Соңғы бес жылда Қазақстандағы некелесу динамикасы шамалы төмендеді. 2017 жылы елімізде 141 791 неке қиылса, ең төменгі көрсеткіш 2020 жылы – 128 839 неке болып тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл зерттеу Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшылары әзірлеген «Қазақстандық отбасылар-2022» ұлттық баяндамасында жарияланған. Зерттеуде Қазақстанның 17 өңірі және 1200 адам қамтылған.
«Өңірлік бөліністе соңғы бес жылда неке қию деңгейінің төмендеуі барлық өңірде сақталып келеді. Алайда, халықтың некелесуінің жалпы төмендеуіне қарамастан, 2018, 2019, 2020 және 2021 жылдары Алматы қаласында Қазақстан бойынша некелесудің жоғары деңгейі сақталды. Одан кейінгі орында Алматы, Түркістан облыстары мен Астана қаласы тұр», – деп жазылған ұлттық баяндамада.
Аталған өңірлерде халықтың неке қию көрсеткіші салыстырмалы түрде жоғары болып қала береді. Осылайша, жыл сайын тіркелген некенің жалпы статистикасы бұл көрсеткіштің біртіндеп төмендегенін көрсетеді, бірақ бірнеше өңірде некелесу көрсеткіші әлі де жоғары.
2020 жылғы некелесу көрсеткішінің ең төменгі деңгейі COVID-19 пандемиясының қоғамдық өмірге, халықтың некеге тұруына әсер етуімен түсіндіріледі. Бұл жағдайда халықтың некеге тұру көрсеткішінің 7,6%-ға төмендеуі локдаун, мемлекеттік қызмет көрсетудің баяулауы және үйлену тойларын өткізуге шектеулер сияқты факторларға байланысты.
«Қазақстанда некеге тұрудың төмендеуінің басқа факторлары әлеуметтік-экономикалық және демографиялық жағдай болуы мүмкін. Ауылдық жерлерде жұмыспен қамтудың төмен деңгейі және халық табысының төмендігі сияқты проблемалар әлі де өзекті екенін атап өткен жөн. Бүгінгі таңда Қазақстанда 500 адам және одан да көп адам тұратын 6,5 мыңға жуық ауыл бар, олардың көпшілігінде мектептер, фельдшерлік қызметтер немесе сапалы, қауіпсіз автокөлік жолдары жоқ. Осының бәрі өмірлік жағдайларына қанағаттанбаушылықты тудырады, соның салдарынан жастардың жұмыс көбірек ұсынылатын қалаларға көшуіне әкеледі», – дейді зерттеу.