Отырар топырағында қажылар көп өткен. Сөздіктегі мағынасына сүйенсек, қажы деген – шариғат заңы бойынша Меккедегі қасиетті орындарға қажылыққа барып, зиярат қылып, тәуәп етіп, мұсылманның бес парызының бесіншісін өтеп қайтқан адам. Бұндай жандар ел ішінде ерекше беделге ие болған.
Әлімбет байдың ұялуы
Шаян үстіндегі Әлімбет бай күнгей өңірінде болмаған сәнді киіз үй тұрғызады. Кереге, уығы, шаңырағы, есік-ергенек, маңлайша, табалдырығына дейін ою-өрнектеп, оған күміс қондырып, жарқыратып тастайды. Үйдің ішкі бау-шуын, басқұрын жібекпен, жезбарақпен орап жайнатады. Үйдің үзік, туырлық, түңлігін қылшықтаған ақ жүннен бастырып, бау-шуы, дөдегесіне дейін жезбарақталады. Сөйтіп Қаратаудың күнгей бауырында сегіз қанат аппақ жұмыртқадай ақ орда бой көтереді.
Ою-өрнегі жарасып, осы аймақтан безендіруі асқан зәулім орданы тамашалау салтанатына қонысы жақын Көтенші де, абыройы мен беделі зор Мәуленқұл болыс та шақырылады. Болыс той-жиынға, ас-құдайыға, өлім-жітімге ертетін зиялы қауыммен бірге Кенжеқара Бұқарбай қажыны да ала жүреді екен. Барған жерде қуанышқа құтты болсынды, қазаға көңіл айтуды тек қажы ғана бастап, басқалары жамырамай, тым-тырыс отырады.
Той иелері Мәуленқұл болыс бастаған құрметті меймандарды қарсы алып, нақышын келтіріп, зеберленген ақ ордаға жайғастырады. Көңлі тасып, абыройы асқақтаған бай, жүрегі алып-ұшып, жұрт асып келген, беделді де, зиялы қауымнан жан семіртетін, жақсы лебіз күтіп отырғанда Бұқарбай қажы: «Осы дүниеңнің қамын жеген тірлігің құтты болсын, бай», – депті. Бұл сөздің мәні терең, астарлы сөз екені анық. Оның мәнісі – «жалған дүниеңнің қамын ойлап, сонша қаржыны мақтаншылық үшін босқа шашқанша, құдайға құлшылық етіп, ораза намазыңды түгелдеп, кембағалға қайыр-садақа үлестіріп, мал-мүлкіңнен тиісті зекетін беріп, Меккеге барып зиянат етіп, мойныңдағы қырық парызыңды өтемейсің бе?» деп, мезгегені екен ғой. Қажы айтқан «құтты болсынның» астарына түсінген бай, өз ісінен тосылып, ұялғанынан Мәуленқұл болыс пен Бұқарбай қажыға ат мінгізіп, шапан жауып қайтарған екен.
Мұсылмандығың құтты болсын!
Құлыбекұлы Ахмет – қажы әрі дін тұрғысынан сауатты адам. Қарт анасы Ұлдаш қайтыс болғанда көршілес елдегі қадірлес замандасы Бекмырзаұлы Мұхамбетрахым оған көңіл айтқалы келеді. Отырып Құран оқығаннан кейін Мұхамбетрахым:
– Уа, Ахмет! Мұсылмандығың құтты болсын! – дейді.
Бұл одағай сөзді қажы кек тұтпайды:
– Иншалла, айтқаның келсін! – деп жауап қайырады.
Отырған адамдар бұған таң қалады. Одағай сөздің түйінін Ахаң шешіп береді.
– Сыр бойындағы ел өте діндер келеді, – деп бастады ол сөзін, – қарт ата-ананы ренжіткен адам діннен шығады делінген іслам шариғатында. Осыған сәйкес, ол елде мынадай дәстүр бар: біреудің қарт атасы, иә анасы қайтыс болса, соны ренжітпей жөнелтіп, мұсылмандығыңды сақтап қалдың, құтты болсын дейді екен. Мұхамбетрахым маған көңілді сол тұрғыдан айтты.
