Отырыста Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясында қабылданған шешімдер және жаһандық жаңа сын-тегеуріндер кезінде Ассамблея жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері қарастырылды.
Жиында сөз сөйлеген ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан табысты болуы халықтың бірлігіне, этносаралық келісім мен конфессияаралық татулыққа тікелей байланысты екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ ел ішіндегі бейбітшілік пен тыныштық, халықаралық қауымдастық алдындағы жоғары бедел, инвесторлардың сенімі мен экономикалық өсім Елбасы Н.Назарбаев ұсынған бірлік формуласының нәтижесі екенін айтты.
Сондықтан Ассамблея өз жұмысында біртұтас Қазақстан халқының ортақ құндылықтары мен мүдделерін қалыптастыруға басымдық беруі қажет.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан халқы Ассамблеяның жұмысын институционалдық және инфрақұрылымдық тұрғыдан одан әрі жетілдіруге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.