Иә, сұрақты тарихи-мәдени әдістеме тұрғысынан осылай төтесінен қоюға мәжбүрміз: «Қазақ жұдырықтасқан ба? Жалпы, бұ қазекеңде қолмен соғу өнері болған ба?». Әрине, қазақ айперендерінің қазіргі таңдағы бокс пен ережесіз жекпе-жектердегі жетістіктеріне қарап ой пішер болсақ, жұдырықтасып соққанда да, тіптен әкесін, атасы мен әжесін танытқан секілді көрінуі ғажап емес.
Бірақ «солай» және «олай емес» деуге де себеп көп. Өйткені, бұл жерде рұқсатты ресми және бейресмиліктің табы бар. Әсілінде қазақ халқы да бір есепте Ислам өркениетінің қиыр солтүстік шығыс қанатындағы бөлігі ретінде мұсылмандық қағидатты ұстанып, адамды беттен ұрмайтын, қайта алып, шалып жығатын палуандық-күрескерлік жағына ден қойған ұлттың бірі. Яғни, «төбелессеңдер де, беттен соғудан сақтаныңдар» деп келетін хадис пен тыйымды басшылыққа алған жұртпыз.
Алайда бұл жерде де бәрін біржақты кесіп-пішуге болмайды. Алаштан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров «Нар жолында жүк қалмас» атты шығармасында «Қазақтың баяғы батырлары жекпе-жек өнерінің барлық қырын жетік меңгерген» дей келе, балуандық күреспен қатар, жұдырықтасуға да шебер болғанына айрықша назар аударғанын есте ұстаған жөн.
Десе дегендей, Алаш аламан-сарбаз, сыпайларының шайқас пен соғыста жеңімпаздық жолында тұту үшін жұдырықтауды меңгермеген дей де алмаймыз. Былайша айтқанда, ауыл-аймақ арасындағы әуесқойлық ортада оған көргенсіздік ретінде жол бермей, әрі кетсе, қамшыласса да, кәсіби әскерилер ортасында жұдырық қайратына баулу кеңінен жолға қойылғаны – бұ да рас. Осы жағынан келгенде Ресейдегі «Кулачный бой» да белгілі бір дәрежеде біздің ертедегі жұдырықтасудың кебін киген десек артық емес.
«Оған да өз заманында Шіркеу мен зайырлы билік қырын қараған, язычестволық ғұрыптардың сарқыны деп білген және қарсы күрескен» деп куәлік береді Градополов секілді славян спортының білгір тарихшылары. Өз кезегінде, соның салқыны да болар, солтүстіктегі «ағайындар» ондай айбынды үрдістен қалған тарихи деректерінен бөлек, әфсана-тәмсілдерін әлі де жинап ала алмай жүр.
Айталық, мұның қазақ фольклоры мен ауыз әдебиетінде көбіне еркелете «шертіспек» деп әспеттей аталатыны және көптеген аңыздар, жыр-қисса, хикаятта көрініс беретіні қызық. Бұған тіптен дінтанушы-философ Әділбек Нәбидің де баса назар аударып өткенін ескермеске болмайды. Мысалы, бұл туралы ауызша жеткен әңгіменің бірі бүй деп сыр шертеді:
«Бірде Делдаш батыр мен Тазша бала жолығып қалыпты. Алып: «Осы Тазша палуан көрінеді, осымен бір күш сынасып көрейін» деп ойлапты да:
– Алыспақ керек пе, шертіспек керек пе? – депті.
Тазша Делдаштың палуан екенін біле қойып:
– Шертіспек керек! – депті. Алғашқы кезекті тазшаға беріпті. Тазша Делдашты шертіп қалған екен, Делдаш сойыл сілтем жерге барып түсіпті-міс. Екінші кезекте Делдаш шерткен екен, Тазша бір шақырым жерге барып аунап түскен көрінеді».