Бұл сөзді дәлелдеу үшін Ахаң өз өмірінен мысал келтірді:
– Менің анам кейінгі кезде жасы ұлғайғанына байланысты, ақылы айныңқырады. Бұл жағдайда одан кешірім алу қиын болды. Өз аузынан жылы сөз естіп алмасам, шариғат бойынша мұсылмандығыма шек келеді. Анамның қандай жағдайда ризалық білдіретінін байқап жүрдім. Бірде жақсы тағам беріп, төсегін жайлап салып жатқыздым. Мұныма ол риза болды. Ризалығын өз аузынан есту үшін:
– Әже, маған ризамысың, ақ сүтіңді кештің бе? – дедім. Шын жүрегімен айтқаны ғой:
– Сен менің жаным Ахметімсің ғой. Ризамын, қалқам! Сүтімді ақтадың, кештім! – деп бірнеше рет қайталап айтты. Мұсылмандығымды сақтағаныма көңілім әбден тоқырады.
Ахаңның бұл сөзіне отырғандар ризалық білдірді.
Дәулет әжі
Таздар жетімдер Мырзалыұлы Дәулет ашаршылық жылдары Арқаға барып бір байдың малын бағады. Сол жақта жүріп, байдан жылда үлесін алып, өзі де байып кетеді. Бір күні бай тазысының Дәулеттің босағасына шаптырғанын байқап:
– Дәулет, менің байлығым саған ауар, жаман болмассың. Еліңе қайт, ағайындарыңның басын қос, – дейді.
Дәулет малын айдап Жылаған атаға келіп, сандалып жүрген ағайындарына бес қой, бір сиырдан таратады.
Қазыбек деген ағайыны Түркістанда өзбектерге жалданып, мердігерлік жасап жүреді, Дәулеттің айтқанына келмейді. Сонда Дәулет жігіттерді жіберіп Қазыбекті аяқ-қолын байлап алдырған екен. Үстінен қой өткізіп, тәубеге келтіреді.
Түркістанда бөрік тігіп, күнелтіп жүрген Бекарыстанның да елге қосылғысы келмейді. Дәулет «бір байтал артық беремін және батамды беремін» деп оны да алып келеді. Бекарыстанның баласы кешегі қырқыншы жылы, ел каналға көшкенде, жылқысының көптігінен көше алмаған екен.
Дәулет 1901 жылы Мекеге әжілікке барып қайтыс болады. Сонда Түркістаннан бірге барған екі кісі, Дәулетті естіртуге таздардың ауылына келсе, еркектер алысқа асқа кеткен, үйде Дәулеттің Айнаш, Шынар деген қыздары қалған екен.
Қыздар мал сойып, әкесінің достарына ат мінгізіп, шапан жабады. Сонда екі әжі:
– Жетімдердің екі қызы екі жігітке татиды, – деп кеткен екен.
Саттар және туған ортасы
Кеңестік қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі Саттар Ерубаев өзінің 24 жылдық аз ғұмырында елге құны жойылмайтын, күн санап бағасы арта беретін өшпес мұра қалдырып үлгерді.
Ол қазақ әдебиетінде пародия мен эпиграмманы ең алғаш қолға алған. Баллада жанырын әдебиетімізге тарту етіп, үлкен жаңалық ашты. Проза, очерк, көркем әңгімелерді жас болса да ұршықтай иірді.
20-24 жасында алаштың, тіпті сол заманда мұсылман қауымының алғыр, от жүрек, зерек азаматы екендігін елге таныта білді. Саттар нәйеті 17 жасында сонау Ленинградқа барып, университетті өте жақсы деген бағамен бітірген.
Міне, сол Саттар кішкентай бала кезінде газеттерді жинап алып, шолақ Пәті апасына (Асқар атаның бәбішесі) «Қайшымен қиып бер» деп жылайды екен. Сонда Азада (Тоққожаева) жеңгесі сол газеттерді қиып, кітапша етіп тігіп берсе, онымен қуана-қуана ойнап, жатқанда жастығының астына қойып, ұйықтап қалады екен. Сонда Азада Саттарға: «Сен менің әжіге барған әкем Тоққожа сияқты, молда болатын шығарсың» десе, «Иә, мен де әжіге барамын, мен де молда боламын» деп елді күлдіреді екен.
Саттардың осы қылықтарына қарап отырып Азада қазақтың қалыптасқан дәстүрі бойынша қайнысының атын атамай, оны өле-өлгенше (93 жас) «Молдажан» деп атаған.
Ел аузынан, шежірелерден жиған
Абылайхан Қалназаров