Мұсылман әлеміне мәшһүр болған, бесінші ғасырдың мужаддиді болып танылған, фиқһ пен тасаууф ғалымы Әбу Хамид әл-Ғазалидің (р.а) әкесі қарапайым адам болыпты. Өзі ілім жолына түсе алмаса да, ғалымдарға қызмет етуден жалықпаған екен.
Дүниеден өтерде, досына екі баласын аманат етіп кетеді. Досы да кедей адам болып, балаларын асырай алмаған соң, медресеге беріпті. Уақыпқа қараған медреседе тамақ, киім, жатар орын тегін екен. Әбул Хамид әл-Ғазали ( р.а.) інісі екеуі осы медресеге басында тамақ іздеп келіп, кейіннен ілімге деген ынталары оянады.
Осылайша, үмбеттің болашақ ғалымы діни ілімді жақсы меңгеріп, өз заманында Шафиғи мәзһабының өте белгілі ғалымына айналып, Салжұқ дәулетінің уәзірі дәрежесіне көтеріліп, көптеген кітаптар жазған.
Күндердің бір күні Әбул Хамид әл- Ғазали (р.а) ойланып отырып, осыған дейін алған ілімдерін, жазған еңбектерін Алла ризалығы үшін емес, мадақ пен мақтау, мәнсап үшін болған екен деп шешіп, бір күнде бәрін тәрк етіп, ұзақ жылдарға сапарға шығыпты. Сол сапарында Құддыс қаласындағы әл-Ақса мешітіне барады. Ол кезде Құддыс қаласы христиандардың қолында болып, олар әл-Ақсаны атқора етіп қойған кезі болатын.
Әбул Хамид әл-Ғазали (р.а.) сол мешіттен бір бөлме тауып, жер бетінде бір адам болса да, осы мешітте ғибадат етсін деген оймен көп жыл құлшылық жасапты. Құлшылық жасап отырып, соңынан әлемге әйгілі «Ихиа ул улуумуд дин» («Дін ғылымдарын тірілту») деп аталатын төрт томдық еңбек жазады
Сол еңбектің бірінші томы болып саналатын «Китабул илм» («Ілім кітабы») бөлімінде адам баласы Құран, хадис, фиқһ, басқа ілімдер үйренсе де барлық алған ілімдері адамды Аллаға апаруы керек. Егер мақсаты басқа болса, алған ілімдері зая болатынын ескерткен екен.
Баршамызға Алла ризалығы үшін ілім алып, амал етуді нәсіп еткен болсын!
Қуат ҚАБДОЛДА