Мұны енді «ауызекі жеңіл фольклор ғой» десек те, тап осыған мысал болар жағдай бұдан әрірек ғасырларда, Ұлы далаға дін асылы енді еніп жатқандағы «Сәдуақас сахабаның «қасапшы» атануына» қатысты оқиғада да өрбитінін атап өту керек. «Сәдуақас бастаған араб әскерлері қазіргі күнгей атыраптағы Қаратөбе қаласын қоршап алып, Ислам дініне қантөгіссіз кіруге уағыздайды. Қарапайым халықтың қанының текке төгілмесін тілеп, ханына хабаршы жібереді. Арадағы келісімнен соң, екі ел әскерлерінің басшылары батырлары күш сынасып, жеңілгенінің дегеніне көнуге уәде байласыпты» деп шежірелетеді бұл орайда Қ.Т. Тәжиев баспаға дайындаған «Қазыналы оңтүстік» жинағы. Содан не керек, жергіліктілер арасынан алып тұлғалы, ел аузына алыптығымен ерте ілініп, Қарадәу атанған батыры шығып:
– Қатынға қауқар көрсеткен көшбасшың Сәдуақасты шығарыңдар! – деп айқай салыпты. Атынан түсіп, алмас қылышын қолына алған Сәдуақас сахаба топтан бөлініп, Қарадәу батырға жақындайды. Қарадәу де атынан түсіп, қарсы жүреді. Екі ортада жолығысқан екі батыр өзара тілдеседі.
– Атыспақ па, шабыспақ па, әлде алыспақ керек пе? – депті Қарадәу батыр өзінен дене бітімі жағынан аласалау келген Сәдуақас сахабаны менсінбегендей сыңай танытып.
– Қалауың білсін! – дейді сахаба.
– Егер қалауды маған берсең, қалаған қаруды алып, бір соғарды таңдайық, – дейді. – Қала деген өзің, менің қалауым – жұдырығым! Сондықтан алғашқы кезекті маған бересің. Жұдырығымнан аман қалсаң, алдыңда қарусыз тұрған мені қалаған қаруыңмен соға бер.
Осы тоқтамға келіскен Сәдуақас сахаба қылышын жерге қойып, Қарадәудің алдына барып тұрады. Қарадәу батыр көбіне ұрыс даласындағы жекпе-жектерінде қаруын тастап, көбіне жұдырықпен соққылауды таңдайды екен, жұдырықпен соғудың шебері болған деседі. Ұрғанын өлтіріп, соққанын орнынан тұрғызбайды екен. Түрткен адамы қайта қатарға қосылмайтын болыпты. Сондықтан көбіне қарсыласымен жекпе-жекте жұдырығын таңдап, бірінші кезекті алады екен.
Осы кезге дейінгі жекпе-жегінен жан пендесі тірі қалмапты. Осыған сенген ол оң қолының жеңін жоғары түріп, шоқпардай жұдырығын жоғары көтере бергенде аузына Құран аяттарының бірі түседі. Жер сілкінгендей күй кешкен Сәдуақас сахаба басына тиген ауыр соққыдан денесі теңселіп кетеді. Көзі тұманданып, айналаны қара түнек басқандай болады. Қолы мен тізесі жерге тиеді. Әлден уақыттан соң, өз-өзіне келіп, айналасына қарайды. Алдында түйедей болып Қарадәу тұр. Жұмулы жұдырығы әлі жазылмаған. Алға ұмтылып жүрмек болды, аяғы ауырлап, жүре алмады. Сонда ғана байқады, төбесіне тиген соққыдан аяғы тізеге дейін жерге кіріп кетіпті. Аяғын шығарып, қолына қылышын алған сахаба Қарадәудің қасына келіп:
– Адам төзбес соққыңнан дінім мен Құдайым сақтады. Сен де сенген дінің мен Құдайыңа құлшылығыңды жасай бер, ендігі кезек менікі! Егер көнсең, дініме кіріп мұсылман бол, жаның қалады. Болмаса, жаназаңды жаныңдағылар шығара берсін! – дейді. Қарадәу батыр да ер екен. Екі сөйлемейді. Сахабаның ұсынысын қабылдамай:
– Екі сөйлер езің мен емес, кезек сенікі! – дейді. Ол сөзін аяқтай бергенде сахабаның қолы қимылдап, қылыш жүзі күнге шағылысып, жарқ етеді. Мұны көрген Әзіреті Әлі:
– Па, шіркін қасабым-ай! – деп, тамсана дауыстапты. Содан бері Сәдуақас сахаба «қасапшы» атаныпты-дүр.
Бұдан біз нені көреміз?
Бұл арғы қазақ – қазаққа дейінгі түркі-моңғол қазақта аса дамыған жұдырықтасу өнері болған және ол жекпе-жек деңгейіне дейін қолданылған деген пайымға жетелейді. Әрі оны қолданушылар да нағыз сөзінің ері болған. Кезектесуден қандай жағдайда да тайсақтамаған. Бір жағынан осының өзі қазақ палуандық өнерінің негізінен дін ісләмммен тығыз байланысты және соның келуімен кеңінен тамыр жайғанын, ал жұдырықтасудың момындық қағидатқа қайшылау болуымен бейресми халге түсіп, артқы планға шегінгенін де көрсетеді.
