Қажылық және қажылар туралы хикаялардың оныншы топтамасы келіп жетіп отыр. Мархаба!
Үш рет қажылыққа барған ишан хақында
Дәуренінде атағы Алты Алашты жапқан Сайыпназар ахунның үш ұлы болған. Ішіндегі тұңғышы – Әбдісадық ишан – діни тұлға, палуан, полиглот. Ол Сырдария өзенінің бойында 1848 жылы туылған.
«Көкілташ» медресесінің түлегі, Меккеге қажылыққа үш рет барғанымен, өзбек, түркілік-шағатай, араб, парсы, тіптен неміс тілдерін жетік меңгеруімен ел есенде қалыпты. Көкілташ бітіргені жайлы қағазы ұрпақтарында осы кезге дейін сақтаулы.
Алдымен діни сауатын өз әкесінен алған Әбдісадық кейін Бұқара барып, әйгілі медреседе оқиды. Онда оны кейінінен қайынатасы болған Әбубәкір Тоқсаба қамқорлығы мен тәрбиесінде алып, Бұқар әмірінің балаларымен бірге оқытып тоқытады. Түрлі ілімдер мен білімдерді, тілдерді де осында жүріп меңгереді. Ишанның өте ірі денелі, ерен күш иесі, қайратты болғаны да ертерек ел аузына ілігуіне жол ашқан. Мысалы, қатардағы шәкірт болып жүріп-ақ айтулы бір жиында әмірдің бас палуанын асқан шеберлікпен жығып, халықты таң-тамаша етеді
Оның алғашқы екі қажылық сапарына қатысты біршама дерек бар. Бірақ ауызша тарих ләмімен айтсақ, нешіншісінде екені белгісіз, Меккеде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың ең соңғы екі тал қасиетті сақалын «мәймүбаракты» және алтын тәспі мен қасиетті жайнамазын Мекке халифасына төрт жүз адам арыз беріп сұрағанда, мұның ғана арызы дәлелді болып шыққан дейді. Сол шақтағы танымда «мәймүбәрәкті» көрген жан әзіз пайғамбардың да жүзін көрген есепті. Өкінішке қарай елге бет алған ұзақ жол, азапты сапарында ол құндылықтарын ұрлатып алып, зор өкініште қалады. Маңыздылығы соншама, мұсылмандар арасында оның жоғалғаны туралы жиырма бес мемлекетке хабар берілген деседі.
Тағы бір дерекнамаларға сүйенсек, әкесі Сайыпназар ахун сияқты ақын да болған. Әкесі дүниеден өткен соң мешітке өзі имам болып, медресе басқарған.
1888 жылы үшінші рет қажылығын өтеп, елге қайтып келе жатқан жолда Қазақстан аумағына сәл ілікпей, өзбек-сарт жерінде обадан қайтыс болып, сонда қойылады.
Балуан Шолақтың сүйегіне түсіп, сырын сақтағандардың бірі
Арқа арыстаны Балуан Шолақ қыс ауасында Атбасарға сапарлап жүріп, өзінің дүниеден өтерін алдын ала сезіп, үйіне қайтып келеді. Сол кезде қасында ұлдарының бірі Құдайберген де болған дейді. Жолай молда танысына соғып, ақыреттік қам қылады. Мұнысын «Аққошқарының аян бергенімен» түсіндірген ер ажал-әзірейілдің мұның соңына түскеніне 3 жыл болғанын, енді қуып жетіп отырғанын да айтады.
Өз шаңырағында бірнеше апта тыныстап, күн өткен сайын әл-дәрмені таусылып, іші жанып бара жатқан палуан ет жақындарымен бақұлдасып, соңғы өсиет сөздерін де айтады. Алайда ол басқалардан ерекшелеп, бәйбішесі Қаныкей мен ағасы Төлеубайға оңашалап сырын ашып, ақтық аманатын естіртеді. Бірер күннен кейін соңғы демі үзіледі.
