Ілгеріде қазіргі Отырар ауданының Түркістан қаласына қарайғы аумағындағы «Қаныттоғай» деп аталатын нулы жерде Бақтияр атты асқан алып балуан өмір сүріпті. Ол жер Сырдария өзенінің оң жағын өрлей біткен қалың жынысты тоғайдың орны.
Міне, ол маңды сол шақтары азуы алты елі жолбарыс мекендеген дейді. Мұны жақсы білетін жергілікті ел сақтанып, бұл нудан айналып өтіп жүреді. Ал білмейтін сырттың адамдары аң патшасының тырнағына ілігіп, ажал тауып жатады.
Бақтияр да алғашқыда көпке еріп, қанша қарулы болса да, «бәлесінен аулақ» деп, ат шаптырым жерден қиырлап өтіп жүреді. Тек ол бұл жермен әкесінің қорықпай, жымын тауып өтіп жүргенін байқайды. Ақырында бұл да кемеліме келіп, «ер-азамат болдым-ау» деген алаулаған шағында сол соқпақты жолмен өтіп көрмек болады.
Содан көзсіз ер атына қамшы басып, тып-тыныш өте берем дегенде жолбарысқа тап болып, ол бұған айбат шеге атылады. Дегенмен, Бақтиярдың қайраты артық түсіп, тоғай шерісін қылышпен қақ айырып шауып тастайды жәнеден түк болмағандай үйіне келіп әкесіне болған жайды айтады:
– Әке, мен жолбарысқа тап болдым.
– Балам, оны не істедің?
– Қақ бөліп шауып тастадым, – дейді бұл. Алайда әкесінің көңілі толмай, ашу шақырады:
– Япырым-ай бұл не сұмдық, адамға мысық шаба ма екен? Мен олай-бұлай жүргенде басын екі бұтының арасына қысып алып, қыбыр етпей жататын. Оның шапқанына қарағанда ұрпағым ұсақталып кеткен екен ғой. Мысықтың айбарын қайтаратын мысың жоқ неткен жансың, – деп қапаланып, бүк түсіп жатып қалған көрінеді.
Міне, осы Бақтиярды бергі уақытта атақты Қажымұқан іздеп барып, өз көзімен көріп, әңгімесін өз аузынан тыңдап қайтқан деседі. Кейіннен Қажекең: «Бақтияр балуан қиын заманда туып, бейнеттің астында өткен адам екен. Әр қабырғасының үлкендігі үш елі. Аяқ-қолының ірілігі менен бес есе. Күші де артық. Әттең бағы жанбаған адам» деп өкініш білдірген екен.
***
Жалпы, бүгінгі таңда отандық БАҚ пен әлеуметтік желілерде осы сарындағы «Адамға мысық шаппайды» деген жалпылама атаумен бір ғана әңгіменің айналыс алып жүргенін ескере кеткен ләзім. Негізінен осынау айтулы балуан туралы толымды деректердің бізге оңтүстік өлкесі тарихының білгірі және шежіре жазушысы Әдһам Шілтерханов арқылы жетіп отырғанын атап өту керек.
Жазушының шығармалары жинағаның ІІІ томында өзінің алыппен кездесуі туралы «Қажымұқан айтты» дейтін мынадай лепес барлығын да келтіре кетелік: «Мен көргенде Бақтияр өзі сырқаттау, киіз үйде көйлексіз, жастыққа сүйеніп отыр екен. Денесінен ет қашқанымен, сүйектері абажадай. Әр қабырғасының жалпақтығы үш елі. Мүшелерінің ірілігіне көзім тоймады. Бұлшық еттері білеу-білеу. Үлкен күш иесі екені айтпай-ақ көрінеді. «Әттең, қиын заманда туылып, бағы жанбай, ауыр бейнеттің астында езіліп өткен ерім-ай» дедім ішімнен. «Оны да мен сияқты жаттықтырып, күреске салар ма еді?» деп ойладым…».
Айта кетейік, жазушының «Қажымұқанның тойы» еңбегінде де Қажымұқанның Шәуілдірде соңғы өткізген тойында осы Бақтиярдың ұлы Сейіттің көкпар шапқаны турасында кеңінен тарқатылған тұсы бар. Әйтсе де тұлғасы төртбақ, шымыр, таудың тобылғысындай жігітті Қажекеңнің «Ал баласы әкесінің қасында қоянның көжегіндей көрінеді ғой» деп қомсынғаны айтылады.
