Қазақтың бейбіт өмірде қамшыласып, әскер жағдайында ғана жауға қарсы қолмен соғу өнерін тұтқанын жариялаған мақаладан кейін көп ой тұжырымдалды: Қазақ жұдырықтасқан ба? (kazislam.kz). Тіптен, офлайнда бірқатар кәсіби боксшылар, әуесқойлар хабарласып: «Шынымен, бізде жұдырықтасу болмаған ба?» деп мәнді түсінбестен ренжи сұраушылар және онлайнда «Болған» деп кіжіне дау айтушылар да табылды.
Ол еңбекті жіті оқыған адам онда «жұдырықтасу болды-болмадының» әңгімесі емес, қазақ күресі мәдениетінің елге кеңінен таралуы мен тамыр жаюының, ұлттық нышан сипатын алуыныңмұсылманшылық негіздерін көрсе керек. Рас, «Бақсақ бақа екен» демекші, мұнда да бәрі бір қарағандағыдай оңайынан емес. Бұл жерде де басы ашық дүдәмалдыққа орын қалдыруға болмайтынына көз жетті.
Әуелі сүйікті фольклордан бастайық. Қазақ батырлық ертегілерінің ең ежелгі үлгісі, көшпенді жұрттардың мифтік танымы, ырымдары мен әдет-ғұрыптарының бәрі көрініс тапқан «Ер Төстік» ертегісі кім-кімге де таныс. Зерттеушілердің бір тобы дәлелдемекші, «Төстіктің жер астына түсіп, үстіне шығуы, оның Шойынқұлақпен айқасуы шамандық көзқарасқа тән түсінікті бейнелейді». Әрине, оның мазмұны мен сюжеттік құрылысының, кейіпкерлері мен іс-әрекеттердің жөн-сипатын кеңінен талдап жатпақ емеспіз. Өз ретінде, басты кейіпкердің ағаларын іздеп жолға шыққандағы оқиғасының мына бір үзіндісін қарап жіберелік:
«Төстіктің келген елі ас беріп жатқан ел екен. «Ағаларымды осы астан іздеп көрейін», – деп, асқа тігілген қалың үйді жағалай қыдыра бастайды. Арықтаған, азған, киімі жыртық-жыртық Төстікті ешкім ескермейді. Жаяу жүрген адамды кім білсін? Сөйтіп келе жатса, табақшылар бір кезде: «Ерназардың сегізіне тарт, Ерназардың сегізіне тарт», – деп шуылдасып жүр екен. «Ерназардың сегізін көрейін», – деп үйге кірмек болса, табақшылар Төстікті кейін қарай сүйреп, қақпалай береді. «Қайыршы неме, әлі етке тоймадың ба?» – деп жекіріп ұрсады. Төстік оған шыдамай, табақшының біреуін ЖҰДЫРЫҚПЕН қойып қалып, мұрттай түсіреді. Жұрт жиналып қалады.
– Кім керек? Неғып жүрген адамсың? – деп Төстіктен жөн сұрайды.
Төстік:
– Маған Ерназардың сегізі керек, – дейді. Адасып кеткен сегіз ағамды іздеп жүрмін, – дейді.
Сол арада Ерназардың сегізі жөн сұрасып, Төстікпен жылап-сықтап танысады».
Бұдан нені байқаймыз? Ер Төстік батыр-қаһарман, басты герой болса да қызметші табақшыны тұмсыққа соғып, жалп еткізуден тартынбайды. Яғни бұл қазақты ислами сана «беттен соқпа» деп қанша қысса да, көбіне жеме-жемге келгенде жұдырықтаудан қайтара алмағанына ауыз әдебиетінен болса да «шым-шым» дәлел. Мұны «бір» деп қоялық.
Ал әлгі бірінші мақалада жұртқа «интрига» етіп қойған «Кенесары ханның жорықтарда өз қолы ішінде өткізген жұдырықтасулардың қазіргі тілмен айтқанда, «чемпионы» – Қоңырқұлжа төреден келіп қосылған Ботантай Алтайұлының ол жолдағы хикаясы қандай? Ол ұдайы жұдырықтасып, дәл осыған машықтанып жүрген жан ба еді?
