Кеше түрік тілінің жеткілікті деңгейде екенін тексеру мақсатында емтиханға кірдік. Қолымызда қарындаш, өшіргіш, яғни дайын келдік. Сол тестке жауап беріп отырып, біреуін қате жазып, дереу өшіремін деп сатып алған жаңа өшіргішімді іздей бастадым. Сөмкемнен алып, ашып, кетірдім де, ойыма бірден “қарындашпен жазатынымыз қандай жақсы, мың қателессем де, өшіріп, парағымды таза күйінде тапсырамын” деп шүкіршілік еттім.
Шүкіршілік еттім де, Қазақстанда мүлдем олай жасамайтынымыз еске түсті. Қарындашты тек сурет саларда болмаса, басқа жерде қаламды қолданатынымызды ойланып, бір инсайт алдым.
Түркияда қалам өте аз қолданылады, әсіресе білім алушылар арасында. Ал Қазақстанда керісінше.
Құдды біздің қоғамдай!
Бізде қаламмен жазатын болғасын қателесуге қорқасың, емтихан болса, одан да қатты қорқасың. Себебі бәрі мұқият, қатесіз, таза жазылуы керек. Боялған болса, қатең дұрысталғаны көрінсе, сәйкесінше бағаң түседі, яғни шалыс басуға хақың жоқ. Түркияда мүмкіндік молынан, қателестің бе, өшіргішпен өшіре салып, түк болмағандай жаза бер, қанша түзетсең де өз еркің.
Екі қоғам да сондай: Қазақстанның қоғамында қателесу қауіпті, себебі ұят болады, жұрт не дейді, жұрттың бетіне қалай қараймыз дегеннен қатты қорқамыз. Бізге қателесуге болмайды, ҰБТ-дан да құлауға болмайды, құласаң міндетті түрде ақылы оқуың керек, оқымасаң қалып қоясың, жұрт не дейді? Не әскерге кетесің, не колледжге барасың, не байға шығасың. Үйде қалып, бір жыл дайындалып, қайта тапсыру, шет елдің тегін стипендиясын іздестіру деген мүлдем жоқ. Бізде тек бір жол: жұрттың баласы болу, масқара болмау.
Түркияда тобымда 40-тағы 3 баласы бар апай оқиды; универде оқығысы келмеген соң, 3 жыл жұмыс істеп, үйде болып, енді бастап жатқандар бар; 2 жылдық басқа мамандықтағы оқуын тастап, қайтадан бастап жатқандары бар; айта берсем көп.
Бірақ осыларды бір нәрсе біріктіреді: олар – қателерімен, кемшіліктерімен, қоғамдық стандартсыз өзіндік шешімдерімен қабылдайтын қоғам тұлғалары. Сабақта қалам орнына қолданатын қарындашы мен өшіргіші болғаны сияқты, сондай қоғамы да бар. Сөкпейді, қателессе бетіне баспайды, белгілі бір рамка ішіне адамды қоймайды.
Кеше банкоматтан басының терісі жартылай күйіп, шашы өспей қалған қызды көрдім, ешкім оған ала көзімен қарамады, аяп та қарамады, әркім өз жөнінде. Сол қызға қарап “Қазақстанда болса, бұл қыз көшеге не бас киіммен шығады, не мүлдем шықпайды ғой” деп ойладым.
“Біздің қоғам басқа жаққа өзгергенін мен көре аламын ба екен?” деймін кейде. Әлде менің балаларым да ондайды көрмей өте ме екен?
Күләш МҰРАТ,
Түркияның «Сыткы Кочман» университетінің «Түркі тілдері және әдебиеттері» мамандығының магистранты