Халқымыздың түркі-мұсылмандық «топырақ танымы» яки адамның топырақтан жаратылуы түсінігі біздегі қаншама ырым-тыйымдардың пайда болуына әсер еткен десек артық емес. Бұл орайда «Бабалар сөзі» жүзтомдығы секілді кітаптарды негізге ала отырып, өзіміз көптен бері қойын дәптерімізге түртіп алып жүрген сол жазбалардың бір шоғырын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
- Адам кіндік қаны тамған ата жұртынан басқа жаққа қоныс аударып барғанда сол жерге бірден үйрене алмайды. «Жат жердің суы, ауасы жақпайды» деп кіндік қаны тамған жерден топырақ ала кетеді де, барған жерінде суға шомылдырып ішіседі. Сонда жат жерге тез бауыр басып кетеді деп ұйғарады.
- Бейіт топырағын сәндемейді. Табиғи қалпында жатқанын, көгеріп өсімдік өсіп тұрғанын ұнатады. Бейіттен бір шым-шым топырақ алып тастайды. Бейітті айналмайды.
- «Жер сілкінісі – Алланың бұйрығымен болатын іс» деп есептеледі. «Адамдардың ниеті бұзылып, арамдықпен жерді қорлау, ластау ісі етек алғанда жер шамданып, сілкінеді» деп те есептеледі. Сондықтан жер сілкінген кезде бір шым-шым топырақты алып, Аллаға жалбарынып дұға оқып, жүрекке басқан қалыппен жүрелеп отыру керек. «Күнәң болса, Алла да, жер де кешіреді» деп есептеледі
- Жерді сабамайды, тепкілемейді. «Қара жерді жамандама, қайтып сонда барарсың; Қауым елді жамандама, қарғысына қаларсың» дейді.
- Жүкті әйелдің күні жақындағанда: «Жер-ана, қуат бер» деп оны жалаңаяқ жүргізеді.
- Қазақ бет алды жер шұқымайды, жер қазбайды. «Бұл қылық өлім шақырады, ажалды хабарлайды» деп жаман ырымға балайды.
- Қазақ жек көрген немесе «енді көрмесем» деген адамның артынан бір уыс топырақ шашады.
- Қазақ мәйітті қабіріне кірген соң басын құбылаға қаратып жатқызады. Жанама қабірдің аузы жабылмай тұрып, жиналғандар бір-бір шым-шым топырақ салады. Онысы «көптен бұйырған топырақ» деген ізгі ниет.
- Қазақта «Көсені үйге кіргізбе, бөксесін жерге тигізбе» деген сөз бар. «Көседен көсеу де қалмайды» деп ырымдайды да, көсе отырған жерден бір шым-шым топырақты алып, далаға «Тфу-тфу» деп шашып жібереді.
- Малға оба тисе, қасиетті саналған адамдардың моласынан топырақ әкеліп, малды ұшықтайды. «Себебі обада бір қасиеттің белгісі. Оның да күшті қорғаушысы болады» деп ырымдайды.
- Табиғаттың ерекше, тосын құбылыстары құдірет саналған. «Топырақ үйілген төбешіктер, құла түздегі жалғыз ағаш, бұтақтары тарбиып өскен бұталардың өнген жері қасиетті» делінеді. Сол жерлерде түнейді, шүберек байлайды. Әулие көмілген жерлерге мал сойып, тілеу тілейді.
P.S. Қазақтың түркілік дәуірден тамыр тартатын «Жер мен көктің жаралуы жайындағы» көне аңызында да жер-топырақ аты аталады: «Жалпы жаралым атаулының ең арғы аңғырт заманында, жер де, көк те, жалпы жанды, жансыз заттардың ешқайсысы да болмаған. Алғашында әлем қара түнек, қаптаған қараңғы түн, астан-кестең толқып тұрған, лайсаң, лайлы телегей теңіз бейнесінде болған. Бұл телегей теңіздің өзі төрт нәрседен: от, су, топырақ және желден құралып, мидай былығып, сапырылысып, қайнап жатқан» делінеді. Одан қалса, Ұмай ананың құдіреті – адам баласына құнарлы топырақ пен тұнық су қайнарларын сыйлауы деп түсінілген деген де мәлімет бар.
Бұл жерде бір айта кетерлік жайт, жұртымыздың топыраққа қатысты наным-сенім, ырымдарының бір парасының тәңірлік кезбен де байланысты екендігі. Олардың арасынан «мынау» деп көзге шұқып көрсете алмасақ та, жалпы есебінде көнеқазақтық сарындардың да барлығын атап өткен жөн. Қалай дегенде де бұл әралуан қайнарлардан тамыр тартқан далалық діл-дүниетанымымыздың Ислам құндылықтарымен ұштастырылған синтездік табиғатын аша түседі.
Құрастырып, жинаған
Абылайхан Қалназаров