Негізі Ботантай да жай адам емес, ол, ең алдымен – батыр Ботантай! Ол – палуан Ботантай! Ал енді мұның мән-баяны қалай, онысы Қарағанды облысының тұрғыны Тайтөлеу Жылқыбайұлының «Қазақ батырлары» (Алматы, 1999. №2) газетінде жариялаған дерегі бойынша хикаяттың ұзын-ырғасы былайша өрбіген:
«Қоңырқұлжаның ауылы Бұғылыға Кенесары келеді. Қоңыр Кенесарымен қанша қырғиқабақ болса да, сыр білдірмей меймандостық көрсетіп қабылдайды, төрден орын береді. Осыдан екі-үш жыл бұрын Қоңыр ат сұрай келген Кененің бетін қайтарса керек. Кенесары да «берсе, қолынан, бермесе, жолынан» дегендей Қоңырдың біраз малын айдап әкетеді. Онымен қоймай, «менің қолыма қосыл» деген тілек білдіреді. Орыс патшасының офицері Кенесарының бұл ұсынысына үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Екі төренің арасындағы кикілжің осылай басталса керек.
Бұл жолы Кенесары алдыңғы ісіне кешірім сұрап, енді жүз шақты сойыс малы мен мінер ат алмаққа келген екен. Үлкен әңгіме үстінде отырған екі төренің үстіне Бекалы мен Ботантай кіріп келеді. Ботантай төрде отырған аты аңызға айналған Кенесарыны көріп сәлем беріп, қос қолын ұсынады. Өмірінде мұндай алып жанды көрмеген төре, таңданғанын жасыра алмай екі қолын өзі де ұсынып, сәлемін ілтипатпен қабыл алады. Он алты-он жетіге жаңа толған балаң жігіттің қолына сұлтанның қолы көміліп кетеді.
– Балам, бойыңды жазшы, жөндеп бір көрейін? Бірнеше батырлар мен сарбаздарым бар, бірақ дәл сендей алыбы болған емес. Нөкерім де сенің қасында түйенің тайлағындай ма деймін. Шіркін, екеуің екі жағымда жүрсеңдер, адам түгілі табиғаттың да жел-суынан пана болар едіңдер, – дейді ағынынан жарылып.
– Ау, Кенесары, көлденеңді көк аттыға өңгертіп жіберетін тоқтым жоқ. Бұл жігіт аға-інідей болып кеткен Алтай ақсақалдың баласы Ботантай, менің ұлым Бекалы екеуі құрдас, бір жүреді. Ағасы Тұрсынбай, інісі Алдамжар үшеуі атқа қатар қонса, елімнің дауыл тосар терегі, сүйеніші, – дейді Қоңырқұлжа төре.
– Қоңыреке, олай болса, өзім үшін емес, халқымыздың біраз қалаулы азаматтары үшін маған қосыңыз. Іштегі орыстың қолында біраз жігіттер тұтқында отыр. Арасында жиенім Төрехан Сәмекен, оның төлеңгіті Сәрсенбай, немерелес інісі Иса, Қошқарбай, осы отырған жұрттың жақындары бар. Соларды қолымдағы тұтқындарға айырбастап алмақпын, – деп Кенесары жұртқа қарап еді, туыстары тұтқында жүрген біраз ағайындары көздері жасаурап Қоңырқұлжаға қарады.
– Сен генарал-майор Генсті білесің, – деді біраз ойланып отырған Қоңыр.
– Білемін. Ол көшпенді қазақтарға ілтипатпен қарайтын офицер емес, бірақ Николай патшаға аты таныс. Лобанов деген офицерді ала барсам, көнеді, – деді нық сеніммен.
– Жақсы, қасыңа біраз жігіттерді қосып, балам Бекалыны басшы қылып жіберейін. Тек қолға түсіп қалса, бар кінәні өз мойныңа аласың. Басқаша жағдайда арамызда қырғын болады, менің орыс офицері екенімді білесің, – деді түсін суытып Қоңыр.
Кенесары риза болып қол алысады да, тағы бір істің шетін шығарып:
– Жарайды, мырза, сіз қосқан жігіттерді көріп, сынақтан өткізсем қайтеді? – деп қулана жымиды. Қоңыр тілге келмей орнынан қозғалды. Далаға шыққан соң Кенесары Қараүлекті шақырып алып ымдап түсіндіреді.
– Орыс қаласында жұдырықтасу деген сайыс болады, сол сайысқа Ботантай мен Қараүлекті шығарсақ қайтеді? – дейді.
Екі жігіт белуарына дейін шешініп ортаға шығады. Қараүлек те осал емес екен, аюдай алып денесін түк басып кеткен, бұлшық еттері қатпарланып ойнап тұр. Ботантай болса әлі жас. Бұлшық еттері білеуленіп біліне қоймаған. Әйтсе де ол Кенесарыға атан түйедей көрінеді. Көзім тиеді деді ме, кім білсін, ішінен күбірлеп жерге үш түкірінді.
