Шыңғысхан жер қайысқан жеңімпаз қолымен жаулап алған жерлерін бәйбішесі Бөртеден туған төрт ұлына ұлыс қылып бөліп берді. Үлкен ұлы Жошы ханға Ертіс өзені мен Орал тауларына дейінгі жерлер, одан ары қарай батысқа қарай «моңғол атының тұяғы жеткен жерлерге дейінгі аймақтар», оңтүстікке қарай Каспий мен Арал теңізіне дейінгі жерлер берілді. Амударияның төменгі жағындағы аймақтар (солтүстік Хорезм) мен Сырдария өңірі де Жошы ұлысына кірді. Бұл жерлер «Жошы ұлысы» деп аталды.
Шыңғысханның екінші ұлы Шағатайдың үлесіне Қашқария, Жетісу, Маураннахр тиді. Үшінші ұлы Үгедейге батыс Моңғолия мен Тарбағатай аймағы берілді. Кенже ұлы Төле әкесінің қарашаңырағы Моңғолияны мұраға алды.
Бұл ұлыстардың барлығы Қарақорымдағы ұлы қаған Шыңғысханға бағынатын болды. Алайда, 1227 жылы Таңғыт жорығында жүргенде Шыңғысхан аттан құлап мертігіп, сол науқас меңдеп, көп ұзамай қайтыс болады. Шыңғысханнан бұрын бірнеше ай бұрын үлкен ұлы Жошы да Ұлытауда аң аулап жүріп, қапияда қаза тапқан еді.
Өтеміс қажының айтуынша, Жошы ұлысы өз ішінен Ақ орда, Көк орда, Боз орда болып бөлінген. Осының ішінде Ақ орда құрамына Ұлытау, Сегізағаш, Қаратал, Түйсенген, Женд, Баршыкент жерлері енген. Ақ орданы Жошының үлкен ұлы Орда Ежен (Рашид ад-дин) немесе он үшінші ұлы Тоқай Темір (Әбілғазы баһадүр) ұрпақтары биледі. Қазақ хандығының негізін салушы Керей мен Жәнібек хандар осы Ақ орда хандарының ұрпақтары саналады. Яғни, бүгінгі Қазақ мемлекеттілігі Жошы ұлысы, оның ішінде Ақ орданың негізінде қалыптасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы билік тізгінін қолға алған соң Қазақ мемлекеттілігінің басында тұрған Жошы ханға құрмет көрсетіп, Ұлытауда арнайы кешен тұрғызуға шешім қабылдады. Соңғы жылдары Жошы ханға қатысты бірнеше зерттеу жұмыстары да жарық көрді. Күні кеше Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Кемелұлы Жошы хан кесенесіне зиярат жасады. Осы зиярат барысында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Құран оқуын базбіреулер «Мұсылман емес адамға бата қайырды» деп сан-саққа жүгіртуде.
Жошы хан кім? Оның діни сенімі қандай еді? Шыңғыс ханға қатысты тарихи деректерде ұлы қаған мен ұлдарының тәңір сенімінде болғандығы айтылады. Дегенмен, жақсы жорамалдарға негіз болатын мәліметтер жоқ емес. Мысалы, Жошы хан кесенесінің мұсылманша өрілуі, қабырғадан арабша «ықпал» (бәлкім Шыңғыс балаларының ішінде алғаш исламның дамуына ықпал еткені үшін бұл сөз жазылған) деген жазудың табылуы, Жошы ханның бір баласының есімін Мұхаммед деп қоюы, Алтын Ордада алғаш исламды қабылдаған төртінші ұлы Берекені бала кезінен медресеге беруі, Алтын Орданың негізін қалаған екінші ұлы Бату ханның жасырын исламды қабылдауы (Жузжани), Жошы ханның бір әйелінің мұсылман болуы, ислам тарихшылары Шыңғыс ханды жамандағанмен, керісінше Жошы ханды мақтауы, Шыңғыс ханның исламның төрт негізін (кәлима-шахадат, намаз, ораза, зекет) қабылдап, қажылыққа келгенде оны қабылдау үшін әлі ойланатын (тәфаккур) сыңай (Шәжратул-Түрік) танытуы т.б оң мәліметтер баршылық. Алайда, тарихи жазбаларда Жошы хан исламды қабылдады деген нақты бірде-бір дерек кездеспейді.
Кеше ҚМДБ төрағасы, Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы протоколдың негізінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлымен бірге Ұлытаудағы тарихи кешендерге зиярат жасады. Бірақ, Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақ мемлекеттілігінің басында тұрған дара тұлға – Жошы ханға құрмет көрсеткенімен, Құран бағыштағанда оның атын атаған жоқ. Қарасаңыз, кесененің айналасы бұрын қорым болған. Онда көптеген мұсылмандар жерленген. Наурызбай қажы Тағанұлы Құран оқығанда, сондағы мұсылмандар үшін бата қайырды.
Атам қазақ: «Білмеген у ішеді» – дейді. Мәселенің анық-қанығынан бейхабар базбір бауырлар сын айтамын деп ифтираға бой алдыруда. Ал мұсылман баласы жел сөзге еруден сақ болуы тиіс. Десе де, исламға дейінгі игіліктерге құрмет көрсету сөлекет емес. Тек шариғат бұйырған әдептен асып кетпесек болғаны. ҚМДБ төрағасы, Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы Мемлекет басшысымен бірге Жошы хан кесенесіне осы шариғи әдептің аясында зиярат жасады.
Мұхан ИСАХАН