Дүнген ұлтының пайда болуы
Дүнген ұлты (қытайша атауы – лаохуэй, хуэнминь, хуэйцзу – қытай тілінен аударғанда – «мұсылмандар» деген ұғымды білдіреді) негізінен Қытайдың Нинся-Хуэй автономиялы ауданын қоныстанған халық. Түркі халықтары оларды «дүнген», «дұнған» деп атайды. Бұл атаудың шығуы сол халықтың өзінің пайда болуымен байланыстырылады. Мұндай пікірді дүнгеннің діни қайраткерлері Шэньси мен Ганьсу провинцияларынан Шыңжанға келген кезінде және ХІХ ғ. ортасындағы Солтүстік-Батыс Қытайдағы көтеріліс кезінде таратқан. Кейінірек осы «дүнген» атауын Қазақстан мен Қырғызстан Ресейдің құрамына қосылғаннан кейін Ресей Шыңжаң провинциясымен (Шығыс Түркістан) шекаралас болғандықтан орыстар да қолдана бастады.
Дүнген Ішкі Қытайда Нинся-Хуэйық автономдық аумағын мекендейтін хуэй (хуэй-цзу) халқынан тарамдалған. Қытайда хуэй-цзу халқының саны шамамен 10 млн. Хуэй халқы үш негізгі этнографиялық топқа жіктеледі: солтүстік, оңтүстік-батыс, оңтүстік-шығыс.
Дүнген халқының пайда болуы жайлы көптеген тұжырымдар бар. Жергілікті Шығыс Түркістан тұрғындарының арасында дүнгендер Александр Македонскийдің әскерінен қалған жасақтар деген болжам бар. А.Калимовтың «Дүнген тілі» атты мақаласында хуэй тайпасының пайда болуының жаңа нұсқасы жөнінде ой айтылады. Мақалада хуэй тайпасы Моңғол империясының жаугершілік соғыстарының салдарынан XIV ғ. Орта Азиядан Қытайға әкелінген араб-парсы құлдарының қытай халқымен араласуынан пайда болды деген тұжырым келтірілген. Келесі бір ғалым Г.Е.Грум Гржимайло өзінің «Материалы по этнологии Амдо и области «Куку-нора» атты этнологиялық зерттеуінде осы халыққа байланысты мынадай үзінді келтірген: «Юаньдық эпохада Гань су ауданына моңғолдардан бөлек тағы бір халық келді. Біраз уақыт бойы жат ел боп жүргендер Парсы, Хиуа, Самарқандтан және басқа да ирандық Азиядан Шыңғыс ханмен әкелінген болатын. Олар осы жерде дінінің бір болғанына байланысты бірігіп, қазіргі дүнгендердің бастауы болды». Кейбір ғалымдар дүнгендердің халық болып қалыптасу кезеңінде негізгі компонент оңтүстік ғұндар болды деп есептейді.
XIX ғасырдың 70-80-жылдары патша үкіметінің бастамасы бойынша торұйғырлар мен дүнгендер Жетісу жеріне қоныс аудара бастады. Бұған дейін олар Қытайдың Іле өлкесінің аумағында тұрып келген еді. Нанкин мен Кантон қалаларында мұсылмандық храмдар салғыздырды. Дүнгендер өздерін «туньган» деп атайды.
Мифологиялық дереккөздерде 618-907 жылдарға жататын Тан династиясының императоры жаман түс көреді. Түсінде айдаһардан жас бала құтқарып алады. Кеңесшілері айдаһарды көшпелі халықтар, ал жасыл киімге киінген жас баланы батыста пайда болған жаңа дінмен байланыстырды. Император Арабиядан көмек сұрап өзінің хатшыларын жібереді. Көшпелі халықтармен соғыста арабтардың әскерлері келіп жеңіске жетті. Араб-парсы әскерлерінің жергілікті қытай әйелдерімен қосылуы салдарынан дүнгендер пайда болды.
Қытай Тан әулетінің кезінде Орталық Азия және араб билеушілерімен жақсы қатынаста болды. VIII ғасырда Су цзун императорына қарсы Ань Лушань есімді генерал шығады. Императорға көмекке халиф Абу Джаффар Аль Мансур келді. Қытайға араб әскерлері келгеннен кейін Ань Лушаньның әскерлері талқандалды, көтеріліс басылып, келген әскер сонда қалған. Мұнда арабтардың мазарлары бар. Қытайлық дүнген мұсылмандар оларды өзінің арғы бабасы ретінде басына барып, Құран оқытып жатады.
Басқа аңызда жауынгер бейтаныс адамдар келіп қытайлықтарды қорқытады. Оларға қорқып жер бергенмен, ешбір қытайлық әйел тұрмыс құрғысы келмеді. Губернатор оларға қалалық мерейтойға келіп, сонда үшінші қатарда отырған кәрі немесе жесір әйелдерден таңдауға ұсыныс жасайды. Себебі, бірінші қатарда – жас сұлулар, ал екінші қатарда тұрмыстағы әйелдер отырды. Бірақ, қарсылық білдіргеніне қарамай, бірінші, екінші қатарда отырған, өзіне ұнаған әйелдерді күшпен тартып алады. Бұл жауынгерлердің ұрпақтары әкелерінен ислам дінін, ал аналарынан қытай тілін қабылдады деседі.
