Еліміз өз алдына бөлек отау тігіп, бабаларымыз аңсап кеткен тәуелсіздікке қолжеткізген соң өзін зайырлы мемлекет деп жариялады. Яғни Ата заңға енген бұл сөз, ел азаматтарының діни сенім бостандығына толық кепілдік берді. Адам қалаған дініне сеніп, құдайға құлшылық ете алады. Иә болмаса, діннен түбегейлі бас тартуына да құқы бар. Басты талап – адамның сенімі мемлекеттің қауіпсіздігі мен қоғамның тыныштығына нұқсан келтірмеу қажет.
Дін мен мемлекеттік құрылымды бөлу идеясы сонау орта ғасырларда-ақ Еуропа жерінде пайда болған-ды. Оған дейін шіркеудің мемлекеттік билікке ықпалы зор болды. Мұның кесірі қоғамның дамуына, ғылым-білімнің өрістеуіне айтарлықтай кедергі келтірген. Кейін шіркеудің өзі бірнеше ағымдарға бөлініп, жаңа көзқарастағы азаматтар тобы қалыптаса бастады. Әрі өзгерістер өз дегенін жасап, зайырлы мемлекет ұғымы пайда болды.
ХХ ғасырдың бас кезінде Ресейде түрлі қозғалыстар белең алды. Ақ патшаның тағы шайқалып, аз ұлттарға азаттық алу мүмкіндігі туындаған-ды. Осы тұста қазақтың жаңаша оқыған, көзі ашық зиялы қауымы бас қосып, «Алаш» партиясының негізін қалады. Алашордалықтар да егер азаттық алып, бөлек отау тіге қалсақ, Қазақ елі зайырлылық қағидатын сақтаған мемлекет болады. Дін мемлекеттен бөлінеді деген ұстанымда болды.
Бұл орайда, айтпай кетуге болмайтын маңызды дүние – дін мемлекеттен бөлінсе де, қоғамнан бөліне алмайды. Өйткені, адамды өмірге құлшындыратын, сенім беріп, жігерлендіретін дүние қажет. Көп адам өзіне қажет рухани құндылықтарды діннен табатыны шындық. Сондықтан, Кеңестер одағындағы тәрізді толық атеистік қоғам орнату да қоғам үшін кері әсер етуі мүмкін. Абзалы — діни сенімге еркіндік беру.
Таяқтың екі ұшы болады ғой. Діни сенімге түбегейлі еркіндік беріп қоюдың да өз зардабы бар. Өйткені, түрлі ағымға еріп, фанатизмге ұрынғандар ертең елдің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі де мүмкін. Бұған жол бермеу үшін Қазақстанда 1992 жылы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданды. Бұл заң қоғам мен мемлекет арасында қарым-қатынастарды құруда маңызды рөл орындап, қоғамның көп бөлігінің, оның ішінде дінге сенушілердің де, сенбеушілердің де қажеттіліктерін білдіріп, оның өтелуіне мүмкіндік берді.
Заң бойынша діни ұйымдар ресми тіркеуге тұруы қажет. Сондай-ақ, діни ғұрыптарды сол ғибадатхана аумағында атқарады. Егер басқа жерде жүзеге асыру қажет болса, барлық тәуекелді ескере отырып, жергілікті атқарушы биліктің рұқсатымен және қолдауымен жүзеге асырады.
Бүгінде елімізде ресми түрде діни бірлестік ретінде тіркелген көптеген конфессия бар. Олардың барлығы ортақ мүдде – қоғам тыныштығы мен өзара келісім жолында бірлесе жұмыс істеп келе жатыр. Мемлекет діни ұйымдарды қаржыландырмайды және олардың ішкі ісіне қол сұқпайды. Қайта бірлесе жұмыс істей отырып, қоғамда болуы мүмкін алауыздық пен теріс пиғылдың алдын алады.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
Қалалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі