Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада басталған Жас діни лидерлер форумына қатысушыларды ауқымды іс-шараның ашылуымен құттықтады. Президенттің құттықтау сөзін Сенат спикері Мәулен Әшімбаев оқып берді.
“Мен осыдан екі жыл бұрын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде оның жұмысын жандандыратын жаңа тәсілдер ойластыруды ұсынған едім. Бұл бастаманы делегаттар бірауыздан қолдады. Қазір осы бағытта бірқатар игі бастама табысты жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – Жас діни лидерлер форумы.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өркениеттер үндестігін орнықтырып, бейбітшілік пен келісімді дәріптейтін бірегей диалог алаңы саналады. Осы аса маңызды іске жас буын өкілдерін жұмылдыру – уақыт талабы. Себебі, өскелең ұрпақ – қашанда жасампаздық пен жаңашылдықтың жаршысы. Түрлі елде тұратын жастардың дін саласындағы ынтымақтастығы адамзаттың рухани болашағын айқындауға тікелей әсер етеді. Қазір әлемде геосаяси қайшылықтардың салдарынан түрлі сын-атерлер пайда болды. Осы алмағайып кезеңде халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады. Ал, оған жастардың белсене қатысыуы жұмысқа тың серпін берері сөзсіз” делінген Президенттің құттықтауында.