Жылдың басында болған қаңтар трагедиясы елімізде діни радикализм мен терроризмнің бар екендігін анық көрсетті. Президент айтқан «Жаңа Қазақстан» идеясы деструктивті діни ағымдармен күресудің басқаша бағытын құруға бастама іспетті. Осыған байланысты қоғам белсенділері мен дін саласындағы мамандар өз ойларымен бөлісті. Бұған дейін атқарылған жұмыстардың тиімді және тиімсіз тұстары белгілі болды.
Депутат Айдос Сарым діни радикализммен күресудің тағы бір жолы – дұрыс және әділетті қоғам құра білуде деген болатын. Өйткені, ешбір адам туа сала діни радикал немесе экстремист боламын деген оймен келмейді. Ол өмірде қиындық көреді, сол тығырықтан шығу үшін өмірдің басқа жолдарын іздей бастайды. Оған ешбір туыс, дос қолұшын созбаған кезде әділетсіздікпен «басқа жолмен» күресу керек деген ой келеді.
– Біз олардың осындай пайымға келетін жолдарын азайтуымыз керек. Әділетті қоғам, әділетті сот болуы қажет. Өмірде қиындыққа тап болған адам бойында «Менікі заңды. Сот, прокуратура арқылы әділеттікті орната аламын» деген түсінік қалыптастыру керек. Сонда ғана қоғам өзгереді. Радикал топтарды, олардың басшыларын қоғамның өзі ысырып тастайтын деңгейге жетеміз. Өйткені, діни радикализммен, терроризммен, экстремизммен тек қана полиция, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, армия күшімен күресу мүмкін емес. Радикализм – бұл ең алдымен әділетсіздіктен, қиындықтан, қоғамда орын алып жатқан олқылықтардан туындаған идея. Сондықтан оның салдарымен емес, себебімен күресу қажет. Қоғамның ішіндегі рухани ахуалды, азаматтардың мемлекетке деген көзқарасын өзгерту керек,-дейді Айдос Әміроллаұлы.
Маңғыстау облысының Діндерді зерттеу орталығының мәліметінше, деструктивті діни ағымдарға қарсы алдын-ала зерттелінген теориялық мәліметтердің жетіспеушілігінен жаңа бір әдісті пайдалану қауіп тудыруы мүмкін.
– Деструктивті діни ағымдарға қарсы жұмыстың нәтижелі болуы үшін ең алдымен қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту керек. Себебі қаңтарда болған трагедияның өзі халықтың діни ахуалына қатысты туындаған жоқ. Ол қарапайым адамдардың тұрмысының нашарлауынан басталды. Ал оның салдарында жат діни ағымдар өз мақсаттарын жүзеге асырып жіберді.
Радикализмге қарсы әдістерді өзгерту қаншалықты тиімді болатынын нақты айта алмаймыз. Осы ретте діни институттардың ғылыми негізде талқыланған, социологиялық, психологиялық, теология, құқықтану жағынан кеңінен зерттелген нақты бағыт-бағдары бар тәсіл болуы маңызды.
Шынтуайтында, бұл мекемелердің өзіңде тұрақты мамандардың жетіспеушілігі мәселені толық шешуге қауқары болмайды,-дейді мамандар.
Айдос Сарымның айтуынша, радикализм де – идеяның бір түрі. Бір идеяға тек басқа мықты идеяны қарсы қою арқылы жеңуге болады дейді. Ол балабақшада, мектепте бала тәрбиесінен басталуы тиіс.
– Мәселен, Алматы қаласындағы бір мектепке бардық. «Балалардан дінтану деген пән бар ма?» деп сұрадық. Олар бар екенін айтады. Пәнді діни басқармамен келісе отырып, пайымы дұрыс тарихшылар, дінтанушылар оқытады екен. Яғни, дінтану мәселелерін мектеп қабырғасынан бастап, жоғары оқу орындарында оқыту, телеарналарда, интернетте дұрыс саясат жүргізу арқылы түсіндіру, айту керек. Діни басқарма молдаларының асқан белсенділігі қажет. Қоғамды «дін мәселесін неге жіберіп алдық?» деген сұрақ мазалайды. Қазір аумалы-төкпелі кезең. Соны пайдаланып сырттан идеялардың кіруі, қоғамға дендеуі, әлеуметтік-экономикалық және басқа да қиындықтарды көтере алмаған азаматтарды қатарына қосып алуы сияқты мәселелер орын алды,-дейді депутат.
