Қазақ мәдениетінің қалыптасуында ислам дінінің рөлі өте жоғары болды. Халықтың ұлттық діңгегі болып саналатын салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, адамгершілік ұстанымдары, елдік санасы ислам негізінде қалыптасты.
XV ғасырдың екінші жартысында осынау ұлан байтақ жерде бір тіл, бір дін, бір мазхабтың қалыптасуына ислам дінінің тигізген әсері жайлы деректер ауыз әдебиетімен қатар, жазба деректерде де расталады. Халықтың бар танымын, болмысын, табиғатын көрсететін қазақ әдебиетіндегі би-батырлар, әулие-пірлер, ахун-шайхылар, ақын-жырауларға үңілсек, би бойынан даналық, кемеңгерлік, шешендік, тапқырлық, әділдік, мейірімділік, батылдық, тәуекелшілдік сынды жақсы қасиеттерді көреміз. Ал батыр ел басына күн туғанда ел-жұрттың тілеуімен дүниеге келетін, зұлымдықпен, әділетсіздікпен, жауыздықпен жалғыз күресіп жеңетін, ата-ананы, ел-жұртты игілікке жеткізетін аты ұранға айналатын ерекше күш иесі.
Жыршыға, шешенге тән мінез, түйінді кесек-кесек сөз маржандары, кемелдік, бірсөзділік, сабырлылық, пікірге кәмілдік арқылы танылады. Пір, әулие, ахун, сопы, ишандар тек дін уағыздаушы, дін басшысы ғана емес, елге үлгі болған, ғұлама ғалым, мұсылманшылықтың бірнеше сатысын меңгерген, адам жанының білгірі, ерекше қасиет иесі, ту көтерген рухани басшы.
Қазақтың «кемел адам», «шынайы адам» ұғымдары сонау әл-Фарабидің «Бақытты қала тұрғындары» трактатынан, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбектерінен бастау алды. Онда да ел билеушінің, рухани көсемнің бойынан табылу керек жақсы мінездер, қасиеттер насхатталды. Бұл шығармалардағы үгіт-насихат ел билеушілерінің дінге жақын болуына, ислам құндылықтарын терең ұғынуға септігін тигізгені анық. Өйткені бұндай шығармалар тек түріктерде ғана емес, жалпы шығыс әлемінде хандар мен сұлтандарға, билер мен уәзірлерге әдейі арнап жазылған.
Билер мемлекеттің ішкі, сыртқы саясатына, жарғы мен бұйрықтардың жүзеге асырылуына жәрдемші бола білді. Қасым хандық құрған кезде (1511-1523) ел басқару ісінде қолданған «қасқа жолдың» қағидалары өзгерусіз XVII ғасырға дейін жетіп, Есім хандық құрған тұста (1598-1645) «Есімханның ескі жолы» деген жаңа атқа ие болды. Заман өзгерісіне сай әз-Тәуке ханның тұсында (1680-1708) бес тараудан тұратын ежелгі ережелерге тағы да екі тарау қосылып , «Жеті жарғы» деп аталды. Қасымхан өз заңында Құран талаптарына қайшы келмейтін қазақи ғұрып ерекшеліктерін сақтай отырып, заң жинағын жасады. Мысалы, жеті атаға дейін үйленбеу, әмеңгерлік, құдалық жол-жоралғылар, қазылық билік т.б. Ол халықтың көкейінен шыққан әрі ежелден келе жатқан биік дәстүр, әдет-ғұрып «жарғыны» жаңғыртып, күшейте түсті.
Абылайдың жасыл ту (исламға тән) ұстағаны, Қытайдың мәдени, діни ықпалынан сақтану үшін елдік тұрғыда мұсылмандыққа мықты болу керектігін өсиет еткені кейбір көрші халықтардың деректерінде кездеседі. Қазақ жұртшылығы дін насихатында жүрген молда, ишандарға, қиссашыларға, термеші, жыршы, жырауларға үлкен құрметпен қарады. Тіпті олардың материалдық қажеттіліктерін де өздері көтеріп отырды. Әр кез олардың аузынан шариғатты естуге, діни қиссалар мен әңгімелерді тыңдауға құмартты. Ел ішіндегі «Сал-сал», «Кербаланың шөлі», «Дариға қыз», «Құсайын қиссасы», «Зарқұм», «Бозторғай», «Хамра», «Сақыпжамал», «Бозжігіт», «Сейфулмәлік», «Тахир-Зухра», «Жүсіп-Зылиха», «Жұм-Жұма», «Ләйлі-Мәжнүн», «Асылбек-Гүлжахан», «Патшаның ұлы Әбдімәлік» секілді қисса дастандар араб, парсы тілдерінен келген діни немесе махаббат мазмұнында болды. Діни түсінікті арттыруда бұндай қиссалар үлкен рөл атқарған.
Балалар жастайынан «Алла бір, Пайғамбар хақ, Құран шын» дегенді көкейінде жаттап өсті. Ислам дінінің артықшылықтары мен сауаптарын, ел ішінде жарапазан айтумен де насихаттап отырған. Өйткені жарапазан өлеңінің негізгі мазмұны ғибрат, тағылым, әдеп, тәлім, өнеге, адалдық пен мейірімділікке, адамдардың бір-бірімен бауырмалдығына, сыйластығына негізделген. Ауыл-ауыл, үй-үйді аралаған жарапазаншылар ораза ұстап, ауыз бекіткен кісілерді құттықтаған, ізгі тілектер тілеген, мұсылманшылықты берік ұстану жөнінде насихаттық мәні зор өсиеттер айтқан.
Қазақ халқында Құран-кәрімге деген ерекше құрмет сақталды. Ол қазақ мәдениетінің, өмір салтының көркем сипатын аңғартты. «Оларда Құранмен берілген ант ерекше бағаланады» деп жазды орыс авторлары. Той, жиындардың барлығы да діндар қариялардың Құран оқуымен ерекшеленді. Дастарқан басында дәмді батамен бастап, батамен аяқтаудың өзі салтқа сіңісіп кетті.
Қазақ тәрбиесіндегі әдептілік қағидалары Құран мен хадистерден алынып отырды. Хадис пен сүннет мұсылман қоғамының іргетасын қалап, бұл өмірде бағыт-бағдар көрсетуде темірқазық рөлін атқарды. Халық хадистердің мазмұнын мақал-мәтелге айналдырып дәріптеді. Қазақ хандары Орта Азия, Шығыс Түркістан, Парсы, Ауғанстан, Түркия, Қиыр Шығыстағы мұсылман аймақтарымен саяси әрі мәдени тығыз қарым-қатынасты бәсеңдетпеуге талпынып, сыртқы саясатта осыған басымдық берді. Қазақ мемлекеті исламға көп қолдау білдіре отырып, оны қоғамға сіңіруді жақтады. Елімізге негізінен Ислам дінінің имам Ағзам жетекшілігіндегі ханафиттік-сүнниттік бағыт тарады.
Райса АБДКЕРЕЕВА,
мәдениеттанушы