Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы мәдени құндылықтары қалыптасады. Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуға, өнерге, білімге, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген. Ұл бала – қазақта шаңырақ иесі, ер-азамат – ата-ананың отын тұтатушы болып саналады.
Қазақ отбасының ерекшелігі – жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде. Қазақ отбасындағы үлкенді құрметтеу әдеті жауапкершілік, адамгершілік сезімдерін туғызған.
Дұрыс бағытқа бағдарлау көп жағдайда абыройлы әкеге, үлгілі отағасына, қадірлі ағаларына байланысты. Халқымыз ұл бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қай халықта болмасын, ұл бала тәрбиесі – әке меншігінде. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дей отырып, қазақ отбасында әкелер өзінің білетін бар өнерін ұрпағына үйретіп, оларды мерген, аңшы, яғни «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт етіп тәрбиелеген. Бала ес білгеннен бастап, оның құлағына «сен ертеңгі шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, арқа сүйер жарсың, отбасының асыраушысысың, сондықтан да жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген сөздерді құйып отырған.
Халқымыз ер баланың 12-15 жасынан бастап, оның алдында өмірдің дайындаған талай қиын-қыстау шақтары мен қуанышты сәттері бар екендігін ескере отырып, «Аты аталмаған жігіттен аты аталған төбе артық» деп намыстандыратын, «Айтсаң, үйде туып, түзде өлетін жігіттерді айт» деп таңдандыратын, «Өнерлі жігіт өрге озар, өнерсіз жігіт жер соғар» деп шамдандыратын, «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді», «Ерлік білекте емес, жүректе» деп қайраттандыратын, «Ақыл жастан, асыл тастан» деп сеніміне шек келтірмейтін, «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп армандайтын еді халқымыз.
Қазақтың ұлы ойшыл ғұламаларының бірі Ж. Баласағұни өзінің «Құтты білік» дастанында балаға тәрбиені отбасында бер, «ақ маңдайлы ұл-қыз туса, үйіңде өсір, бөтен жерде қалдырма» деп келер ұрпаққа өсиет ете отырып, баланы жас кезінен білім мен өнерге, еңбекке баулу арқылы жаны мен тәні сабақтас жетілген парасатты ұрпақ өсіретінімізді атап көрсеткен. Ата-анасын аялай, құрметтей білген баладан жақсы азамат шығады. «Әкесін аман сақтап қалу үшін жанын қиған ұлдың өлімі – ең бақытты өлім болып табылады», – деген Баласағұнидың ұстазнамалық тұжырымдамасында осындай керемет ойлар жатыр.
Шығыстың басқа ұлт өкілдерінің отбасындағы сияқты қазақта дүниеге ұл келсе, тұқымымыздың жалғасы, шаңырақ иесі туды деп ұлан-асыр, ат шаптырып той жасау күні бүгінге дейін сақталған. Дүниеге ұл әкелу, әсіресе, әке үшін зор бақыт, үлкен мақтаныш. Қазақта бір кісі қайтыс болса, артында қалған баласы бар ма еді деген сауалы болады. «Бар» деген жауап естісе, «орнында бар оңалар» деп бата береді.
Отбасындағы ер баланың өз орны бар. Мысалы, тұңғыш ұл – кейінгі іні-қарындастарының қамқоршысы, ата-анасының көмекшісі, оған «Ағасы бардың – жағасы бар» деп арқа сүйеген. Кенже ұл – шаңырақ иесі. Басқа балалар енші алып, бөлек отау құрып жатса да, кенже ұл әке-шешенің қолында қалады. «Ұлға отыз үйден тыйым, он сан үйден сын» демекші, ер жігітке айтылар сын көп, қойылар талап жоғары. Халықтың дәстүрлі тәрбиесінде осы баға «жігіт сыны» деп аталады. Қазақ халқының менің ұлым деп көкірек қағып, мақтаныш тұтар ұлының қандай болу керектігі туралы халықтың талғамына сай бейнеленеді:
а) кескін-келбеті: «Еңсегей бойлы, өткір көзді, қара қасты, қыр мұрынды, кең маңдайлы, кең иықты, жуан білекті, темірдей саусақты»;
ә) қадір-қасиеті: «Қырандай алғыр, сұңқардай өр, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қасқырдай өжет, жау жүректі, жылқыдай мінезді, бұландай алып, сауысқандай сақ»;
б) қабілет-икемі: «Көсем жігіт» – ел басқаратын жігіт, «Шешен жігіт» – дау шешетін тұлға, «Батыр жігіт» – еліне қамқор, жауына алаберен жігіт, «Сері жігіт» – аттың жүйрігін мініп, иттің алғырын ертіп, қыранның қырағысын баптап, ат құлағында ойнап, ер қаруы – бес қаруды сайлап, мың құбылтып ән салып, күмбірлете күй тартатын өнерлі жігіт.
«Жомарт жігіт» – дастарқаны берекелі, пейілі кең, өзі жайдары, «Палуан жігіт» – мойыны жуан, жауырыны қақпақтай, бұлшық еті темірдей, қимылы шапшаң, иненің көзінен өтердей епті, алып күш иесі.
Осы аталған қадір-қасиеттерді бүгінгі ұландар бойына дарыта білсек, онда зерделі де зейінді, өнерлі де талантты, жігерлі де қайратты, адал да парасатты, елі-халқы сыйлайтын ер жігіттің келешегі жарқын, жолы ашық.