Сарбаздар мен ел екі жігітті алқа қотан айнала қоршап тұр. Ботантай Қараүлек мылқауға жақындай бергені сол еді, анау иектің астын ала соғып жіберді. Соққының қаттылығы сонша, шалқалап барып, созыла құлады. Кенесарының жігіттері айғайлап жатыр. Жас батыр орнынан ұшып тұрып, енді кезек менікі шығар деген оймен алға қарай адымдап келе жатқанын көрген Кенесары таң-тамаша болып қайран қалды. Қараүлектің мұндай соққысына іліккен адам орнынан тұрмаушы еді. Тұрса да бие сауым уақыттан соң есін зорға жиятын. Ал мынау болса, шыбын шыққандай көрмей алаңсыз тұр.
Ендігі кезек менікі шығар деп жақындап, ыңғайлана бергені сол еді, Қараүлектің қолы тағы да маңдайынан сарт етті. Ол тағы да мұрттай ұшты.
– Бота, Бота, неге ұрғызасың, сен де ұр? Бұл төбелесте кезек жоқ, – деп шу ете қалды жиналғандар. Қараүлекті қолдаушылар Ботантай енді тұрмас деді ме үнсіз қалды. Осы сәтте Қарпықұлы Бекназар Ботантайды қолтығынан демеп жатып:
– Қарағым-ау, не болды? Мынау тұрған халыққа алтай-қарпықтың басын төмен игізіп, Тоғызбай атаңның сағын сындырып! Неге жуытасың жұдырығын? Темештің көкдолы бұқасын бір ұрғанда, миын ағызған жұдырығың қайда? – деді қатты күйініп.
Намыстанған Ботантай бар күшін жинап алып, Қараүлектің оң қолын сол қолымен қағып жіберіп, оң қолымен қазық ұрғандай төбеден соққанда, мылқау дәу екі тізесін бүгіп, жас батырдың аяғын құша құлады. Ботантай дәудің басын көтеріп қараса, аузынан қаны ағып жатыр екен. Сол кезде тамашалап қарап тұрған Бекмұрзаның Тоқашы, Бөрішінің Құдыманы, Темештің Алақайы, Рақымжанның Жиенбайы бар біраз ауыл жігіттері Ботантайды тік көтеріп әруақтап алып кетеді.
Жас батырдың күш-қуатына разы болған Кенесары Ботантайдың иығына шапан жауып, Қараүлектің төртбақ Қаракер атын алдына көлденең тартады».
Осы жерде бір айта кетерлік жайт, Ботантайға қатысты біршоғыр дерек «Бабалар сөзі» жүзтомдығының 88-томында да жарық көрген. Бұл «академиялық орта да оған қатысты оқиғаларға бей-жай қарамай, жалпықазақтық әдеби-тарихи құндылықтар қатарына қосудан тартынбаған» деген сөз.
Қош, одан да бөлек, басқа малын айтпағанда жылқысының өзі он екі мың болған Қытай тараптағы – Күнестің дүрілдеген байы, қызай Нүптебек Сасанұлының асы туралы жырда тіптен күресте кәдімгідей жұдырықтасу, тіптен кикбокс болғаны айқын бейнеленген:
Анадай келіп тұрысты.
Толғап мойын бұрысты.
Ызалы көзбен атысып,
Бірін бірі сынасты.
Біріне-бірі жақындап,
Ұстаспай жұдырық ұрысты.
Екі дәу жолбарыстай жұлқыласты,
Тіресіп иықтарын, сүзіп басты.
Тигізбей денесіне қолдарын да,
Қағысып аяқпенен көп алысты.
Ұстаспай осылайша алысты кеп,
Жұлқысып арыстандай қағысты кеп.
Әдіс-айла сан алуан істетіп боп,
Бір кезде жұдырықпен соғысты кеп.
Анау ұрды Әбілданың бүйірінен,
Шыққандай болды Әбілда иірімнен.
Әбілда түйіп кетті балық еттен,
Күш кетті сонда дәудің иінінен.
Шап берді мойын түптен оны бұрап,
Әбілда дөңгелетті үйірумен.
Көтеріп алып ұрды шарқ еткізіп,
Қарғадай тұйғын тепкен барқ еткізіп.
