Қарағанды облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Қарағанды қаласындағы аудандардың бірінде есірткі зертханасын жою бойынша арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Іс-шара барысында саяжай аумағында ақ түсті ұнтақ тәріздес зат толтырылған 6 ағаш бөшке табылды. Бұл зат есірткі жасауға арналған прекурсор екені анықталды. Кейінірек бұл бөшкелер BMW X5 көлігіне тиелгені анықталды. Көлікті 39 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны басқарған. Жүк жеке үйге тасымалданбақ болған кезде көлік тоқтатылды.
Үйді тінту жұмыстары барысында 1 тоннадан астам прекурсор және 10 келіден астам дайын есірткі – альфа-PVP тәркіленді. Сонымен қатар: прекурсорлары бар 6 ағаш бөшке; сұйықтығы бар 35 шыны паллет (олардың құрамында кептіру сатысындағы психотроптық зат болуы мүмкін деген күдік бар); белгісіз сұйықтық құйылған 33 канистр; ұнтақ тәріздес зат салынған 4 қап; сүзгілері бар 5 газтұтқыш; жалпы салмағы шамамен 3 келі болатын альфа-PVP дайын есірткісі салынған 3 вакуумды пакет; есірткі жасауға арналған жабдық (араластырғыштар, вакууматор, желдеткіш жүйесінің металл бөлшектері); таразылар, телефондар, жүйелік блок және заңсыз әрекетке қолданылған басқа да заттар бар.
«Арнайы операция нәтижесінде қара нарыққа 500 мың дозаға жуық синтетикалық есірткінің шығуына тосқауыл қойылды. Сонымен қатар жаңа қатысушыларды, оның ішінде азаматтық тұрғындар арасынан курьерлерді (жасырын қойып кетушілерді) қылмыстық әрекетке тартудың алдын алу мүмкін болды. Қылмыстық іс бойынша күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тәркіленген заттарға сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жалғасып жатыр», делінген полиция хабарламасында.