Әлем назарында болу 30 жыл бойы «мақсат» болса да, 2022 жылдың қаһарлы қаңтар күндерінде қазақ еліне әлемнің өзі назарын тікті. Күні кеше елдің алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына күтпеген және күткен үндеуі тағы жаңа талқының тақырыбына айналды.
Әдетте мемлекеттік бас телеарналардан көрсетілетін үндеу бұл жолы әлеуметтік желіде шыға келді. «28 желтоқсаннан бері көрінбеді?», «Қанды қаңтар күндері қайда болды?» деген сынды сауалдар ақпарат құралдары мен ғаламторды жаулап алып, бүкіл әлемге Қазақстанның бұрынғы басшысының қайда екендігі «жұмбаққа» айналған еді. Бұл қанды қаңтардың астарына үңілгендердің болжамын сан-саққа жүгіртті.
ТМД басшыларының Санк-Петербургтегі 28 желтоқсанда өткен бейресми кездесуіне Н. Назарбаевтың баруы әдеттегі жағдай болғанымен, әр қимыл-қозғалысы, көңіл күйіне дейін таспадан тыс қалмаған. Бұл қаңтардың алғашқы оқиға басталған сәттерінде-ақ жұртшылыққа жаңа болжамдар жасауға негіз берді. Яғни денсаулығы сыр берсе де, ақылы тың екендігін алға тартқан сарапшылар Н. Назарбаевтың өзін ұстауына мән беріп, көп нәрседен хабары бар екендігіне күмән келтірмеуде.
Дегенмен экс-президенттің сол сәттен бастап жазықсыздардың қанға бөккен күндері мүлдем көрінбеуі Қазақстандағы бейбіт шерулердің террорлық әрекеттерге ұласуымен қатар шиеленісе түсті. «Билікке талас», «кландар қақтығысы», «Отанға жасалған опасыздық» секілді елден асып, әлемдік талқыға айналған болжамдармен қатар Н. Назарбаевтың қайда жүргені және оның тірі болуына қатысты күмәнді сауалдар көбейді.
Себебі Өзбекстан Президенті И. Каримовтың комаға түскен өмірінің соңғы сәттері көпшіліктің көкейінде. Әсіресе ресейлік басылымдар «Қазақстанда болса, кабинетке отырғызып үндеу жасауға болар еді, демек денсаулығына байланысты Хайнанда» деп сеніммен айтып жатты. Ал ағылшынның «Гардиан» басылымы күні кешеге дейін Н. Назарбаевтың елордада екенін жан-жақты саралай келе, мемлекеттің бұрынғы және қазіргі басшылары арасында «Қазақстан активтері үшін күрес жүруде» деген болжамдармен дәлелдеуге тырысып бақты.
Бәлкім оларға Н. Назарабевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібайдың: «Елбасы Қазақстанның елордасы Нұр-Сұлтан қаласында. Жалған ақпарат таратпауды сұраймыз. Елбасы бірқатар консультативтік кездесулер өткізіп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен тікелей байланыста», – деп 8 қаңтарда Твиттер желісі арқылы тараған ақпаратын жарыса жариялаған жергілікті ақпараттермен негіздес болса керек. Бұл болжамдардың қатарында билік үшін көлеңкелі тартыста Н. Назарабевтың «кепілдікте» отыруы мүмкін деген күмәнмен қатар, қаңтардағы қанды оқиғалардың артында қос елдің президенттері Қ. Тоқаев пен В. Путиннің билік үшін бірігуі деген де топшылауды шындыққа шығаруға ұмтылушылық екені белгілі.
Ал сан түрлі болжамды 16 қаңтарда ресейлік www.mk.ru сайтында жарияланған мақала жаңа арнаға ауыстырды. Осы кезге дейін Назарбаевтар әулетінің жеке ұшақпен Қырғызстан астанасы арқылы Біріккен Араб Әмірліктеріне ұшып кеткендігі айтылып келсе, «Московский комсомолец» журналистері 2-3 қаңтарда Н. Назарбаевтың туған ауылы Шамалғанда болып, ары қарай Бішкек арқылы БАӘ-не ұшқандығын жариялады.