Кеткендей жерге еніп сонда болды,
Табанын күнге қарай жарқ еткізіп…
Тағы бір деректі теріп айтар болсақ, атақты өнер саңлағы Мәди Бәпиұлы осы Арқадағы бір жәрмеңкеде жұдырықпен жалғыз соққанынан құламағанға «бір қап астық берем» деп, өзі онсыз да аш-арық көшпенділерді тегін ұрып, өзіндей қарашекпендерді күлкіге қарық қылып тұрған жерінде бір жуан орысты есінен тандырып кеткен. Тіптен тіл тартқызбай ана дүниеге аттандырды деген сөз бар. Өйткені ана кісәпір талай аңқаудың сорын қайнатқан, толғап ұрғанын тұрғызбайтын аймаққа мәлім сойқан болыпты. Бұған тек Мәди шыдас берген. Бірақ екі жақты келісім бойынша ол мұны бірінші соқса, бұл оны кезегінде қамшымен ұратын болып уағдаласады. «Неге жұдырықпен ұрмайсың?» деген орекеңдерге, «қазақ беттен соқпайды» деп жауап беріпті. Сірә да олар өз алдарында көп қазақтың бірі емес, әлімсақтан арна тартқан қамшыгерлердің пірі Үаһас Зараптың сарқыны, шертпе қамшы мен төкпе қамшыны бөлек-бөлек қолданатын ер тұрғанын білмесе керек.
Бұл мәліметтерге қарап не деуге болады? Бұл әрдайым таяқтың екі ұшы барын, осынау күрделі тақырыпқа да біржақты қарамау керектігінен хабар береді. Әлі де іздене түсу керек. Қысқасы, бұл мәселеге қатысты діни-мәдени тұрғыдан айтар болсақ, Ұлы даланың жер-жерінде мұсылманшылық мазмұны қаншалықты қою болса, бейбіт өмірде де соншалықты жұдырықтасуға жол берілген. Ал желдің өтінде, жаудың бетінде жасаған руларға сән қуып отыратындай емес, бұл үрдісті күнделікті практика жасауға тура келген десек артық айтқандық емес.
Мұндайға алматылық белгілі журналист Ардақ Құлтайдың жалпы өткеннен белгі іздеп тұратындарға арнаған төмендегі алтындай сөзі дөп келеді: «Қазақ бүйткен, қазақ сөйткен деп сөйлейтіндердің қатесі, меніңше, қазақтың ұлыстардан құралғанын түсінбейді, я ұмытады. Әрбір ұлыстың өз салты да, ырымы да, нанымы да болған. Қателесуім мүмкін, бірақ наймандар бірінші болып дін ұстанған деген де сөз айтылады. Осыған қарап-ақ, «қазақ бүйткен», «сөйткен» деп, аргумент ретінде қолдану манипуляцияның өзі емей не? Жалпы, былай сөйлейтіндер қазақ ұялы телефон ұстамағанын, көпқабатты үйде тұрмағанын біле ме екен? Демек, мына технологияға да талақ айтып, дәл осы «қазақ бүйтпеген» деген аргументті айтайық, демек. Миға қонбайтын әңгіме емес пе?».
Бұл орайда шымкенттік ойшыл Ғалымжан Оразымбеттің де (басқа тақырыпқа қарата айтылса да) «Қазіргідей бетжыртыс, талас-тартыста ең күлкілі және ең жыным келетін аргумент – қазақта болған-болмаған. Бүгінмен өмір сүрсеңдерші. Дұрыс десең, оның бүгін дұрыс болғаны үшін істе. Тарихта болғаны, болмағаны бүгін несі қызық? Тарихта бір ғана қазақ өмір сүргендей-ақ. Бір қазақ орамал тақты, бір қазақ құдайды боқтап өтті. Миллиондаған қазақ келіп кетті ғой. Бүгінгісін кешегімен негіздеу – өзіне, өзінікіне сенімсіз бейшараның далбасасы деп білемін. «Тарихымызда ешқашан болмапты. Бірақ осы маған қазір керек, бүгінгі құндылығым да, байлығым да осы. Тарихың тарихыңда жатсын» деген қазақ көрсем, соған ұйып, сапына тұрар ма едім? Тарихқа тыныштық беріңдерші» деген ойы назар аударарлық.
Қазақтың негізгі болмысы, басымының ділі – прагматиктік. Діни сенім бостандығы, плюрализм заманы. Боксты ұнатқан (діни таныммен келгенде, о дүниесі үшін әркім жауапкершілік арқалайды) бокстаса берсе, айып па? Ұнатпаған, «ұстанымыма қайшы» десе, күреске, штангі көтеруге, жүгіруге немесе басқа да спорт түрлеріне барса, кім «қой» дей алады? Бір бұл ғана емес, ондай-ондайды тарихта болғаны, я болмағаны үшін емес, қазіргі құндылығы, денсаулығы-рухына, қауіпсіздігі, тіршілігіне, тұлғалық дамуы мен ел мерейіне қажеттілігі үшін төбесіне тұтса, осы заманның «әулиесі» сол емес пе?