Шындыққа ең жақыны – шығыс халықтарының этногенезі мен тарихын зерттеуші Н.А.Аристовтың болжамы. Оның пайымдауынша, дүнгендер ғұн, түрк және ұйғырлардың қытайлықтарға сіңісуінен пайда болғандықтан, қытайлық салттарды, қытай тілін және киімін біршама қабылдады. Бірақ, қанындағы түркілік мінезі мен басқа да қасиеттерін сақтап қалды. Дүнгендердің мұсылмандықты қабылдауы оларды қытай халқынан біршама ерекшелейді.
Мәселен, 632 жылы Қытайға бағынып, Ганьчжоу мен Лянчжоу аралығында орныққан Сяньбилік тайпа дүнгендердің бабалары болып саналады.
1811 жылы Бұқтырма қамалынан Құлжа қаласына дейін саяхат жасаған Путимцева өзінің күнделігінде дүнгендер жайлы мәлімет келтіреді. XIX ғасырдың 70-80-жылдары патша үкіметінің талабына сай ұйғырлар мен дүнгендер Жетісу жеріне қоныс аудара бастайды. Бұған дейін олар Қытайдың Іле өлкесінің аумағында мекендеген болатын.
XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың бірінші жартысында онда тұрған ұйғырлар мен дүнгендер Қытай үкіметіне (Цинь) қарсы бірнеше рет өздерінің ұлттық тәуелсіздігі жолында күрескенмен, Қытай әскерлері ол көтерілістерді аяусыз басып-жаншыды. Ұйғырлар мен дүнгендердің күресі барысында Іле өлкесінде Іле сұлтандығы құрылды. Бұл мемлекеттік бірлестіктің құрылуы ондағы ішкі қарама-қайшылықтарды асқындырып жіберді. 1871 жылы Ресей әскерлері ол аймақты жаулап алды. Патша үкіметі өлке тұрғындарының отбасылық істеріне және мүліктік қарым-қатынастарына араласпау саясатын ұстанды. Құрылған жергілікті өкімет органдарын патша әкімшілігі өз бақылауында ұстап, жалпы жағдай едәуір тұрақтандырылғандай болды.
Алайда, дүниежүзі жұртшылығының талап етуімен ол өлкені Қытайға қайтару жөнінде келіссөздер жүргізіле бастады. Міне, осы кезде ұйғырлар мен дүнгендердің бұдан былайғы тағдыры туралы мәселе көтерілді. 1881 жылы екі империя арасында Санкт-Петербор бейбіт келісімшарты жасалды. Ұйғырлар мен дүнгендер бір жылдың ішінде Жетісу облысының аумағына қоныс аударуы жөнінде өздері нақты шешім қабылдауға құқылы болды. Бұл мәселе жөнінде жергілікті халықтың пікірі сұрастырылғанда, 10 мыңға жуық дүнген Қазақстан аумағына өтуге тілек білдірді
Қазақстанға келу тарихы
Дүнгендердің Қазақстан аумағына алғашқы қоныс аударуы 1877 жылдың желтоқсан айында басталды. Сол жылы Қытай жазалаушыларынан қашқан 4 мыңға жуық дүнген Жетісу жеріне жетіп жығылды. Қоныс аударушы дүнгендердің алғашқы толқынын Бый Янь Ху басқарды. Екінші толқын 1884 жылы өтті. Ал ұйғырлардың Жетісу жеріне қоныс аударуы 1881 жылғы күзде басталып, 1884 жылға дейін жалғасты. Олардың бір бөлігі көршілес Қырғызстанға барып қоныстанды.
Ұйғырлар мен дүнгендерді Қазақстан мен Орта Азияға қоныстандыруда патша үкіметі екі түрлі мақсат көздеді: біріншіден, Қытайдың Құлжа өңіріндегі экономикалық базасын әлсірете түспек болды; екіншіден, әскери-саяси жағдай шиеленіскен жағдайда оларды Қытайға қарсы әскери күш ретінде пайдалануды мақсат етті. Алайда, патша үкіметі бұл жөнінде жергілікті қазақ халқының пікірімен санаспады. Бұл кезде Жетісу жері мемлекеттік меншік деп жарияланып қойған болатын.
Ұйғырлар мен дүнгендер белгілі бір аумақта өз алдарына жеке қоныстануды қалады. Сөйтіп қоныс аударушылар негізінен Жетісу жеріндегі Верный және Жаркент уездеріне орналастырылды.
Қазақстан аумағындағы ұйғырлар мен дүнгендердің саны бірте-бірте арта түсті. Мәселен, 1897 жылы Қазақстанда 56 мың ұйғыр, 14 мың дүнген болса, 1907 жылы ұйғырлар 64 мыңға, ал дүнгендер 20 мың адамға жетті.
