2022 жылы елімізді дүрліктірген «қанды қаңтар» қасіретінің орын алғанына бір жылдан астам уақыт болды. Бастапқыда бейбіт өтіп, соңы қарулы қақтығысқа ұласқан осынау оқиға кезінде халқымыз үлкен қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығы мен тәуелсіздігіне зор қауіп төніп, бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді.
Бәрімізге белгілі «қаңтар оқиғасы» халықтың әлеуметтік-экономикалық талаптарымен шерулерге шығудан басталып, соңы деструктивті күштердің ықпалымен жаппай тәртіпсіздікке ұласып, әкімшілік және құқық қорғау мекемелерінің ғимараттарына басып кіріп, қару-жарақ дүкендері мен оқ-дәрі қоймаларын, жеке кәсіп иелерінің меншіктерін тонауға әкеп соқты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Осы күндерде жұртымыз Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жете түсінді».
Осыған орай, болашақта елімізде осындай қайғылы жағдайлардың алдын алуға кішкене болсын өз септігімді тигізу мақсатында қарапайым халыққа мұндай жағдайда не істеу керек, қандай шектеулер қойылады деген сұрақтарға жауап беру үшін қауіпсіздік органдарында терроризмге қарсы күрес бағытындағы тәжірибеме сүйене отырып, осы мақаланы жазуды жөн көрдім.
Мақаладағы пікірім БАҚ арқылы қаңтар оқиғасына қатысты жарық көрген мақалаларды зерделей келе түйген жеке ойым және оны ақиқат деп санауға болмайды. Өйткені, қаңтар оқиғасы туралы білетін толық деректерім жоқ және бес жылдан бері зейнеттегі адаммын.
Оқиға ең басында рұқсатсыз бейбіт шеру түрінде өткендіктен, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында тек ішкі істер қызметкерлері ғана тартылған. Себебі, митингілер мен шерулерде жаппай тәртіпсіздіктерге жол бермеу ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның міндетіне кіреді. Әдетте, облыс әкімдіктері жанында облыс әкімдері жетекшілік ететін, жұмысшы органы ретінде жергілікті полиция департаменттері болып табылатын өңірлік штабтар жұмыс жасайды. Митингілер болған жағдайда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында осы өңірлік штабтар тиісті іс-шаралар ұйымдастырып, жүргізеді.
Ал былтырғы «қаңтар оқиғасы» кезінде деструктивті элементтер іске қосылып, жағдайды ушықтырып, жағдай тез өрбіп өршіп кетті де, оған жоғарыда аталған күш-құралдары төтеп бере алмады. Әкімшілік ғимараттардың алдына өз талаптарын қою үшін жиылған шерудің соңы, әкімдіктер мен құқық қорғай органдарының ғимараттарына шабуыл жасауға ұласты.
Еліміздегі заңнама бойынша жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары ғимараттарына қарулы шабуыл жасау – террорлық іс-әрекеттерге жатады. Сол кезде терроризмге қарсы өңірлік жедел штабтар дереу жұмысқа кірісіп, аумақтарда терроризмге қарсы операциялар өтуі керек. Сол аумақта террористік қауіптіліктің «қызыл» деңгейі жарияланып, тиісті күш-құралдарды дабылмен көтеріп, бұқаралық ақпарат және байланыс телекоммуникация құралдары арқылы жергілікті халыққа жеткізу керек еді. Аталған іс-әрекеттерді дер кезінде бастап кеткенде мүмкін сол кездегі азаматтар мен күштік құрылым қызметкерлері арасындағы адам шығынының алдын алуға, болмаса азайтуға мүмкіндік берер еді деген ойдамын.
Терроризмге қарсы өңірлік жедел штабтарға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық орган басшылары жетекшілік ететіні көпшілікке мәлім. Алайда, БАҚ арқылы белгілі болғандай, қазіргі уақытта тергеуге алынған ҰҚК-ның бұрынғы кейбір басшыларының ықпалымен терроризмге қарсы өңірлік жедел штабтары жұмысы уақыт жіберіп, жағдайды ушықтырып барып ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, бірқатар бейбіт тұрғындардың жарақат алып оққа ұшуының басты себептерінің бірі – бұқара халықтың терроризмге қарсы операция туралы хабарсыз екендігінен және оны өткізу барысында қандай шектеулер қойылып, тартылған күштік құрылымдарға ауқымды өкілеттілік берілетіні туралы білмегендіктен деп ойлаймын.