Айтылғандай, тарихта бір ғана қазақ өмір сүрген жоқ. Миллиондаған ата-баба жер бетіне із тастай өтті. Өмірлік түрлі ситуацияда біреулері жамағаттық пайыммен, жаға ұстасса, «көргенсіз болмайын» деп қамшылады, енді біреулері жұдырықтады. Бірақ басым бөлігі, көпшілігі, тағы қайталаймыз, тиісті тиымды басшылыққа алып, қазақ ішінде емес, онысын жауды жамсатуға қолданды. Есім хан мен Жәңгір ханның сенімді батырларының бірі ретінде тарихта аты қалған, атақты Қарасай батырдың жан серігі – арғын Ағынтай баһадүр де осы санаттан-дүр. Мысалы, ел аузында оның орасан зор қара күш иесі екендігі баса айтылып, жуан жұдырығы тигенді мұрттай ұшыра, сау қалдырмағаны жиі сипатталады. Сондықтан да қаһармандық дәуірде жасаған жұдырығы қатты адамдарды «Ағынтай жұдырығы» деп атайтын үрдістің күні кешеге дейін жалғасқаны шындық. Бір деректерге қарағанда, батыр осы соғу қайратын қалың жау шебіне ұрланып барып, Жәңгірді тұтқыннан босату операциясында өте шебер пайдаланып, қаптаған күзетшілерді сілейте, ханды құтқарып, одан қалмақ қонтайшысы – Батырдың өзін басынан ұрып талдырып, ханшасын ат артына өңгеріп ала келген (Б. Нұржекеұлы). Мұны да әскердегі жұдырық пайдасына жатқызып, қағазға түртіп қоюға болады.
Қалай десек те, қазақ жұдырықтасудан бұрын күресті көбірек құрметтеп, жоғары қойған халық. Себебі, бір-бірін беттен соққандардың кейін аға-бауыр, ағайын болып, өзара сыйласуы, іштесіп сыйысуы қиын екенін білген. Сыйластық – жүз-дидардан, беттің суынан шығатын құбылыс. Қазіргі шойын жұдырықшылар арасында да достық, жолдастықтың, араласудың балуандар ортасына қарағанда бәсеңдеу болатынының бір құпиясы осында ма екен, кім білген?! Қисса бойынша да Адамның бет-әлпетінің Меккенің топырағынан жаратылғаны себепті иманға ұйығанда құбылаға қарап бет түзеп, құлшылық етуі парыз болғаны айтылады. Яғни бет-жүз адамзат бойындағы жүректен кейінгі қадірлі жердің бірі есептеледі. Сондықтан да, арысқа түсіп белдесудің құдай көзінде легитимді, яғни заңды көрінгені ел таңдауына әсер етпей қоймаған деуге болады. Сол себепті жұдырықтасу емес, күресіп белдесу қазақ рухы мен Алаш символының бір атрибутына айналды.
Олай болса, «Пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі айналысты» деп есептелетін палуандық өнердің далалық түркі-мұсылман ортада ресми түрде құпталғанын кезекті рет айтып жату артық әрі азаматтық салт-сана мен діни шекке негізделген спорттық-әскери дисциплина ретінде қожа-молдалар тарапынан да қолдауға ие болғаны айдай ақиқат. Тіптен, қазып кеп берсек, талай да талай шайқы-әулиелердің, ишандардың балуан болғанының мәліметін табатынымызды несіне жасырайық?!
Алаштан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің «Нар жолында жүк қалмас» атты шығармасында «Қазақтың баяғы батырлары жекпе-жек өнерінің барлық қырын жетік меңгерген» дей келе, балуандық күреспен қатар, жұдырықтасуға да шебер болғанына айрықша атағанын есте ұстаған жөн. Марқұм Жақсылық балуан әсілінде бірнәрсені біліп жазған. Сол үшін де оның лепесін қайтара қайталап отырмыз.
Қазақта бұрын-соңды болған-болмағаны маңызды емес. «Болды» десек бірнәрсе өзгере ме? «Болмады» десек ше? «Арақ атадан қалған ас емес» дегенге тоқтаған қай қандас бар? Бір айтқыш: «Қазақта ондай болмаған» дейтіндер Төле бимен бір класта оқығын ба?» депті ғой. Ендігісін, өзі үшін бүгінгі буын-толқын – тірілер шешсе керек! Бас – өзінікі, қол – өзінікі, денсаулық-руханият – өзінікі, екі дүниенің есеп-қисабы – өзінікі, не тұрыс бар?!
Мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