Қазақ елі азаттық алып, шекарамыз ашылғаннан кейін бұрын атын естіп, түр-түсін көрмеген талай жат ағым өкілдері жерімізде қаптап кетті. Соның салдарынан елдің ертеңгі тұтқасы болар дейтін біраз жастарымыз жат сенімнің артынан еріп, сойылын соғып шыға келді. Олардың кейбірі шекара асып, қасиетті соғысқа қатысамыз деп, жат жерде ажал құшты. Бірқатары алған бетінен қайтып, дәстүрлі дін жолына бет бұрды. Ал түрлі қылмыс жасап, құқық бұзған жастар қазір абақтыда жазасын өтеп жатыр.
Осындайда бұл өмірде қателік жасағандардың ертеңі қалай болмақ деген сұрақ туындауы мүмкін. Біз бұған хадис өсиетімен жауап беріп көрсек. Пайғамбарымыз өзінің бір хадисінде: «Адам баласының бәрі – қателесуші. Ал қателесушілердің жақсысы – тәубеге келгені» дейді.
Яғни қателікке ұрынбайтын адам жоқ. Біз бәріміз өмір жолында түрлі қателікке бой алдырамыз. Алайда жаза басқанымызды ұғынып, шынайы тәубе етіп, артынша ізгі бағытқа бұрылып жатсақ, бұдан артық бақыт жоқ.
Түрлі жат ағымның жетегінде кетіп, бірақ кейін өзінің адасқанын түсініп, дәстүрлі дін жолынан табылып жатқан адамдар арамызда баршылық. Олардың да ертеңгі өмірі жарқын боларынан үміт зор. Әрине, шынайы тәубеге келіп жатса…
Тұрар ӘБУОВ