«Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамы жолаушылар тасымалдайтын пойыздарда әйелдерге арналған вагондарға билет сата бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат акционерлік қоғамның ресми сайтына сілтеме жасап.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ билеттерді электрондық сату жүйесін тұрақты түрде жетілдіріп отырады. Биылғы жылдың 10 қазанынан бастап компания әйел адамдар үшін жол жүру құжаттарын (билеттерді) ресімдеу бойынша жаңа қызметті іске қосты.
Жобаны іске асыру үшін №77/78 «Алматы – Маңғыстау» және №351/352 «Алматы-1 – Өскемен» жолаушылар пойыздарында бір купе вагоны іске қосылды.
BILET.RAILWAYS.KZ сайтында немесе «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассаларында темір жол билеттерін рәсімдеу кезінде «ЖН» (әйелдер) белгісі болған жағдайда бұл вагон тек қана әйел жолаушыларға (толықтай вагонға) билет сатуға арналғандығын білдіреді. Сондықтан ер адамдар пойыз билеттерін сатып алғанда мұқият болуы керек. Бұл ретте аталған вагонға еріп жүретін адам болған кезде 7 жасқа дейінгі ер балаларды ресімдеуге рұқсат етіледі.
Бірінші рейске (№77 – 58п. пойызы, №351– 34п. пойызы) биылғы жылдың 10 қазанында әйелдер вагонына 92 жолаушының жол жүру құжаттары (билеттерін) рәсімделді.
«Әйел жолаушылар тарапынан осы қызметке сұраныс болған жағдайда компания Қазақстан ішіндегі маршруттардың ауқымын кеңейтуге және өз клиенттері тарапынан ұсыныстарға дайын» делінген Ұлттық компания мәліметінде.