«Қажеттілік пен еркіндікті бір желіге көгендеуге болмайды», – дейді батыстың логотерапия ілімінің атақты ғалымы В. Франкл.
Адамға қажеттілік туғанда еркіндігін уақытша тежей тұрады екен. Себебі еркіндігің қажеттілікке кері әсер етуі де мүмкін. Өйткені қажеттіліктерді бірнеше саналардың ортасында өтейсің. Біреудің ығына жығыласың, көңіліне қарайсың.
Ал қажеттілік өтелген кезде, еркіндікті еркіне шығармасаң, еркіндігің тұншыға бастайды. Біз үнемі қажеттіліктің соңында жүріп, еркіндігімізді ұмытады екенбіз.
Еркіндігің көгенделгенде, ақылың тұмшалана бастайды. Шәкәрім бабамыз: «Білім, ғылым керек болса, ақылды матаудан азат қыл» деген. Ақылдың тұмшалануы дененіміз – адамдық болмысыңнан ажырағаның. «Әр жаратылыс өзіне тән болмыспен өмір сүргенде жаны рахат таппақ. Пенденің рахат табуы ақылдың еркіндігінен», – дейді Ислам ойшылы Ғазали.
«Алайда, адам өмірде қажеттіліктердің ортасында өмір сүреді. Сонда қажеттіліктерден еркіндікті қалай бостандыққа алып шығамыз», – деуіңіз мүмкін. Пенде тіршілікке тәуелді болған соң, ерік-қалауы көп көрінбейді. Бірақ, еркіндікті өмірі бітпейтін мұқтаждық, қажеттілікпен үнін өшіруге әсте болмас.
Адамның еркіндігін өмірі бітпейтін тұрмыстық мәселелермен матай берсең, еркіндік тұйыққа барып тіреледі екен. Заттық қажеттілік айналып дөңгелене беретін шеңбер. Ол нәпсі. Ол тәннің қалауы. Есігі жоқ шеңбер.
Адам жаратылысынан азат болмыс болғандықтан, тәннің қалау мұқтаждықтары шеңберін, ҰЛЫ БОЛМЫСҚА ҰМТЫЛЫС арқылы қиып түсу керек екен. Сол қиылған жерден «Ұлы мақсатқа» жол ашылады.
Кейбір жандар қызметтік мансабына кері әсерін тигізсе де, кейбір ұлы ұмтылысқа өз еркімен барады. Себебін сұрасаң, «Кейінгі ұрпақ не дейді, Жаратушыға не бетіммен қараймын?» дейді.
Мұны «заттық қажеттілікті еркіндік жеңді» деп атайды.
ЯҒНИ ПЕНДЕ – О БАСТА ЖАРАТЫЛЫСЫНДА АЗАТ БОЛМЫС. ОНЫҢ БАР МҮМКІНДІГІН ШЫҒАРУЫ – ЕРКІНДІГІ МЕН ҚҰНДЫЛЫҒЫНДА. ЕРКІНДІГІ – ЖАҢА ДҮНИЕ АШАДЫ, ҚҰНДЫЛЫҒЫ – ҚУАТ БЕРЕДІ.
Жаратушы да бұл құпияны былай ұқтырды: «Адам ата мен Хауа анамызға құндылық берді де, жерге түсіріп, еркіндік берді».
БІРАҚ ЕРКІНДІГІМІЗДІҢ ҚАСЫНДА ЖАУАПКЕРШІЛІК ТЕ БІРГЕ ЖҮРУІ КЕРЕК ЕКЕН.
Ұлы тарихтан алар өнегеміз осы!
Жарас АХАН,
тарихшы