Ауылдасым қалаға келіп жоғарғы оқу орнында оқитын. Жағдайы да жақсы болатын, бір күні менен қарызға ақша сұрады. Осы уақыттан кейін, мен білмейтін бір себептерге байланысты оның қаржылық жағдайы күрт нашарлап кетті. Сол себептен де, менен алған қарыз ақшамды оған зекетім болсын десем бола ма?
Құрметті, отандас бауырым!
Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы ғұламаларының тұжырымдамасында, қарызға берілген ақшаны уақыт өте келе зекеттен дей салуға үзілді-кесілді қарсылық білдірген. Өйткені зекет, сол мезетте берген адамның меншігінде болуы және зекет ниетімен беруі шарт. Сонымен қатар, қарыз ол адамның жеке басына қатысты құқығы, ал зекет мүлкіне қатысты, жеке басының құқығы зекет ретінде жүрмейді.
Осы себептерден де, қарыз беруші, қарыз алған адамға зекетін беруі және қарыз алған адам да осы қаражатпен қарызын өтеуі ең абзалы. Алайда бұл амалды орындау барысында, шарт қосуына рұқсат етілмеген. Яғни, зекетін беретін адам, қарыз алған адамға қарызыңды өтейтін болсаң ғана, саған зекетімді беремін деуі дұрыс емес.
Бұл мәселеде екі тарап та шарт қоспастан зекет беруші зекетін беруге, қарыз алушы да қарызын өтеуге ниет етіп, арасында зекетін алып, артынша қарызын өтейтін болса еш әбестігі жоқ. Сонымен қатар, қарыз алушы «Менің жағдайымды білесің, қарызымды өтеуге шамам жоқ. Маған зекет берсең мен сенен алған қаражатты қайтарар едім» дейтін болса, ол да зекетін беретін болса рұқсат етілген. Бұл жердегі қарыз беруші емес, алушы тарапынан жасалған шарт емес, ұсыныс ретінде қарастырылған.
Қарыздың осындай себептеріне байланысты, қарыз беруші зекетін бергеннен кейін, қарызын қайтар деуіне де болады деген ислам ғұламаларының пікірі бар. Бұған қоса, қарыз алушы тағы да басқасынан қарыз алып қарызын өтеп, берілетін зекетін алып, қайта қарызын өтеуіне де болады деген ұтымды пікірлер айтқандар да бар. Ислам тарихында бұндай оқиғалар қайталанған. Өйткені қолда болмаған қаржыдан зекет берілуі және фиқһтағы меншікте болу шартын толықтыру мақсатында бұл амалды орындаған.
Алайда, ислам фиқһындағы «меншік» сөзін кең мағынады қолдануды ұсынған Ислам зерттеушілері ғылымхал және негізгі діни мағлұматтар әдебиетінде шешу жолдарына қатысты мынадай мәліметтер бар. Қарыз алушыға барып «Сенен алашағымды зекет орнына салдым, өзің енді қарызбын деп қымсынба, қарызбын деп енді уайымдауыңның қажеті жоқ!» деп айтуда зекетті берілген және екінші тараптың да қарызынан құтылған болады.
Ақша беріп оны қайта алып, түсініспеушілік туындатудың қажеті жоқ. Ислам зерттеушілері меншіктеуді зекетте кең мағынада осы мақсатта қолдану екі тараптың да пайдасына шешілуі үшін осы тәсілді қолдануды жөн санаған. Қарыз алушы зекет алудан бас тартатын болса, қарыз берушінің берген бұл қаражатын, зекет ретінде басқа да мұқтаж жандарға беруіне болады.
Исатай Бердалиев
Пайдаланылған әдебиеттер
- Абдуррахман әл-Жазири (ө. 1941), Китабу л-Фиқһ ала л-Мәзһаби л-әрбағи, 349-бет.
- Әбу Бәкір Шәмсу л-Әимма Мухаммад б. Әби Сәхіл Ахмад әс-Серахси (483/1090) әл-Мәбсут, Бәйрут жылы көрсетілмеген, ХХI-том, 86-бет.
- Әбу Абдуллах Шәмсуддин әл-Хаттаб Мухаммад б. Мухаммад б. Абдиррахман әр-Руайна әл-Мағриб (ө. 954/1547), Мәуәхибу л-Жәлил ли шәрхи Мухтасар Халил, Бейрут 1416/1995, V-том, 356-бет.
- Әбу Абдуллах Шәмсуддин әл-Хаттаб Мухаммад б. Мухаммад б. Абдиррахман әр-Руайна әл-Мағриб (ө. 954/1547), Мәуәхибу л-Жәлил ли шәрхи Мухтасар Халил, Бейрут 1416/1995, I-том, 426-бет.