Қазір ғаламтор, ұялы телефон арқылы «аңқау елге арамза молда» болған алаяқтар көбеймесе, азаяр емес. Күн сайын түр-түсін, айласын өзгертуші алаяқтық жайлы Нұр-Мүбарак университетінің алғашқы курс студенттерін сақтандыру мақсатында арнайы семинар өтті.
«Іскер ісі» әлеуметтік жобасы аясындағы қаржылық сауаттылық жөніндегі семинарда Бибінұр Шералиева алаяқтардың тұрғындарды, қалаға енді келген жастарды құрықтау әдіс-тәсілдеріне тоқталды.
Ал Алматы қаласы Бостандық аудандық прокуратурасының аға прокуроры Бірлік Бірімқұл қаржы алаяқтарына алданған тұрғындар жайлы жан-жақты айта келе, қылмыстық жауапкершілікке тартылу жағдайларын да тарқатып өтті. Ал қаржыгер Заңғар Сәлімбаев қазір ғаламтор арқылы алаяқтық әрекеттердің тамыры қайда жатқанына тоқталып, қаперсіз адамға телефон шалып, психологиялық шабуылмен банктен несие рәсімдеп үлгеретін жағдайларға тоқталды.
Халықтың несиеге батуы, күмәнді инвестициялар, қаржы пирамидалары, онлайн алаяқтардың құрығы тым ұзын болып тұр. Қанша айтылып, сақтандырылып жатса да, алданушылар аз емес. Сондықтан қаржы саласына қатысты сауалдар болса @fingramota.kz әлеуметтік желісі арқылы сауалдар қоюға болады. Бұл ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жобасы.
Студенттер де сауалдарын қойып, көкейлеріндегі түйткілдерге жауаптарын алып жатты. Болашақта қаржылық сауаттылықты дамытуға қатысты семинарлар өткізу жөнінде де ұсыныстар айтылды.
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі