Ел аумағындағы сталиндік лагерьлер жабылғалы 70 жылдан астам уақыт өткенімен, әлі де сол зұлмат заманға қатысты тың деректер табылып, музейлеріміз жаңа жәдігерлермен толығып жатыр. Ақмола облысындағы «АЛЖИР» мемориалды-музей кешені экскурсиялық-көрме бөлімінің басшысы Раиса Жақсыбаеваның айтуынша, өткен жылы Германияға сапар барысында ол қасіретті «Қарлагта» дүниеге келген Конрад (Николай) Райсс есімді қариямен танысыпты. Ол қазақ жерінде өмір есігін ашқан неміс азаматы мен оның анасы Лотта Райсстың шытырман тағдыры жайында «Egemen Qazaqstan» газетіне алғаш рет әңгімелеп берді.
– Раиса Рамазанқызы, ең алдымен өткен жылғы Германияға барған сапарыңыз және Конрад Райсспен қалай танысқаныңыз жайында айтсаңыз.
– 2022 жылы Германияның Сыртқы істер федералды министрі Анналена Бербок елімізге сапарлап келгенде «АЛЖИР» музейіне арнайы ат басын бұрған еді. Содан өткен жылы қыркүйек айында Берлинде өтетін «Германия тарихындағы ағартушылық жұмыс» атты халықаралық конференцияға қатысу үшін маған шақырту жіберіпті. Міне, осы сапар барысында Конрад Райссты алғаш көріп, таныса келе, оның «Қарлагта» дүниеге келген «жерлесіміз» екенін білдім.
Айтуынша, ол 1946 жылы 28 сәуірде өмір есігін ашыпты. 8 жасына дейін Қазақстанда тұрып, мектепке Қарағандыда барған. 2022 жылы мамыр айында қызы Анямен бірге германиялық туристер делегациясы құрамында елімізге келіп, 68 жыл өткеннен кейін «Қарлагқа» қайтадан табан тірепті. 1954 жылы анасы Лотта Райсс бостандық алып, Германияға баруға рұқсат еткен уақыттан бері бұл оның алғаш келуі. «Қазақстанда 31 мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып өтеді екен. Бұл мен үшін маңызды күн» деген ол, маған анасы Лотта Райсстың «Проклятая и бесправная. Штутгарт – Базель – Москва… 16 лет Гулага и ссылки» атты мемуар кітабын сыйға тартты.
– Ендеше, әңгімемізді анасынан бастайық, ол не үшін қуғынға ұшыраған?
– Конрадтың анасы Лотта Райсс 1933 жылы Штутгарт көркем академиясында оқып жүргенде билік басына фашистер келеді. Содан ол КСРО-ға қашуға бел байлайды. Ол уақытта Лотта немістің белгілі драматургі әрі дәрігері Фридрих Вольфке тұрмысқа шыққан еді, екеуінің Лена есімді қыздары болған. 1934 жылы алдымен Мәскеуге, кейін Еділ бойындағы неміс автономиялық республикасының орталығы Энгельске қоныс аударыпты. Өкінішке қарай, фашистік жүйеден қашқан ол 5 жылдан кейін коммунистік террордың тырнағына ілігетінін білмеген еді.
Энгельсте Лотта неміс мемлекеттік театры мен мемлекеттік баспасында еңбек ете жүріп, жергілікті мәдени өмірге белсене араласады. 1935 жылы журналист Лоренц Лохтгофенге екінші рет тұрмысқа шыққан. Тұтқындалар алдында екеуінің Лариса есімді қыздары өмірге келеді. Жолдасы да өзі секілді коммунизм идеясының көзсіз жақтасы болатын.
1937-1938 жылдардағы «үлкен террордың» тырнағына КСРО-да тұратын Германия азаматтары алғашқылар қатарында іліккен. Соның ішінде Лоренц Лохтгофен Германияда тұратын анасымен хат жазысқаны үшін құрықталып кете барыпты. Көп ұзамай «халық жауының» әйелі ретінде Лотта да алты айлық сәбиі Ларисамен бірге темірторға тоғытылады. Бұл қуғын-сүргіннің бәрі «Германияның бас штабы мен гестапо еліміздегі немістерді пайдалана отырып, маңызды кәсіпорындарда, әсіресе қорғаныс кәсіпорындарында тыңшылық әрі диверсиялық жұмыстарды кең көлемде ұйымдастырып жатыр» деген желеумен жасалған. Мәдениеттанушы Хорст Грошопптың мәліметінше, КСРО-да ұлты неміс коммунистік партия мүшелерінің 70 пайызы осындай айыппен қуғындалған.
– Сонымен Лотта Райсс қанша жылға сотталған және «Қарлагқа» қашан келген?