Дүнгендердің діни нанымы
Жалпы, әлем геополитикасында хуэй халқы – қытайлық мұсылмандар деп есептелінеді. Қытай Халық Республикасындағы ресми түрде танылған 56 ұлттық азшылықтың бірі. Олардың хань (қытай) ұлтынан айырмашылығы – тек дінінде. Хуэйлер таза қытай тілінде сөйлегенмен, олардың сөздік қорында будда дінін ұстанатын қытайларда кездеспейтін ислами сөздер бар. Жазуы да қытайдың иероглифтері негізінде. Хуэйлер бірнеше ғасырдан бері исламның ханафи мәзһабын ұстанып келеді.
Хуэйлер мен олардың Орталық Азия аймағына қоныс аударған ұрпақтары – дүнгендер әлемдегі қытай тілдес жалғыз ұлттар. Ислам діні бұл халықтар мекен ететін аймақтарға VIII ғасырда Ұлы Жібек жолы арқылы келген.
Қазіргі таңда Жамбыл облысының Масаншы ауылында 18 мың тұрғын болса, Сортөбе ауылында 21 мың тұрғын бар. Екі ауылда дүнген ұлтының өкілдері тұрады. Ауыл тұрғындарының 90%-ы намаз оқиды. Көшеде ойнап жүрген кішкене қыз балалардың да 90%-ға жуығы хиджап киген. Ауыл тұрғындарының барлығы дерлік ауылшаруашылығына бейімделген. Масаншы ауылында – 10 мешіт, Сортөбе ауылында – 12 мешіт қызмет етіп тұр.
Бұл мешіттердің қазіргі қал-ахуалына тоқталар болсақ:
1) «Мұсылман» мешіті, имамы Харсанов Рахи Губарович, 29.09.1975 ж. туған. Қырғызстан Республикасының «Омар» медресесін бітірген. Мешіттің сыйымдылығы – 1100 адам.
Мешіт имамы Масаншы ауылындағы «Қарилар дайындау орталығының» ғимаратын пайдалануға беретінін, ҚМДБ-ға тиісті құжаттар рәсімделіп жіберілгенмен, әзірге ешқандай жауап келмегенін жеткізді. Сонымен қатар, екі ауылда да мешіт жанында салынған үлкен ғимараттарда діни сауат ашу курстары тұрақты түрде жұмыс жүргізуде. Оқу түрі күндізгі бөлім болғанымен, жатып оқитын орындар да жабдықталған.
Қордай ауданындағы дүнген диаспорасы мекендейтін ауылдардағы
барлық мешіттер жанындағы Құран курстарының дербес кітапхана қоры бар. Онда көпшілігі араб және дүнген тіліндегі том-том кітаптар орын алған. Кітапхана қорының ҚМДБ тарапынан сарапталып, мақұлданбағаны анықталды.
Ешбір мешіт имамы Құран курсының оқу бағдарламасын бере алмады. ҚМДБ тарапынан аталмыш Құран курстарына қатысты қадағалау жұмыстары жүргізілмегені байқалады.
Жалпы, облыс бойынша шетелдік діни оқу орында оқитын жастардың саны 32 болса, оның 16-сы – Қордай ауданынан шыққан дүнген ұлтының өкілдері.
Түйін
Дүнген тілі екі диалектіден құралады: ганьсуйлік және шэньсуйлік. Қытай тілінен айырмашылығы – мұнда төрт емес, үш ырғақ бар: жоғарылайтын, төмендейтін және біркелкі. Дүнген тілінде араб, түркі және орыс тілінен енген сөздер біршама кездеседі. Түркі тілдес халықтардың арасында өмір сүргенімен, дүнген тілінің лексикасы біркелкі.
Дүнгендердің Қазақстан халқының құрамындағы үлестік көлемінің динамикасына келсек, онда ХХ ғасырдағы үлесі 0,1% мөлшерінде болғанын көреміз. 1999 жылдан бастап бұл көрсеткіш 0,2%-ға көтеріліп, 2007 ж. 1 қаңтарында 0,3% көрсетті. Яғни, тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстандағы жүргізіліп жатқан реформалар дүнген халқының өсіп-өнуіне оң әсер еткен.
1989-1998 жж. аралығында Қазақстанға 607 дүнген көшіп келген. Олардың 403-і ТМД елдерінен келген болса (негізгі көпшілігі Қырғызстаннан – 380 адам), Қытайдан 11 дүнген қоныс аударған. Бір ғана 2000 жылы Қазақстанға келген дүнгендер саны 172 адам болды. Олардың 154-і кері қайтып, көші-қон айырымы 18 адамды құрады. Ал 2000 жылдан бергі мәліметтерге көз жүгіртсек, онда 2000-2007 жылдар аралығында дүнгендер саны 8261 адамға көбейгенін байқаймыз. Бұл – Қазақстанда дүнген диаспорасының демографиясы күрт өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Мұхан ИСАХАН