Бүгін «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен «Қазақстан жастары – 2021» ұлттық баяндамасының мазмұндық бөлігіне сараптамалық талқылау жүргізді.
Талқылау жастар ортасындағы жағдайды жан-жақты талдауды, соның ішінде ашық қоғамдық пікірталастар өткізуді қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды.
Талқылауға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, жастар ұйымдары мен ресурстық орталықтардың басшылары қатысты. ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының, «Nur Otan» Қоғамдық саясат институтының, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты мен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жетекші сарапшылары да өз пікірлерін білдірді.
Ағымдағы жылы Ұлттық баяндама ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын ескере отырып дайындалады, онда қазіргі жастардың Тәуелсіздік құндылықтары туралы көзқарастары көрініс табатын болады. Қазақстандық жастардың әлеуметтік жағдайы туралы сапалы деректерді анықтау мақсатында әлеуметтанулық зерттеулер мен сарапшылық және ғылыми қоғамдастықпен ашық талқылаулар өткізіледі деп жоспарлануда. Ұлттық баяндаманы қалыптастыру барысында әзірленген ұсынымдар мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың маңызды практикалық құралына айналады.
Кездесу қорытындысы бойынша сарапшылар алдағы уақытта жүргізілетін ғылыми жұмыс жас ұрпақтың бірінші кезектегі қажеттіліктерін, сондай-ақ жастар саясатын талқылау кезінде ескерілуі тиіс негізгі трендтерді, қызығушылықтар мен сұраныстарды анықтауға мүмкіндік береді деген ортақ пікірге келді.
Еске сала кетсек, 2013 жылдан бастап «Жастар» ҒЗО жыл сайын «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасын әзірлеп келеді. Баяндама қазақстандық жастардың тыныс-тіршілігінің негізгі салаларындағы жағдайына жан-жақты талдау жасалынады. Бұл ғылыми жұмыстың басты мақсаты мемлекеттік жастар саясаты жүйесін жастардың өзекті сұраныстары мен мүддесіне әдістемелік қолдау және бейімдеу болып табылады.