Осы орайда, оларға берілетін тәрбиенің артықшылығы неде деген сұрақ ойға оралады. Өйткені, оларды бесік жырына құлағын қандырудан бастап, ауыз-әдебиеті мен ата-баба тарихына сусындатудан бірізділікпен ер балаларға негізделген тәрбиенің әдістемесінің жасалуы ер бала тәрбиесінің маңыздылығын сезіндіріп қана қоймайды. Сондай-ақ, нәтиже де берері анық.
Ал, керісінше, жалқаулықты серік етіп, жанын өтірікпен бағып, біреуді алдап, біреуді арбап, шыққан тегін білмейтін, отбасы түгілі өз басын да асырай алмай жүрген ерлерімізден қандай ұрпақ жалғастығын күтуге болады? Осындай керағар тәрбиеленген ұрпақ өкілдерінің тәрбиесіне кімді кінәлаймыз? Қоғамды ма, әлде ата-ананы ма?
«Атадан тағылым алмаған ұл жаман, анадан өнеге көрмеген қыз жаман», «Атасыз ұл ақылға жарымас, анасыз қыз жасауға жарымас», «Бала тәрбиесі – бесіктен» деп түйіндей отырып, ер бала тәрбиесінің отбасында және мектепте қыздармен қатар берілуіне ерекше мән беріп, арнайы тәрбие бағдарламалары жасалуға тиіс. Өйткені, ер баланың дұрыс тағылым-тәрбие алуы, дүниенің сырын танып білуі отбасындағы ата-аналардың ақыл-кеңесі мен үлгі-өнеге көрсетуімен байланысты. Ұлттық тәрбиенің бұрынғы әдістерін бүгінгі күн талабымен жаңаша қарастырған жөн.
Ата-бабамыз жасап, сомдап кеткен жігіттің моделін одан әрі, бүгінгі күннің талабына сай жетілдіріп, өскелең ұрпағымыздың бойына дарыту, тағдырдың қандай тәлкегін көрсе де, қайсарлығы мен тектілігін жоғалтпаған дана халықтың ұрпағы екендігін ұғындыру, олардың бойына мақтаныш сезімін туғызу – ата-ананың бірден-бір міндеті. Кейінгі жылдары ұлдар арасында тым жұмсақ мінезділер де кездеседі. Мамандар мұны ер-азаматтардың ұрпақ тәрбиесінен мүлде сырт қалуының салдары дейді. Кей уақытта бала әкесіз өсіп, анасының тәрбиесінде болады. Жүрегі жұмсақ аналарымыз кейде ұлды тым еркелетіп жібергенде, әкенің салмақты сөзі ауадай қажет.
Ата-бабамыз қан тазалығына, тектілікке қатаң қараған. Қазақта «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп барлық саналы қазақ азаматтарына айтылған. Жеті атаға дейін өз руының қыздарына үйленбеуге тырысқан. Қазақтар ұлдарын он үш жасында отау иесі деп дайындаған. Бала дүниеге келгенде кіндігін кім кеседі, бесікке кім бөлейді – сол адамға тартады деп те ырымдаған. Адамгершілік, қайырымдылық, әдептілік сияқты қасиеттер үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» дейді дана халықымыз.
«Ер баланы алты жасқа дейін хандай көтер, сыйла. Алты жастан он алты жасқа дейін құлша жұмса. Он алты жасқа толғасын досыңдай сырлас, сыйлас» деген қазақ халқында нақыл сөзі бар. Ер баланың тәрбиесін неден бастауымыз керек? Бала кезінде ұлдың жұмысы, қыздың шаруасы деп бөлген дұрыс емес. Ата-анасына көмектескісі келсе, қолын қақпау керек. Бала әкені сенімді дос ретінде санайтын болсын. Үлгі тұтатын әке болсаңыз, бала сізге адал дос, қолдаушы болады.
Ұл бала ерлерге тән ойлау жүйесін, жігіттік болмыс-бітім, мінез-құлықты бойына қайдан сіңіреді? Қыздардың – анасына, ұлдардың – әкесіне еліктейтіні анық. Ұл бала әкесіне ұқсас болғанын қалайды. Ұл үшін әкесінен асып түсер мықты адам жоқ: ол көлік айдайды, ауыр заттарды оп-оңай көтереді, ештеңеден қорықпайды. Қазақта үстелдің төрінде әкенің тұрақты орны бар, оған басқа ешкім отырмайды. Балалары әкесі наннан ауыз тигеннен соң тамақтануға кіріседі, сосын әкелерінің ас қайыруынан соң ғана орындарынан тұрады.
Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой» деп мақтайды. Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз. Отбасындағы тәрбие әрбір мүшенің өзін-өзін сақтау, ұрпақты жалғастыру, өзін-өзі сыйлау қажеттігінен туындайды. Баланы дұрыс тәрбиелеу отбасында, алдымен, жанұя жағдайы, онда қалыптасқан оң моральдық-психологиялық ахуал, татулық пен өзара түсіністік, сүйіспеншілік пен сыйластық, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрмет сезімдері, яғни, отбасындағы кіршіксіз таза, мөлдір көңіл-күйі тікелей ықпал етеді.
Қазақта ұлдар әкесі немесе атасының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен. Шығармашылықта, ақындықта танылған жас баланың тәрбиесіне аса назар аударған. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін дәстүр. Әкесінің баласына қал-дырған ең үлкен мұрасы – оны жақсы тәрбиелеуі дей отырып, баласын оқытып, жақсы көріп, баласына ат қою, баласын сау етіп өсіру, үйленер жасқа келгенде баласын үйлендіру – қазақ от-басының басты міндеттерінің бірі. Қандай ата-ана болсын баласының дұрыс адам болғанын, өзінен артық болғанын қалайды.
Ғ. ҚОЖАҒҰЛОВА