Сұрақ: Жақын туысымның әлеуметтік жағдайы төмен. Оған қайырымылық жасайтын болсам, садақа болып есептеле ме?
Жауап: Негізі қайырымдылық табиғатынан ізгі амалға жатады. Сондықтан мұсылман жақсылықты жақындарынан бастауы тиіс. Әдетте қайырымдылық жасар уақытта «садақа» деп ниет етеді.
Адам өзі дәулетті болып, кедей ағайындарына қарайласпай немесе тәкаппарланып, оларға жоғарыдан қарап, туыстық байланысты үзсе, онда ол пайғамбардың айтқан жәннатқа кірмейтін адамдардың қатарынан саналады. Тіпті бұл адамның басқаларға жасаған ізгі амалдары да оған сауап бере қоймас.
Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Кімнің мұқтаж туыстары болар тұрып, оларға қарсапай басқалаға қайырымдылық қылса, Алла соның садақасын қабыл алмайды және қиямет күні оған назарын да салмайды», – деп айтқан (Табарани).
Менің ағайын-туыстарыма беретін малым жоқ, шамасы бұл хадистер дәулетті мұсылмандар үшін айтылған деп түсіну – қате. Ислам садақаны тек қаржылай емес, қандайда бір ізгі амалмен де садақа беруге шақырады. Ол бұл амалды әуелі жақындарынан бастауы қажет: Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.):
«Құдайдың жолына, кедейлерге және жақындарыңа жасаған садақадан өзіңнің туғандарыңа (отбасыңа) жұмсаған қаражаттың сауабы әлдеқайда мол болмақ», – деген хадисін келтіреді (Мүслим).
Мұсылман адам әрқашан жақсылықты бірінші кезекте өз отбасынан, бауырларынан, ағайын-туыстарынан бастауы тиіс. Бұлардан артық қалған жағдайда басқа да мұқтаждарға береді. Себебі, Алла тағала:
«Туған-туысқанға, пақыр-міскінге, ғарып-жолаушыларға (садақа) ақысын беріңдер, (басқаға) босқа шашылмаңдар», – деп айтқан (Исра: 26).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