күнге дейін өсіп тұр. Бүгінде жеті адамның құшағы әрең жететін жайқалған алып ағаш.
Мамандар оның қарағаштың тұқымы екендігін айтады және ондай ағаш әлемнің үш жерінде – көрші Қытай, құбыла бағытындағы Меккеде, сондай-ақ осы Жаркентте кездеседі екен.
Сол мамандардың айтуынша, қарағаштар әдетте ең зор дегенде жетпіс жыл ғана жайқалса, бұл ағаш әлі күнге дейін тіршілік нышанын танытып келеді.
Қажылар жылына бір рет бас қосатын жер және палуандық рәсім
«Тарихи батырлар» көне кітабына сүйенсек, Қоңырат Алатау батырдың азан шақырып қойған аты – Әз-Ғараб. Түркістан шаһарында нағашылары қажыға аузына түкіртіп, азаншы атын киелі кітапқа қарап қояды.
Батыр адам айтса сенгісіз Қызылтабан шөлден елге аман келген соң, әруақтарға дұға тілеп, Түркістанға барып, тайқазанды көтеруге ықыласы ауады. Ол заманда мұсылмандық парызын өтеп қайтқан қажылар қасиетті орында жылына бір мәрте бас қосып, әруақтарға Құран түсіріп, халық арасында Ислам шарттарын уағыздайтын үрдіс болыпты.
Жыл сайын киелі батыр, алып палуандар осы сәтке туралап, жасы жиырма жетіге толғанда ниеттенетін көрінеді. Алатаудың да бұл білегінің күшіне белдескен шыдамайтын алаңғасар шағы болса керек. Қажылардың қолдарына су құйып, батасын алуды ойлап, жанына жеті куәгер ертіп, ауылдан жаяулатып шығады. Талаптының жаяу жеткенін мойындайтын куәгерлері көлікке мінеді. Ежелден ел арасында сақталған өзгермейтін шарт бар. Ол мынау еді:
«Тайқазанды көтеруге ниеттенген батыр орнынан бір қарыс көтерсе, бір үйір жылқының құны төленеді және атақ пен шен береді. Егер батыр көтере алмай қалса, өзі жиырма үйірдің құнындай айып төлейді. Жазатайым «көтеремін» деп қазанды бүлдіріп немесе сындырып алса, көтере алмай қалған палуанды өлім жазасына кесіп, куәгерге дүре соғып, ат-тон айып салады».
Қара күш иесі Әз-Хайдар Хабас палуан тайқазанды алғашқы көтерген кісі екен. Одан кейін де он алты қазақ палуаны сыннан сүрінбей өткен.
Он сегізінші реттік санды Әз-Ғараб – Алатау жаңартуға бел буады. Киелі шаһарға тәу етіп, батасын алып, тынығып, ертесіне дүйім көптің алдында тайқазанды көтеріп, мақсатына жетеді. Даңқы аспандап, алған сыйлықтарын халыққа таратып береді.
Ел аузынан, шежірелерден жиған
Абылайхан Қалназаров