Халқымызда «Болған іс болды, бояуы сіңді» деген сөз бар. Әрине, қаралы қаңтар оқиғасы біз үшін үлкен сабақ болары сөзсіз. Айналдырған үш-төрт күн санамызды дүр сілкіндіріп, қарапайым қағидалар мен мәңгілік құндылықтардың да әлсіз, қорғансыз екенін көрсетті.
Қирағанды орнына келтіруге болады, бұзылғанның орнына жаңасын алуға болады, бірақ кеткен адамды қайта өмірге әкеле алмаймыз ғой. Сол кезде оққа ұшқан, болмаса жарақат алған азаматтардың көбі террорист емес. Олардың арасында терроризмге қарсы операция жүргізу аймағында және тыйым салынған коменданттық сағат уақытында көшеде жүріп, құқық қорғау органдарының талаптарына бағынуы керектігінен хабарсыз болған шығар.
Осыған орай, бұқара халыққа терроризмге қарсы операция туралы кеңірек тоқталғым келеді.
Терроризмге қарсы операция дегеніміз – жауынгерлік және өзге де техниканы, қару мен арнайы құралдарды пайдалана отырып, терроризм актісінің жолын кесу, террористерді зиянсыздандыру, жеке тұлғалар мен ұйымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы арнайы іс-шаралар кешені.
Ондай кезде терроризмге қарсы операцияны жүргізу аймағында:
– азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеруді жүргізуге, ал олар болмаған жағдайда – жеке басын анықтау үшін тұлғаларды ұстауды жүзеге асыруға және оларды ішкі істер органдарына немесе басқа да мемлекеттік органдарға жеткізуге;
– куәгерлердің қатысуынсыз жеке адамды және оның заттары мен көлік құралдарын қарап тексеруге;
– құқық бұзушылықтарды, күштік құрылымдардың заңды талаптарына кедергі келтірген, терроризмге қарсы операцияны жүргізу аймағына рұқсатсыз кірген немесе кіруге әрекет жасаған адамдарды ұстап ішкі істер органдарына жеткізуге;
– жеке адамдарды кейбір объектілерден, жергілікті жерден кетіруге, көлік құралдарының жүруіне шектеуге болмаса тыйым салуға және иесіз түрған көлікті сүйреп әкетуге;
– жедел медициналық жәрдемді қажет ететін адамдарды емдеу мекемелеріне жеткізу, терроризм актісі жасалған жерге бару үшін, сондай-ақ терроризм актісін жасады деп күдік келтірілген адамдардың ізіне түсу және оларды ұстау үшін жеке және заңды тұлғалардың көлік құралдарын пайдалануға;
– адамдардың және күзетілетін тұлғалардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп туғызатын жағдай болса, адам күшін, қызметтік иттерді, әскери және өзге де техниканы, қаруды және арнаулы құралдарды террористерге қарсы ескертусіз қолдануға;
– жеке және заңды тұлғалардың меншігіндегі немесе иелігіндегі және пайдалануындағы тұрғын үйлері мен жер учаскелеріне кедергісіз кіруге (жиырма төрт сағат ішінде прокурорға хабарлауымен) рұқсат берілген.
Адамдардың өмірі мен денсаулығын, материалдық құндылықтарды және объектілерді сақтау, сондай-ақ күш қолданбастан терроризм актісінің жолын кесу мақсатында террористермен келіссөз жүргізуге жол беріледі.
Егер терроризм актісін тоқтатуға келіспеуі себебінен келіссөздер мақсатына қол жеткізілмесе, адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп-қатер төніп тұрса, террористерді жою туралы шешім қабылдануы мүмкін.
Сонымен қатар, нақты қауіп-қатер төніп тұрған кезде террористер келіссөз жүргізілмей және ескертусіз жойылуы мүмкін.
Терроризмге қарсы операция жүргізу кезiнде террористің денсаулығы мен мүлкiне, сондай-ақ өзге де құқықпен қорғалатын мүдделерiне лажсыз зиян келтiруге жол берiледi. Бұл орайда терроризмге қарсы іс-қимылға қатысушы әскери қызметшiлер, мамандар және басқа адамдар терроризмге қарсы операция жүргiзу кезiнде келтiрiлген зиян үшiн немесе террористі жою туралы шешiм қабылдағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықтан босатылады.