Одан беріден алсақ, «Ер Жасыбай» тарихи жырында да батырлардың қарулардың бәрін жиып қойып, өзара жұдырықтаса кеткенін керемет суреттеген тұстар бар:
…Мейманын неше күндей құрмет етіп,
Темір мен Жасыбайды күтеді енді.
Бұлайша екеуіне құрмет етті,
Бірнеше арасында күндер өтті.
«Жеріне Аюшаның жүреміз» деп,
Тағы да екі бала талап етті.
Мінді де Шалқұйрықпен жүріп кетті,
Түбіне Қаратаудың барып жетті.
Сары алып Омар деген өгей ұғылы,
Бұларды Қаратауға іздеп келді.
Ұшырды жел қаңбақтай таудың тасын,
Сол күнде даусы келді кәпір жаудың.
– Баласы Аюшаның жеткен екен,
Қарағым, білдіңіз бе, Темір бауырым?!
Бір-бірін соғысады бірі көрмей,
Бұлардың көңілі тынбас біреуі өлмей.
Төртеуі төбелескен тастарынан,
Қаратау болған екен жермен бірдей.
Төртеуі көрді сонда қараларын,
Ашумен байқамайды шамаларын.
Ақырысып жүгірді бір-біріне,
Жазғалы көкіректен жараларын.
Алмады қолдарына найза қылыш,
Болмады масаласы бұдан бұрыш.
Ашумен қан төгіліп көздеріне,
Төртеуі жұдырықпен салды соғыс.
Төртеуі төбелесіп салды ойран,
Қалмады балалардың атасы ойдан.
Алысып аждаһадай төрт палуан,
Тау мен тас түтіліп жүндей болған.
Әрине, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бірақ бізге ең маңыздысы – түпкі тарихи мәннің қандай ақпараттық формада болса да осы күнге бұзылмай жетуі емес пе?
Сонымен, әуелгі сауалдың жауабына келейік: Арғы-бергі қазақ түгел жұдырықтасқан. Бірақ бергі қазақ күнделікті тұрмыста соғудан көрі қамшыға көбірек жүгінген. Бірақ оны еркектік қадір-қасиет – ез тірліктен гөрі ерлікпен өлуді жоғары бағалаған ділге сай, этнограф қандас Айып Нүсіпоқасұлы айта беретін Отаны мен ел-жұртын, халқының мал-мүлкін, жер-суын, ар-намысын, тіпті, өз отбасы мен бала-шағасын майдан даласында қорғау жолында ғана қолданысқа түсірген.
Мәселен, Кенесары ханның жорықтарда өз қолы ішінде өткізген жұдырықтасуларда Қоңырқұлжа төреден келіп қосылған Алтайұлы Ботантайға ешкімнің тең келмей, «әскер чемпионы» болғаны турасындағы мәлімет осы сөзімізді растайды. Тіптен Қоңырат Тоқбалат ішінде бетіне жан қаратпастығы үшін өз аты ұмытылып, «Жұдырық» атанып кеткен Барақұлы Жұдырық батырды қайда қоямыз? Ол да қарсы келгеннің бәрін құлақ шекеден қойып, сілейтіп сала беріпті.
«Құдай берейін десе, жұдырыққа тас сынады, Қимайын десе, бұршаққа тіс сынады» дегенді де айтқан атам қазақ. Ендеше, бүгінгі бокстың аты болмаса да, ел арасында заты болғанына бұл да бір болса дәлелет. Бәсекеге толы қу тіршілік болған соң, шойын жұдырықсыз бейбіт өмір қайда бар? Не десе де қарапайым қисын солай дейді.
Ал палуандық… балуандық жүйе – ол дегеніңіз далалық түркі-мұсылман-қазақтық ортада ресми түрде құпталған әрі азаматтық салт-сана мен діни шекке негізделген қазақ мемлекетшілдік-мұсылманшылық санасы басымдық берген спорттық-әскери дисциплина болатын. Сондықтан да ол сол бастапқы қарқынмен бүгінге дейін құпталған күйде жетті де, ал көне, ілкідегі жұдырықтасу өнері ғасырлар қойнауында шаң қауып қала берді.
Болмағанда «Қазақстан барысын» ғана емес, мына бауырлас халықтар – орыс пен украин секілді біздің де «махач» өткізіп жатарымыз анық еді. Славяндардың бұл жердегі тәсілқой тұсы сол, олар қандай да қатаң діни шектеулерге қарамастан жекелей және топ болып іске асырылатын жұдырықтасу ғадетінен көз жазбай, осы күнге дейін алып келді. Айырмасы сол ғана.
Мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