Сұрақ: Қазақтарға Ханафи мәзһабын ұстану міндет пе?
Жауап: Қазіргі таңда «Мен мәзһабты ұстанбаймын, тек Құран мен сүннетке сай амал етемін», – деп жүрген біраз еліміздің жастары ақиқаттан адасып, өзгелердің діни санасына қауіп төндіріп жүргені белгілі. Мәзһабты Құран мен сүннеттен бөлек жол деп пайымдаушылар үлкен қателікке бой алдырады. Имам Әбу Ханифа қандай да бір мәселенің үкімін шығару үшін мынадай негіздерге жүгінген: Құран кәрім, сүннет, ижмағ, сахаба сөзі, қияс, истихсан және ғұрып.
«Нахыл» сүресінің 43-аятында: «Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» дегендей, сахабалар, табиғиндердің өздері діни мәселеде өздерінің араларындағы білімділеріне жүгінген. Сахабалар мен табиғиндердің көзін көрген имам Әбу Ханифа, имам Малик, имам Ханбал, имам Шафиғи сынды мәзһаб иелері Құран аяттары мен хадистерді кең ауқымда түсіндіріп, Ислам, иман шарттарына амал етуге ыңғайластырып берген. Аталған ғалымдардың бастамасымен мәзһаб жолы қалыптасты.
Ханафи мәзһабы қазақ халқының діни рухани өмірінен айрықша орын алған. Адасушылықтан сақтану мақсатында Имам Әбу Ханифа сынды ғалымның соңынан еру қарапайым халық үшін міндет (уәжіп). Ғалымдар халыққа шариғатты үйретуші әрі түсіндіруші. Себебі қарапайым халық өздігінен шариғат пәтуасын шығарып амал ете алмайды.
Икрам АЙТАЕВ