Аталған дүрбелеңге қатысты отандық журналистер аяқ баспаған Қаскелең тарапына сонау Ресей астанасынан қос тілшінің арнайы келіп, шамалғандықтармен тілдесіп, шерулерге қатысты көзқарастарына дейін сұрап, суреттерімен жариялаған мақала сол күні қазақша аударылып беріліп жатты. Яғни Н. Назарбаевтың дін аман, туыстарымен, ауыл қарияларымен кездескеннен кейін араб еліне аттануы 2010 жылы «сәуір төңкерісі» кезінде Қырғыз елінің басшысы Бакиевті құтқарғанға қарымта іспетті деп келтірген. Ал 2-3 қаңтарда көп нерседен хабарсыз елімізде бейбіт шерулер енді басталғаны белгілі.
Ел-жұртты 18 қаңтардағы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Б. Байбектің партияның бейнеконференциясында Тұңғыш Президент жайлы түрлі пікірлердің көбейгенін, кез келген оқиғаның, не тұлғаның өткендегі рөліне бірыңғай оң не болмаса тек қана теріс деп баға беруге болмайтынын айтып, «Біз үшін қазір елдігімізді сақтау, барды ұқсату аса маңызды» деген сөздерімен өткен «жетістіктерді» елдің есіне түсіруге тырысты. Артынша YouTube желісіндегі Елбасының Баспасөз қызметі арнасында тараған Н. Назарбаевтың үндеуі елді тағы екіұдай күйге қалдырды.
30 жыл бойы көгілдір экран төрінен түспеген тұлғаның кездейсоқ ғайып болып, әлеуметтік желіде жасаған алғашқы үндеуінің әр сәтін жіті баққандар көп. Әсіресе, журналистер бейнеүндеудің монтажы өте сапасыз әрі сәтсіз жасалғанына мән берсе, бірі бетіне үңіліп, көңіл күйі, дауыс тембріне дейін талқыға салды. Неше күн бойы жауапсыз келген «Назарбаев қайда?» деген сауалға «Қазақстан астанасындамын» деген жауап айтылса да, үндеудің қайда түсірліргендігіне түрлі болжам айтушылар бар.
Ресейлік телеарналар үндеу жасалған орын елордадағы резиденциясына ұқсас деп топшыласа, әлеуметтік желіде қазақ журналистері кабинеттің тым жұпыны екендігін айтып күмән келтіруде. Бірақ көпшілік күткен «кешірім сұрау» болмады, есесіне «ұйымдасқан экстремистік топтар елімізде жаппай тәртіпсіздік орнатып, террористік шабуыл жасады… лаңкестер егемендігіміз бен елдігімізге, тыныштығымыз бен тұтастығымызға қауіп төндіріп, жұрттың берекесін қашырды…» деп, лаңкестік оқиғаларды ұйымдастырушы кінәлілерді тергеу анықтайтынын атап өтті.
«Террорист» сөзі қолданғанылған қаңтар қасіретінің анық-қанығын түсіне алмай жүргендер аз емес. Қарапайым тұрғындарды айтпағанда, саяси сауаты бар деген топ арасында «қандай террористер, барлығы бейбіт шеруге шыққандар» деп қанды қырғынға билікті тұтастай кінәлаушылар баршылық. Бұл жаны жаралы қоғамда отқа май құйғандай елдің мемлекетке деген сенімін сан-сақа жүгіртуі заңды.
Яғни терроризм – елге үрей туғызу үшін қасақана жасалатын қылмыстық іс-әрекет екенін түсінбестен, бірнеше қалада болған соғысқа бергісіз оқиғалар арасынан қолына автомат ұстаған «Бен Ладен», «талибан» сынды содырларды тауып беруді талап етушілер де бар. Әрине бұл терроризмді тек дінмен байланыстыру тенденциясының көрінісі.