Терроризмге қарсы операция жүргізуге қатысушы күштік құрылымдардың қызметкерлері операция басталған кезден бастап аяқталған кезге дейінгі іс-қимылдары қажетті қорғаныс жағдайында немесе аса қажетті жағдайда жасалатын іс-қимыл деп есептеледі.
Сонымен қатар, бұқара халық білуі тиіс, терроризмге қарсы операцияны жүргізу аймағында келесі уақытша шектеулер қолданылуы мүмкін:
– қауіпті өндірістік объектілердің қызметін тоқтата тұру;
– жеке және заңды тұлғаларға байланыс қызметін көрсетуді тоқтата тұру және байланыс желісі мен құралдарын қолдануды шектеу;
– қоғамдық тәртіптің, мемлекеттік күзетке жататын объектілердің, халықтың тұрмыс-тіршілігін және көліктердің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің, сондай-ақ ерекше материалдық, тарихи, ғылыми, көркем немесе мәдени құндылығы бар объектілердің күзетілуін күшейту;
– терроризмге қарсы операция жүргізілетін аймақта тұратын жеке адамдарды уақытша көшіру;
– қарумен, оқ-дәрілермен, жарылғыш заттармен, күшті әсер ететін химиялық және улы заттармен сауданы шектеу немесе оған тыйым салу, дәрілік, есірткілік, психотроптық заттар мен прекурсорлар, этил спирті мен алкогольді өнімдер айналымының айрықша режимін орнату;
– күзет қызметін тоқтата тұру.
Тағы ескертетін жағдай, Қазақстан Республикасының барлық аумақтарында немесе өңірлері мен елді мекендерінде террористік қауіптіліктің мынадай деңгейлері белгіленуі мүмкін:
бірқалыпты («сары») – терроризм актісі жасалуының нақты мүмкіндігі туралы растауды талап ететін ақпарат болған кезде;
жоғары («қызғылт сары») – терроризм актісі жасалуының нақты мүмкіндігі туралы расталған ақпарат болған кезде;
шекті («қызыл») – жасалған терроризм актісі туралы ақпарат, сондай-ақ терроризм актісін қайталап жасау немесе террористік тұрғыдан осал объектілерге бір мезгілде террористік шабуылдар жасау мүмкіндігі туралы расталған ақпарат болған кезде.
Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің және елді мекендерінің аумағында террористік қауіптіліктің бірқалыпты («сары») және жоғары («қызғылт сары») деңгейлерін белгілеу, өзгерту немесе алып тастау туралы шешімді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті аумақтық органының бастығы облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімімен келісе отырып дереу қабылдайды және ол бұқара ақпарат және байланыс телекоммуникация құралдары арқылы жергілікті халыққа жеткізіледі.
Былтырғы қаңтар оқиғасы кезінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе байланыс құралдарымызға кейбір аумақтарда терроризм актісінің қандайда бір қауіптілік деңгейі белгіленген деген хабарламалар келгені секілді, ақпарат және байланыс телекоммуникация құралдары арқылы сіздің аймақта, яки елді мекенде терроризмге қарсы операция жүргізіліп жатқандығы туралы, террористік қауіптіліктің жоғары («қызғылт сары») және шекті («қызыл») деңгейлері белгіленді деген ақпарат түскен бетте, жоғарыда аталған шектеулер қойылатындығы және оған тартылған күштік құрылымдарға үлкен өкілеттілік берілгендігін ескеріп, құқық қорғау органдарының талаптарын бұлжытпай орындауымыз қажет.
Әлемдегі қай елді алсақ та, тіпті демократиялық ұстанымдары дамыған батыс елдерінің өзінде мемлекет басына қауіп түсетін жағдай орын алса, осындай тәртіппен әрекет жасайды.
Шын мәнінде, біз осы оқиғаны әрдайым санада сақтап, еңселі елдігіміз бен бекем бірлігімізді арттыруымыз керек. Енді тарихымызда мұндай қасіретті күндердің ешқашан қайталанбауы жолында ұлт болып ұйысып, мемлекеттілігімізді нығайтуымыз қажет.
Батырбек АТАМҚҰЛОВ,
Жамбыл облыстық Дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы,
ұлттық қауіпсіздік комитетінің запастағы полковнигі