Сонымен, Бақтияр балуан кім? Қай жұрт-рудан? Сой-сүті, сүйегі қайдан? Алайда, мұның дерегін көнекөз отырарлықтар Қоңыраттың Жетімдер руынан шыққан Бөгенбай Ерзақұлы Бақтияр деп атап көрсетіп отыр. Тіптен, жергілікті шежіреші Шериаздан Шорабекұлының «Шежіре (Қоңыраттан Қасайға дейін)» генеологиялық кітабында оның осындағы атышулы бір палуандық күресінің сипаттамасы сақталып қалғанын үлкен олжа деуге болады.
Ол оқиғаның да ұзын-ырғасы былайша өрбіген көрінеді. Олай болса, жетімдерлік шежіре не дейді, соған үңілелік:
…Бөгенбай Ерзақұлы Бақтияр айтулы палуан болған. Ол белдескендерінің бәрін жығып, өзінің жауырыны еш жерге тимепті. Осы еңбегін бағалаған елдің зиялы қариялары палуандығымен ерекше көзге түскен, даңқы жұрттың тіліне тиек болып жүрген Бақтиярға «біреу-міреудің көзі тиіп, тіл-сұққа ұшырай ма, не жазатайым өзінен де зор шығып, сағы сынып, тауы қайтып қала ма» деп, алыстан болжап, қамқорлық жасап, оған «енді күресті қой» деп бата береді екен.
Бір ұлан-асыр тойда палуандар күресі басталғанда дүйім жұрттың ортасына шығып, тұлғасы шөккен нар түйе тәрізді төбедей болып, Божбанның түйе палуаны Назарбек келіп отырады. Айнала қоршаған халық құлаққа ұрған танадай тым-тырыс, ләм-мим деген үн де, дыбыс та жоқ. Ортада отырған таудың бір шоқысындай қара дәуге ешкім беттейтін емес. Айтса-айтқандай Назарбектің сомдалып біткен алпамсадай денесі, оның бойына біткен қара күші нағыз түйе палуанға тән қасиет еді. Ол екі қолын жерге тіреп, еңкейіп тұрып, аузы шымшып тігілген алты-жеті пұт келетін бір қап астықты, тісімен тістеп тұрып, оң иығына да, сол иығына да қағып салады екен. Бір адамға бұдан артық күш біте ме? Осындай қайратты сұңғылаға жанынан түңілген біреу болмаса, кім шыға қойсын. Бәйгені тері теспей алатын түрі бар.
Соны байқаған Тайсоймас Әймен би:
– Бақтияр қайдасың?! – деп айқай салады: – Мына Божбан бәйгені атпай-шаппай алатын болды ғой, намысты қолдан береміз бе, күресіп, жығып алсын да олжаны, – дейді.
– «Күресті қой» деп, бата беріп едіңіздер ғой, – дейді Бақтияр. Сонда қатуланған Әймен би:
– Саған бата бергенде «күреспе» дегеніміз жоқ, «жыға бер» деп, тәңірден тілегеміз, шық кеудеңде жаның болса, – дейді.
Бидің осы сөзі қамшы болған Бақтиярдың да делебесі қозып, табиғатынан бойына біткен қара күші, тауы қайтпаған көңілі көтеріп ала жөнеледі. Дереу жалаңаш етіне шекпен киіп, беліне белбеу байлап, ортаға шыға бергенде Назарбек те алатын бурадай тісін қайрап отыр екен, екі нар кірпік қаққанша айқаса түседі.
Екеуі белдесіп, бірін-бірі бауырына тартқанда екі дәудің жерге түскен күштің салмағынан ба, көңілге, болмаса жұрттың табанының астындағы қара жер солқылдағандай болады. Жанкүйерлердің бәрі жанын шүберекке түйгендей, әліптің артын бағуда. Жараған қос бура таласқандай-ақ, дәупірімдердің бірін-бірі аямай қағысқанынан айдалада тамашалап тұрған жұрттың зәре-құты қашқандай. Жұрт жанын салып, әруақтарға, пірлерге сиынып жатыр. Божбандар жағы – ұраны – «о, Қияқ, қолдай көр» десе, Жетімдердің де өз ұраны – Барқының әруағын тербетеді.
«Тұлпарды ду көтереді» деген сөз бар ғой. Палуандар да әруақтардың атын естігенде қайраты тасып, арқаланып кете ме, Назарбектің сілтегеніне түспей жүрген Бақтияр кезек келді ме, кім білсін, Назарбекті қапсыра құшақтап, жерден көтеріп кетіп, айналдырып барып, бір ұрады да, басынан күш алып, кете береді, сабаз. Бақтиярдың мәртебесі үстем болады. «Содан былай қарай Бақаң күресті үзілді-кесілді тоқтатқан екен» дейді жұрт.
Солай, қазақта мінекейіңіз, қандай алапаты асқан алыптар өткен! Таң қаласың, таңданасың.
Мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