Дегенмен еліміздегі ұйымдасқан террорлық жағдайдың 30 жылдық билікпен, белгілі кланның радикалды діни ағыммен байланыстырған себептері әлеуметтік желілерде ашық жазылуда. Қалай болғанда да шынайы терроризмнің көрінісі тек Алматыда ғана емес, Шымкент, Тараз, Талдықорған, Қызылорда қалаларында орын алды. Қызылордада 5 қаңтарда бейресми деректер бойынша 14 адам оққа ұшып, 60-тан астам жаралыға облыстық ауруханада ота жасалғаны белгілі болған еді. Алаңға шыққан бейбіт шеруді бүлікке айналдырған қарулы топ облыстық әкімдік, сот, прокуратура сынды билік құрылымдарымен қатар, түзеу мекемесіне де қарулы шабуыл жасаған.
Ал Алматыдағы өзге оқиғаларды айтпағанда, 5 қаңтарда қала әкімі Б. Сағынтаев пен Алматы арнасының түсіру тобы террористік шабуылға ұшырағанын оператордың телефонға түсіріп үлгерген 30 секундынан көруге болады. Сол сәтте телеарна көлігінің жүргізушісі оққа ұшып, екі департамент басшысы граната жарқыншағынан ауыр жарақат алып, әкім көлігінің жүргізушісі аяғынан жараланған.
Жалпы жағдайды саралай келе, алғашқы сәттері Алматыдағы бейбіт шерушілерге құқық қорғаушылардың тап беріп жатқан зорлықшыл әрекеттері, бәлкім қой терісін жамылған қорқау қасқырдай арнайы дайындалған топтардың ылаңы ма деген де күдік ұялатады. Себебі қоғамды қысымда ұстап, қорқынышқа батыруды көздеушілердің ештеңеден тайынбайтынына дәлелдер тым көп. Осындай қауіп күшейгендіктен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың лаңкестерге қатысты «оқ ату» бұйрығын «халыққа бағытталған оқ» ретінде теріс түсінік қалыптастыру жақтары мен салдары да қатар бой көтеріп, ел арасында түрлі тарапта талқыға түсуде.
Жаңаөзенде басталған бейбіт шеруге елдің назары ауған шақта оңтүстік аймақтарға тап берген бүлікші топтың дайындығы бір сценаримен өрбіп қана қоймай, әбден дайындалған деген сыртқы сарапшылардың болжамдарына дәлел іздеу артық. Яғни газ құнының нарық бағасына өтетіндігін өткен жылы сөз етіп, қаңтарда бағаның бірден екі есе секіруіне Жаңаөзен халқының наразы болуы да заңды құбылыс. Демек лаңкестік тараптың астыртын пиғылы осы сәтті білгені әрі күткеніне шүбә келтіру мүмкін емес.
Ал ел басқаруда 30 жылдан аса тәжірибесі бар Қауіпсіздік кеңесі төрағасының бұдан бейхабар болуы ертегіге де қисыны келмейді. Сондықтан 5 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қауіпсіздік кеңесі тізгінін өз қолына алуы экс-төрағаның елде болмағандығын нақты айғақтайды. Әрі қазақ еліндегі сын сағаттарда болып жатқан оқиғалар мен ауыс-түйістерге қарап, бейсаналы түрде ескі шекпендерін шеше бастаған қоғамның кейбір белгілі өкілдерін кешегі күтпеген үндеу әрі-сәрі күйге қалдырғандай. 2019 жылдан бері зейнеткер екенін айтса да, Нұрсұлтан Назарбаев алдағы «Нұр-Отан» партиясының төрағалығына Президент Қ. Тоқаевтың сайланатынын сеніммен атап өтуі елдің санасын сан-саққа жүгірткендей.
Иә, ел ішін 30 жылдық үрей мен елес кезіп жүр. Әрбір әрекет қоғамдық заңның шегінен шықса да, өмір заңы мен ақыреттік соттың бары белгілі. Соның бір дәлелі – қаһарлы қаңтарда қазақ халқына жазықсыз қантөгіспен «шах» қойған астыртын топ, «мат» қоя алмады. Себебі өмір заңын ұмытса керек. Енді әлем назарындағы Қазақстанның жаңа қадамы уақыт еншісінде!
Айша КЕҢЕСБАЙ,
дінтанушы-журналист, Нұр-Мүбарак университеті