Артындағы ел-жұрты:
«Атандым Балуан Шолақ бала күннен,
Ту ұстап, ерлік етіп, тұлпар мінген,
Ешкімге опасы жоқ жалған дүние,
Өттің ғой талай-талай кемеңгерден.
Өлімнен құтылу жоқ батыр болып,
Сөзге шешен, әнге жүйрік, ақын болып,
Барамын алыс сапар қайтып келмес,
Қалыңдар, елім-жұртым, бақұл болып.
Көп сәлем жақсыларға болған сырлас,
Дәурені жігіттіктің қолда тұрмас,
Көз көріп, заманымда бірге жүрген,
Жүріңдер дұға қылып, құрбы-құрдас», – деген Шөкеңнің соңғы қоштасу өлеңін айтып, жылап-сықтап қала береді. Осылай, даланың тағы бір аңыз адамы 1919 жылдың наурызында жер қойнына тапсырылады.
Тек оның соңында бір ашылмаған құпия – ақтық аманаты көпшілікке беймәлім болып қалады. Тіптен, туған ұлдары Исажары мен Құдайберген де, жалғыз қызы Бәтен де оны анасы мен әкесінің ағасынан біле алмай дал болған. Сөйтсе, Шөкең қайтқанда сүйегіне түскен Сабыр қажы одан бек хабардар болғандардың бірі екен. Ол сыр уақытша шара болса да, қажы 1934 жылы, өмірден өтерін сезген шамада немере інісі Ғаббасқа ұрпақ жады мен тарих үшін мөлтек мағлұматты жеткізіп кетіп үлгереді. Ал Шөкеңнің ағасы Төлеубай құпияны ортаншы ұлына, ол өз баласына айтып кейінге тарих ақтаңдағын қалдырмады.
Оның мәнісі мынау екен: Палуан 1916 жылдың жазында бір сапардан ауылына кештетіп келе жатқан бетінде Бұланды орманында тура қарсы алдынан ұрланып атылған оққа душар болады. Оқ ердің алдыңғы қасына тиіп, содан бытырасы әлсіреп барып, іштен жаралайды. Бірақ бұл мықтылықпен аттан құламай, кейін елге келгесін тіптен аяққа тұрып кетеді. Әттеген-айы сол, соның белгі беріп, алып кетпек боп кеп тұрғаны осы екен. Шөкеңнің мұндағы намыс қылғаны, ағасына «Сабыр қажы екеуің ғана арулаңдар» деп қатты тапсырғаны, «Денемдегі жараны көрер. Ақ ажал бұйырмай оқтан өлді деген сүйекке таңба» деген пайымы екен. Бұл бір болса, екіншіден, «Сендерге айтар өсиетім: сүйегіме басқа адамды түсірмеңдер, ана Сабыр қажыны қасыңа алып, Төке, өзің атқар. Менің өлгенімді білсе, қара шекпенділер де қарап қалмас. Бұл найсаптар өлігімді қорлаудан тайынбайды. Зираттың бір жағына құпия үңгір жасап, бөлек жерлеңдер де, басқа жерге жалған зират тұрғызыңдар» депті. Онысы бұлжытпай орындалған.
Расымен де, тірісінде бұл маңға аттап басуға батпаған, сыртынан ұрланып оқ атқан жауыздар ауылына топталып келіп шатақ салып, тіптен көз үшін жасалған көрін қопарып, моласын ашуға дейін барған. Бірақ палуан болжап, алдын алып кеткендей сүйегін таба алмай шарқ ұрады. Содан Шөкеңнің жаны жай тапқан шын топырағы бертінге дейін құпия болып келеді. Кейінгі егеменді заманда ғана, 1999 жылы палуан ұрпақтары атасына бағыштап ас беріп, ел азаматтармен бірге басын қарайтты.
Ел аузынан, шежірелерден жиған
Абылайхан Қалназаров