Астанадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына қарасты «Өндіріс» кентіндегі филиалда «Ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында қайырымдылық іс-шара өтті.
Қайырымдылық шарасы қарттар айлығы аяғында ұйымдастырылып, аға буын өкілдерінің жас ұрпақты тәрбиелеу, оларға ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуді және спортқа баулуды көздеді.
Аталған шараға Байқоңыр ауданының әкімдік өкілдері, ардагерлер кеңесінің ақсақалдары, ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары қатысты.
«Өндіріс» кентінің зейнеткерлері мен спортшы балалары жиналғандарға өз өнерлерін көрсетті. Атап айтқанда, өнерпаз балалар күй шертіп, әннен шашу шашса, спортшы балалар «асық ату», «арқан тарту» сияқты ұлттық ойын түрлерін көрсетті.
Өз кезегінде Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының спортшы ата-әжелері оңалту гимнастикасынан қойылым көрсетіп, концерттік бағдарламасын ұсынды. Сонымен қатар, жиналғандар зейнеткерлердің теннис ойынын, тренажерлік зал, вокал мен бокс үйірмелерінің жұмыстарымен танысты.
Қайырымдылық акциясының соңында белсенді зейнеткерлер мен өнерлі балалар марапатталып, аз қамтылған отбасылардан шыққан 20 балаға сый-сияпат жасалды.
Қайырымдылық шарасын ұйымдастыруға БҰӨСО-ның білікті маманы Ақшолпан Молдашева мен №7 балалар спорт кешенінің әкімшілігі мұрындық болды.
«Біздің Орталықтың филиалы Өндіріс кентінде жыл басынан бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінде 5 үйірмеге 90-нан астам зейнеткер қатысады. Дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің ұжымымен бірлесіп, ауыл тұрғындарын спортқа баулу мақсатында осындай іс-шараларды жиі ұйымдастыруды дәстүрге айналдырдық. Өндіріс кентінің зейнеткерлері мен балаларын тегін спорттық секцияларға шақырамыз. Спорт – денсаулық кепілі», деп сөзін түйіндеді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының маманы Ақшолпан Тәжібекқызы.