Нұр-Сұлтан қаласының Брусиловский көшесі бойында орналасқан жұмбақ ғибадатхананың маңдайшасында бұрын тек «Дом молитвы» деген жазу болатын. 1-2 жыл бұрын оған «Дом молитвы для всех народов» деген жазу қосылды. Көп өтпей «Барлық халықтарға арналған сыйыну үйі» деген қазақшасы да жарқ ете қалды. «Бұл неғылған жер?» деген ой көптен көкейде жүрген. Жуырда арнайы барып, храмның пресвитері (епископы) Геннадий Врублевскиймен сұхбаттасып, сыйыну үйінің мән-жайын анықтадық.
– Геннадий мырза, бұл қандай ғибадатхана: шіркеу ме, синагога ма, будда храмы ма?
– Маңдайшамыздағы крестті көрген шығарсыз, яғни бұл жер – шіркеу. Біз протестант дінінің бір тармағы – евангелиелік христиан-баптистерміз. Храмның ресми атауы – «Евангелиелік христиан-баптистері шіркеуі» жергілікті діни бірлестігі. Ғибадатхана 1995 жылы ашылған. Ал өзім 2000 жылдан бері осы сыйыну үйінің басшысы болып істеп келемін.
– Шіркеуіңіз ресми тіркеуден өткен бе?
– Әрине, заң бойынша тіркелмеген діни бірлестіктер елімізде жұмыс істей алмайды. Біздің шіркеуімізге мүше адамдар саны 50-ден асқандықтан, жергілікті діни бірлестік ретінде тіркелдік. Бәрі заңды түрде. Қазір Қазақстанның барлық аймағында 200-дей баптистік шіркеу бар. Олардың бәрі «Қазақстанның евангелиелік христиан-баптистер одағын» құрайды.
– Одақтың орталығы қай жерде?
– Орталық кеңсеміз Қарағанды облысының Саран қаласында.
– Маңдайшаларыңызда «Барлық халықтарға арналған» деген жазу тұр. Бұл нені білдіреді? Басқа діндегі адамдар да осында келіп, құлшылықтарын жасай ала ма?
– Әрине. Егер мұсылмандар кіріп, намаз оқимыз десе, оған ешкім кедергі келтірмейді.
«Барлық халықтарға арналған» деген сөзіміздің мәніне келсек: Құдай үшін барлық ұлт бірдей, ол ешкімді ұлтына қарап алаламайды. Кез келген адам бұл жерде өз тілінде, өзі қалағанынша сыйына алады.
Дегенмен, баптистер шіркеуі болғандықтан, негізінен мұнда біздің сеніміміз бойынша құлшылық жасалады.
– Сіздер – христиансыздар, бірақ православиелік христиандардан қандай айырмашылықтарыңыз бар?
– Сенім жағынан ешқандай айырмашылығымыз жоқ. Інжіліміз де бірдей. Менің қолымдағы Інжілді орыс тіліне православтар аударған. Тек кейбір ғибадаттар мен сыртқы көрінісіміз жағынан ғана өзгешелігіміз бар.
Өзіңіз көріп отырғандай, ғибадатханамыздың ішінде православтық шіркеулердегі сияқты майшамдар, мүсіндер жоқ, қабырғаларымызға суреттер салынбаған. Бір қарағанда, зайырлы мекеменің жиналыс өтетін залына ұқсайды.
Православтар Інжілден бөлек өзге де діни кітаптарды пайдаланады. Біз олардың ешқайсысын оқымаймыз. Өйткені, Інжілдің өзі бірнеше кітаптан тұрады. Одан өзге кітаптарға мұқтаждығымыз жоқ.
– Сіз адамдар жазған діни еңбектерді айтып тұрсыз ғой?
– Иә, өзге діни әдебиеттер бізге керек емес.
– Сіздер де Құдайды үшеу деп айтасыздар ма?
– Құдай – біреу, бірақ үш ипостасьтан тұрады.
– Шіркеуді кім қаржыландырады?
– Ешкім қаржыландырмайды. Ғибадатхана шығындары мүшелеріміздің берген садақасымен жабылады.
– Мұнда келетін адамдардың арасында қазақтар бар ма?
– Қазір жамағаттың шамамен 15-20 пайызы – қазақтар. Бірақ, соңғы кездері көбейіп келеді. Олардың арасында орысша нашар білетіндер де бар болғандықтан, біз құлшылық рәсімдерін қазақ тілінде де өткіземіз. Қазақша ән айтамыз.
Бұл құлшылық үйі ең алғаш ашылғанда келетін адамдардың көбін орыстар мен немістер құрайтын. Сондықтан шіркеу ішіндегі жазулар да орыс және неміс тілдерінде болды. Қазір заман өзгеріп жатыр. Немістер азайып, олардың орнын енді қазақтар басуда. Өзіңіз көріп отырғандай, қабырғаларымыздағы жазуларды орыс және қазақ тілдеріне ауыстырдық…
Сұхбаттасқан Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