А.ж. 21 маусымында Жезқазған қаласының «Жусан» операциясы аясында әскери қақтығыстар аймақтарынан оралған әйелдер арасында «Жусан аруы» байқауы өткізілді. Іс-шараны Қарағанды облысы прокуратурасының тапсырысы бойынша «Adal» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Қазылар алқасы Жезқазған қаласы әкімдігі мен прокуратурасының және «Ақ әжелер» этнографиялық тобының жетекшісінен құралды.
Байқаудың негізгі мақсаты – «Жусан» операциясы бойынша елге оралған әйелдердің арасында дәстүрлі дінімізді, қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін насихаттау. Қазақ әйелінің бойында қоғамның ықпалымен жасырынып қалған инабаттылық пен ибаны, иман мен ілтипаттылықты ояту, ұмытылып қалған ұлттық құндылықтарымызды көрсету және дәріптеу.
Байқау үй тапсырмасы, вокалдық тур, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерін немесе әдет-ғұрыптарын көрсету, сонымен қатар зияткерлік тур сияқты 4 кезеңнен тұрды. Байқауға қатысқан барлық үміткерлер ұлттық киімде болды. Байқау өткізілетін зал киіз үйдің әшекейлерімен безендірілді.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді:
I орын – 80 000 тг. ақшалай сертификат және естелік сыйлық;
II орын – 60 000 тг. ақшалай сертификат және естелік сыйлық;
III орын – 40 000 тг. ақшалай сертификат және естелік сыйлық.
Сонымен қатар, қатысушылар «Үздік костюм» және «Көрермен көзайымы» номинациялары бойынша да марапатталды.
Жалпы, аталған байқауға Қарағанды, Жезқазған және Сәтпаев қалаларынан «Жусан» операциясы аясында елге оралған 12 әйел қатысты.
Аталған іс-шаралар қазақ халқының рухани-адамгершілік әлеуетін, қазақстандық қоғамның толеранттылығының тарихи негіздерін көрсететін терең ұлттық-мәдени және көркемдік дәстүрлерін тағы да айқындайды. Әйелдердің бұл шараларға белсенді қатысуы олардың еліміздің толыққанды азаматтары болуға, қазақстандық қоғамның құндылықтарын, дәстүрлері мен мәдениетін құрметтеуге және қолдауға, белсенді қатысуға бейімділігін растайды.
Іс-шара барысында барлық карантиндік талаптар мен шектеулер сақталды.