Қар жауды деп қуанба,
Артынан болар аязы, – депті бұрыңғылар. Ал біз,
Қар жауды деп қуанба,
Айтары бар оныңда, – деп, сәл өзгертіп алдық.
Шынында, қардың бізге айтары не, қандай ғибраты бар?!
«Қар жауды» деп жәй ғана елеусіз өтіп кетпеңіз, себебі қардың өзі біздерге ғибрат боларлық көп нәрсені түсіндіріп бергендей.
Қар – Алланың мейірімі, Оның жер бетіне жаққан бір кремі секілді. Ол крем (қар) жерді ығалдандырып, топырақты жандандырып, нәр береді. Нәрленген жер көктем келе түрлі нығметті өсіріп, өндіріп тіршілік иелеріне тарту етеді. Демек, қар – Алла Тағаланың берген нығметін еске түсіріп, Оған шүкір етуді ұмытпау керектігін еске салады.
Қар – «Саттар», яғни «Жасырушы» болған Алланың өзі жер бетіндегі әртүрлі лас нәрселерді бір пәсте қармен жауып, таза әрі әппақ етіп қояды. Яғни, қар – Ұлы Алла Тағала тәубе еткен пендесінің айыптары мен күнәларын жасырып, жабушы екендігіне бір дәлел бергендей.
Қар үстінде жүргенде құлап қалмау үшін барынша сақтықпен, күш салып жүретініміз бар. Сол секілді, жауған қар – мұсылман пенде дүниеде күнә жасаудан сақтанып, әрбір қадамына абай болып, тақуалықпен өмір сүру қажет дегендей ой салуда.
Жауған қалың қарға сүрініп, жүрісіміз қиындап, суықтан тоңып, ауырып қалмауымыз үшін барынша жағдай жасап, өмірімізді сақтап қаламыз. Осы жолдағы әрбір қиыншылыққа сабыр етуіміз керек. Демек жауған қар сабырлы болуға үйретуде.
Қар өлімді еске салады. Себебі, әппақ қар басқан жер беті – «Әй пенде, күндердің бір күні ақ матаға оралып, ақырет сапарына кететініңді ұмытпай, «әрдайым дайындықта бол!» дегендей хабар береді.
Демек, қар бізге – шүкір етуді, тәубеге келуді, тақуалықпен өмір сүруді, сабырлы болуды, өлімді еске алуды үйретеді екен.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