А.Шамсуддинов 1884 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген. Ұлты татар. Патша үкіметі дәуірінде Қазан қаласындағы медреседе діни білім алған. Құран-кәрімді жатқа білген қари болған. Өскемен мен Семейдегі мешіттерде діни қызмет атқарған. Кеңес үкіметі орнаған дәуірде де діни қызмет етуін жалғастырған.
А. Шамсуддинов 1943 жылы 15-20 қазан аралығында Ташкент қаласында Ишан Бабахан Әбдулмажидханның үйінде өткен Орта Азия мұсылмандарының алғашқы құрылтайына Қазақстан делегациясын бастап барады. Құрылтайда 160 делегат бас қосып, «Орта Азия мен Қазақстан діни назарияты» ұйымын құрады. Аталған ұйым төрағасы болып бірауыздан Бабахан ишан ибн Әбдулмажидхан сайланды. Сондай-ақ, Құрылтай нәтижесінде «Орта Азия мен Қазақстан діни назариятының» Қазақстандағы қазиі болып Абд әл-Ғаффар Шамсуддинов, Өзбекстанға Бабахан ишан, Тәжікстанға Салех Бабакалан, Қырғызстанға Олимхане Тура Шәкир, Түркіменстанға Анна ишан тағайындалады.
Алғашқыда Қазақстан қазиятының кеңсесін Алматыдан ашуға сол кездегі әлеуметтік жағдай мұрша бермейді. Жүріп жатқан ІІ дүниежүзілік соғыс діни мекеменің материалдық жағдайының түзелуіне өз салқынын тигізеді. А. Шамсуддинов Алматыда Қазақстан қазиятының кеңсесін аша алмаған соң бұрын өзі жұмыс істеген Семей қаласындағы Қос мұнаралы мешітте отырып өз міндетін атқарады. Соғыс біткеннен соң 1946 жылы ғана Қазақстан қазиятын Алматы қаласына көшіріп, Алматы орталық мешітінің имамы қызметін қоса атқарады.
А. Шамсуддинов 1930-шы жылдары жабылып қалған мешіттерді қайта ашу үшін облыстарды аралап, өңірлердегі діни ахуалды жақсарту жұмыстарымен шұғылданады. Кезінде діни қызметтен шеттетілген дін ғұламаларын қызметке шақырып, білікті имам-молдалар даярлау істеріне көп көңіл бөледі. Мешіттердегі күнделікті атқарылатын діни рәсімдер, ораза айт, құрбан айт секілді атаулы күндердегі құлшылықтарды атқару бағдарламасын жасайды. Мұсылман зираттарын реттеуді қолға алады.
Кеңес үкіметінің «Орта Азия мен Қазақтан мұсылмандары діни назариятын» құрудағы мақсаты – ІІ дүниежүзілік соғыста жеңіске жету болғандықтан, аталған ұйым халықтан садақа жинап, майданға ақшалай көмек көрсетіп отырды. Осы жұмысты Қазақстанда А. Шамсуддинов шама-шарқынша атқарды.
Мұрағаттық құжаттарда А. Шамсуддиновтің Кеңес үкіметінің дінге жауапты қызметкерлерімен кейде келісе алмай, өз бетінше әрекет еткені жөнінде мәліметтер сақталған. Мысалы, Қазақ КСР-нің Дін істері жөніндегі кеңесі төрағасы Н. Сәбитовпен жиі сөзге келіп қалатын. Сол себепті, Н. Сәбитов оның үстінен КСРО Дін істері кеңесінің төрағасы И. Полянскийге жиі шағым түсіріп отырды. Алайда, А. Шамсуддиновтің тиісті орындардың қарсылығына қарамастан, жиі көпшілікпен құлшылық атқарып, уағыз-насихат айтқандығы да көрсетіледі.
А. Шамсуддинов денсаулығына байланысты 1952 жылы өз орнына белгілі ғұлама Сәдуақас Ғылманиды қази етіп бекіттіреді. Осылайша, қазақ елінің алғашқы қазиы болған А. Шамсуддинов 78 жасында дінбасылық қызметті өзінің ізбасар шәкіртіне табыстайды. Келер 1953 жылдың маусым айында Алматы қаласында дүние салады. А. Шамсуддинов сол кездегі қазақ даласындағы діни ілімді жетік меңгерген ғұламалардың бірі еді.
Мұхан ИСАХАН