Ал, дін саласындағы мамандар жастарға діни білімді тек «Дінтану» пәнінің айналасында ғана берумен тоқтамау керек деген тұжырым жасап отыр. Яғни, гуманитарлық пәндерден сабақ беретін ұстаздардың өзіңе дін туралы түсінікті дұрыс қалыптастыру керек дейді. Себебі, намаз оқитын, ұзын көйлек киетін білім алушыларға жат көзқараспен қарау, оны ортадан бөлектету үлкен проблемаға алып келуі мүмкін. Бұл ағымдағы жылға қойып отырған нақты жоспарлардың бірі.
Жылдың басында елімізде болған трагедия дін саласындағы мамандарды да толғандырмай қоймады. Сондай-ақ президенттің «жаңа Қазақстан құру» деген идеясы елдегі діни мәселелерді шешудің оңтайлы және жаңа бағыттағы жоспарлардың қажет екендігін көрсетті.
– Маңғыстау орталығының Діндерді зерттеу орталығы дін заңнамасының аясында деструктивті діни ағым мүшелерінің үйіне, жұмыс орнына бару жұмыстары оң нәтижесін берді. Яғни, экстремизм мен терроризмді насихаттайтын ақпараттардың таралуы азайды. Осы ретте, олардың діни-құқықтық сауаттылығының артып жатқаны байқалады.
Мысалы, мешітке келетін жамағатқа діни радикализм бойынша ақпарат беру жоспарымызда бар. Бірақ мұнда жиналатын мұсылман бауырлар «біз деструктивті ағым жайында емес, рухани азық алу үшін жиналдық» деген уәжі тоқтатуы мүмкін. Сондықтан шешім қабылдамас бұрын, жан-жақты сараланған, зерттеу жұмыстарынан өткен әдіс-тәсіл болуы керек,- дейді мамандар.
Қазір ғаламтор дамыған заманда берілетін мәліметтерді tik-tok, instagram т.б. желілері арқылы қысқа метражды видео, сурет, подкаст көрсету қолға алынды.
Сонымен қатар түсірілген материалдардың қаралымына, пікір білдіруіне, ұнайды батырмасын басуына сараптамалық жұмыстар жасалынады.
Орталық мамандардың айтуынша, бұрын имамдардың жағасынан алып, балағын қайырып кету, діни рәсімдерге кедергі келтіру секілді амалдар жиі орын алған. Қазіргі таңда дін өкілі белгілі заң аясында қорғалатынын көріп, бей-берекет қол сұғушылық орын алуын тоқтатқан.
Дін заңнамасына келетін болсақ, оны күшейту не болмаса өзгертуде сақ болу керек. Себебі халық арасында араңдатушылықты тудырып жіберу қаупі бар. Деструктивті діни ағымдарға қатысты жаңа заң жазу жан-жақты зерттелген, ұлттық қауіпсіздікті алдын алатын, оң нәтижесін беретін үкім болу керек.
Маңғыстау облысы Діндерді зерттеу орталығының айтуынша, қазіргі кезде дін саласындағы мамандар, теологтар жас мамандарды қоспағанда семинар, түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде тек теологияға негізделген ақпарат бермейді, яғни құқықтануға, әлеуметтануға, психологияға қатысты дүниелерді жинақтап толыққанды мәлімет бере алады. Бұл да атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беруде.
Депутат Айдос Сарымның айтуынша, үш ашаршылықтан, екі үлкен дүнижүзілік соғыстан, саяси-қуғын сүргіннен аман қалдық. Енді осы мемлекетімізді дұрыс форматына жеткізуіміз қажет. Қиындық қай заманда да болады. Бірақ, «бұл менің мемлекетім, осы мемлекеттен басқа мемлекеттің керегі жоқ. Ішінде қиындығы бар ма, мен оны өзім түзетуге атсалысамын» деген үлкен ішкі ниетпен кірісу керек. Сонда ғана түзелеміз, сонда ғана діни экстремизм, радикализмді жеңе аламыз.
Балжан ӘБДІРАШ