– 1938 жылдың басында Лотта Райсс алдымен Энгельстегі түрмеде отырады. Бір жарым айдан кейін шақалақ сәбиі Лариса қайтыс болыпты. Тек 8 ай өткеннен кейін оны Қазақстандағы «Қарлагқа» апарған. Бұл кезде ауру мен аштықтан қалжыраған Лоттаның салмағы бар-жоғы 39 килоны құраса керек. Оған революцияға қарсы іс-әрекет жасадың деген жалған айып тағып, бес жарым жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Жаза мерзімі 1943 жылы біткенімен, ол уақытта Германиямен соғыс жүріп жатқандықтан, тағы да белгісіз мерзімге лагерьде қалдырылады. Күн көру үшін жүк тасушы, есепші, құрылысшы, лаборант секілді жұмыстарды атқарып, арасында өз мамандығы бойынша суретші болып та еңбек еткен. Талай қиындықты бастан кешірген. Бруцеллез, безгек індеттеріне шалдыққан, омыртқасына зақым келген, қақаған қыста аяғы үсіп қалып, бірнеше бармағынан айырылған. Лагерьде сырттағы өмірде не болып жатқанын мүлдем білмеген тұтқындар, тіпті Германиямен соғыс басталғанын да естімепті. Сегіз жыл айдауда тентіреген ол күйеуі Лоренц Лохтгофенді қайтыс болды деп ойлайды. Алайда кейін анықталғандай, екеуі де қуғын-сүргіннен аман қалған, бірақ қайта қосылмаған.
– Ұлы Конрад осы «Қарлагта» жүрген кезінде туғаны белгілі. Оның әкесі кім?
– Ұлының дүниеге келген кездегі есімі Николай болатын. Ол 1946 жылы Долинка түрмесінің перзентханасында өмір есігін ашқан. Ал оның әкесі Қабарда князінің ұлы, сотталған Захар Халилов. 1946 жылдың тамыз айында анасы мен ұлы лагерьден босап шыққаннан кейін З.Халиловпен де байланыстары үзілген…
Лагерьден кейін басқа да кеңестік немістер секілді Лотта туған жеріне қайта алмай, ел аумағында «мерзімсіз уақыт айдауда» жүріпті. Кірпіш зауытында, балабақшада, ауруханада еңбек етеді. Тек Сталин өлгеннен кейін ғана 1954 жылдың қазан айында ұлымен бірге Германияға оралуға мүмкіндік алған. Айтпақшы, сол қиын жылдарда оған Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген дәрігері Хафиз Мақажанов қолдау білдіріп отырған деседі.
Бірақ отанына оралған ана мен баланың көрер құқайы мұнымен бітпеген екен. ГДР-де тұратын үйі мен туыстары болмағаны өз алдына, елдің арнайы қызметтері оны үнемі тексеруге алып, кеңес жеріндегі 16 жылға созылған өмірі жайында ешкімге тіс жармауға мәжбүрлейді. Л.Райсс ресми құжаттарда 1938-1954 жылдары кеңес одағының денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы секторларында еңбек еттім деп жалған мәлімет береді. Алғаш келген кезде неміс тілін білмейтін ұлына да оңай болмаған. Анасы оның Николай есімін осы кезде Конрад деп немісшеге ауыстырады. Жоғарыда айтылғандай, ол мектеп табалдырығын Қарағандыда аттап, одан әрі оқуын Германияда жалғастырады.
Лотта Райсс 1963 жылы Саратов облыстық сотынан «қылмыс құрамының болмауына байланысты» ақтау туралы анықтама алған. 16 жылға созылған негізсіз қуғын-сүргін үшін өтемақы да алмаған, тіпті ешкім одан кешірім де сұрамаған. Ол кейінгі өмірінде мектепте орыс тілінен сабақ берген.
– Әңгімеміздің басында Конрад Райсстың сізге өз анасының мемуар кітабын сыйлағаны туралы айттыңыз. Соның тарихына тоқтала кетсеңіз.
– Иә, ГДР-де лагерьдегі өмірі туралы айтуға тыйым салынғандықтан, анасы ұзақ жылдар бойы іштен тынып жүреді де, тек 1990 жылы екі Германия қосылғаннан кейін ғана шындықты айта бастайды. Содан 2002 жылы «Проклятая и бесправная. Штутгарт – Базель – Москва… 16 лет Гулага и ссылки» атты мемуар кітабын жазып бітірген. Конрад Райсстың айтуынша, кітапты басып шығаруға көп уақыт бойы мүмкіндік болмай, тек 2018 жылы ғана жарық көріпті.
Мен елге келген соң сол кітапты ашып қарап отырсам, ішінде анасы мен ұлының қолданған көне заттары, киімдері, т.б. суреттері басылыпты. Содан Конрадқа хабарласып, олардың мән-жайын сұрастырсам, осы жәдігерлердің бәрі өз қолында екенін айтты. Біз оның бәрін музей қорына беруін сұрадық. Ол аз уақыт ойланғаннан кейін келісімін берді. Осылайша, Берлиндегі Қазақстанның консулдығына хабарласып, оның мәдени бөлімінің жетекшісі Дәурен Ақбердиевтің қолғабыс етуі арқасында Конрад Райсстың жеке заттары мен сурет-құжаттарын елге алдырдық. Оның ішінде Лотта Райсстың ұлына арнап тіккен киімдері, салған суреттері, Конрадтың ойнаған ойыншықтары, т.б. бар.
Кеше, 31 мамыр күні «АЛЖИР» музейінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ашылған көрмеге осы заттардың барлығы алғаш рет қойылып, көрермен назарына ұсынылды. Бұлар енді музейіміздің экспонаты ретінде
залымыздан орын алмақ.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