Қазақстан Таяу Шығыстағы Әл-Ақса мешітіне жасалған шабуыл шиеленісінің күшеюіне алаңдаулы. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан қасиетті «Әл-Ақса» мешітінде мұсылмандарға шабуыл жасалуына байланысты Таяу Шығыстағы шиеленістің өршуіне қатысты өзінің алаңдаушылығын білдіреді. Қалыптасқан жағдайда тараптар ұстамдылық танытып, зорлық-зомбылыққа және ахуалдың одан әрі ушығуына әкелетін қадамдардан, сондай-ақ арандату іс-әрекеттерінен бас тартады деп үміттенеміз»,– деді Айбек Смадияров министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның мәлімдеуінше, қасиетті Рамазан айы мен Песах мейрамы кезеңінде саяси, діни және қоғамдық көшбасшылар аталған шиеленісті азайтуға бар күшін салады деп үміт артады.
«Қазақстан әрдайым толеранттық және діндер арасындағы диалогты нығайтуға шақыра отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы қауіпсіздік кеңесінің қарарларына сәйкес Таяу Шығыс мәселесін бейбіт жолмен шешуге бағытталған халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін қолдайды», – дейді ол.